«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЖАРҚЫН АЗАМАТ ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егемендікті алу қаншалықты қиын болса, сол қолға қонған бақ құсын ұшырып алмай, ұстап қа­лу да оңай болмағаны белгілі. Экономикалық қиындықтар бүйір­ден қысқан тұста жергілікті жерлердегі мемлекетшіл азаматтардың арқасында талай тығырықтан шыға білдік. Мағжан Қалиасқарұлы – азаттықты қызғыштан қорыған жандардың бірі. Мен ол кісімен алғаш рет 1967 жылы таныстым. Ағаның Бескөл аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі және ауданның іргетасын қалау­шыларының бірі екенін кейін білдім. Ә дегеннен аңғарғаным, аузын ашса, көмекейі көрінетін ақ­жарқын, ақкөңіл, үлкенге – ізет, кішіге құрмет көрсете білетін азамат екен. Тағы бірде, ұмытпасам, қаңтар айының соңғы күндерінің бірі болуы керек, Бескөл аудандық партия комитетінің есеп беру-сайлау конференциясында жолықтырдым. Жиын түнгі сағат екіге дейін жалғасты. Жүздері шаршаңқы делегаттар тарай бастады. Осы кезде жаныма келген Мәкең: “Жеті түнде қайда барасың? Смирновқа бар­ғанша таң да атады. Одан да менімен бірге үйге жүр”, – деп қолқа салды. Ол кезде расында да қонатын не пәтер, не қонақүй жоқ болатын. Смирновтан күнбе-күн қатынап, қызмет атқарып жүрген кезім. Түн ортасында отбасыңыздың тынышын алмайын деген сыпайылығыма қарамастан үйіне ертіп келді.

Манап жеңгей лезде шай қойып, тез арада дастарқан үстін жайнатып жіберді. Емен-жарқын әңгімелесіп отырғанымызда ұйқы­дан оянған сәбидің дауысы естілді. Сөйтсем, апайдың емшек­тегі баласы екен. Мені ерекше тәнті еткені, отбасының ынтымақ-бірлігі, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы, өсіп-өніп келе жатқан ұрпақтарына деген әкелік, аналық мейірімі. Адами шынайы қасиеттеріне кейін талай рет куә болдым. Жібек мінезді ақын апайдың ер азаматтың мәртебесін көтеру өне-гесіне әлі күнге дейін тәнтімін.

Осы шаңырақта дүние есігін іңгәлап ашқан үш ұл мен бір қыз ержетіп, білім алып, бүгінде Қазақстанымыздың өркендеуіне үлес қосып жүрген сыйлы азаматтар қатарында. Ата-анасының атына кір келтірмей жүргендері қуантады.

Мағжан аға көп жыл ұстаздық қызмет атқарды, мектеп директоры болды. Бескөл ауданы құ­рылған кезде өзіне сеніп тапсырылған күрделі әрі жауапкершілігі мол қызметтерді отыз жылға жуық абыройлы атқарып, зейнетке шықты. Зейнетте жүрсе де, қоғамдық өмірден қол үзген емес. Көп жылдық қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан еске­русіз қалған жоқ. Лайықты марапаттардың бірі – Қызылжар ауданының құрметті азаматы атануы. Мәкең Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі – Құлсары батырдың жетінші ұрпағы ретінде оның атында қайырымдылық қорын құрып, Жалғызтаудың батыс беткейінде, таудың сілемі тәріздес үстірттің үстінде, Бұлақ ауылының түстігінде жерленген бабасының басына мазар, еңселі кесене тұрғызуға, оның тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілуіне белсене атсалысты. Ақ мәрмәр тастар Ақтаудан әкелінді. Өзі 1958 жылы әкесінің әулиенің басына құлпытас орнатып, айналасын қоршағаны жайлы айтып отыратын. Ел қорғаған ер есімін ұлықтау мақсатымен батырлығы, қаhармандығы, емшілігі, көріпкелдігі жөнінде танымдық мақалалар жазды.

Елге сыйлы, жеке басының қадір-қасиеті мол, отбасының ұйтқысы болып отырған бала­лардың әкесі, немере-шөберелердің қадірлі атасы Мағжан ағайымызды бақилық сапарға шығарып салғалы да қырық күн болып қалыпты. Жаны жәннат­та, топырағы торқа болғай!

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp