«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОДАНДЫҚТАН — БОСТАНДЫҚҚА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес Одағы шаңырағының ортасына түскеніне де, міне отыз жыл болып қалыпты. Одан әрі өмір сүре бергенде қа­зақ халқы тілінен де, дінінен де, ділінен де мүлде айрылар еді-ау. Шүкіршілік, енді ол кезең тарих қойнауына енді, келмеске кетті. Ата-бабаларымыз армандаған егемен ел болдық. Ең бастысы, бодандықтан бостандыққа жеттік. Азаттық таңы атқан елең-алаң кезеңде Қызылжар өңірінде орын алған талас-тартысты оқиғаларға қысқаша шолу жасап көрсек.

Облыстағы мемлекет құраушы ұлт құрамы аз еді. Олай болатыны, сонау патша өкіметі тұсында Ресей­дің орталық аумағында аштыққа ұшыраған шаруаларды біздің өңірге көшірді, Ұлы Отан соғысы жылдарында жер аударылғандар бар, тың игеру кезінде үлкен одақтың түпкір-түпкірінен комсомолдық жол­дамамен келген жастар мен түрмеден босағандардың есебінен өзге ұлттың саны артып, қандастарымыздың үлес-салмағы күрт кеміп кеткен еді. Міне, осындай жағдайды кейбір саясаткерсымақтар өздерінің баспайдасына асырғысы келді. Мұндай жағдай, әсіресе 1992-94 жылдары белең алған еді. Сонау Ленинградтан (қазіргі Санкт-Петербург), Свердловскіден (қазіргі Са­мара), Челябіден, Түменнен, Ом­бы­дан, Қорғаннан, сондай-ақ көрші елдің біздің облыспен шекаралас ор­наласқан аудандарынан кезек-кезегімен келген арандатушылар облыстың тұрғындарын Қазақстан­ның солтүстік өңірін Ресейге беруді қолдауға шақырып, үгіт жүргізді, ми­тингілер, жабық басқосулар, жина­лыстар ұйымдастырды. Мен сол жыл­дары облыстық теледидарда қызмет істегендіктен осындай жиын­дардың біразына қатысып, олардың жымысқы әрекеттерін әшкерлеп отырдым. Петропавл қала­сының көшелерінде әскери форма киген казактар бізді ондай жасырын жиындарға қатыстырмауға, өтіп жатқан жерлеріне енгізбеуге тырысып бақты.

Арандатушылар көршілес Омбы облысының Есілкөл қаласында бастырған “Глас”, сондай-ақ “Воз­несенский проспект” басылымда­рын пайдаланып бақты. “Глас” газе­тінің шығарушылары – тәуелсіз кә­сіп­одақтар орталығынан жетекші Ва­лентин Быков пен Петропавл пе­дагогика институтының оқытушысы Валерий Любушин болатын. Омбы теледидарының “Курсив” бағдарламасы Қызылжар өңірін қазақ елінен бөліп алуға әрекет жасаушыларға қосылып, Петропавлда ұлтаралық араздық тудырып жүрген журна­лист Борис Супрунюктің, қала ішінде әскери киім киіп, қару асы­нып жүрген казактардың байба­ламын пайдалана отырып, Мәскеу­дегі орталық теледидардан бірнеше хабар берді. Омбы теледидары арқылы сөз алған орыс жазушысы, саяси көзқарасы үшін елінен қуылған Александр Солженицын де ка­зак­тардың қолтығына су бүрікті.

Бұларға облыстық “Қазақ тілі” қо­ғамының үні ретінде 1990 жылдан шыққан “Қызылжар” газеті тойтарыс беріп отырды. Басылымды журна­листер Өмір Есқали, Құрман Рама­за­нов, тіл маманы Асқар Сағын­ды­қов жүйелі түрде шығарып, тара­лымын бес мың данаға дейін жет­кізген болатын. Сол кездегі “Комсо­мол” тігін фабрикасының қызметке­рі Ақан Бағанов газет материалда­рының заңға сәйкес келуін үнемі қадағалап, қажет болғанда әр ме­кемеге хат жазып беріп, көмектесіп жүрді. Өңіріміздің ұлтжанды, еліне, жеріне жаны ашитын азаматтары осы газетке қазақ және орыс тілде­рінде мақалалар жазып, облыс тұр­ғындарын татулыққа, бірлікке ша­қы­­рып, “шолақ белсенділердің” аран­да­тушылық әрекеттеріне қар­сы­лық білдірді. Бұл істе, әсіресе журналистер Өмір Есқали, Зейнол­ла Әкімжанов, Мәлік Мұқанов, “Қа­зақ тілі” қоғамының әр жылғы төра­ғалары, тарих ғылымының канди­да­ты Қабдөш Қалиев, ақын Мүтал­лап Қанғожин, Қосыл Омаров, жур­налист Михаил Репкин, тарих ғылы­мының кандидаты Василий Черни­ков және басқалары белсенділік танытты.

Саясаткерсымақтардың жы­мыс­қы әрекеттері жергілікті тұрғын­дар тарапынан қолдау табудың ор­нына қарсылыққа тап болғасын енді қала көшелеріндегі ескерткіштерге тиісе бастады. Қарт коммунистердің күзет ұйымдастырғанына қара­мас­тан, бұрынғы облыстық партия комитеті ғимараты алдындағы Ле­нин ескерткішін түнде әртүрлі бояу­лармен бояп кететін. Ертеңіне оны­сын қазақтардан көретін. Билік ба­сындағылар бір түнде ескерткішті оры­нынан алғызып, демалыс және мәдениет саябағы ішіне апарып ор­наттыруға мәжбүр болды. Вокзал маңындағы революционер Вале­риан Куйбышевтің ескерткішіне де орын сол жерден бұйырды. О, құбылмалы заман-ай! Кеңес Одағы ке­зінде жыл сайын Валериан Куйбы­шевтің туған күні – 6 маусымда, оның Көкшетауда тұратын қарын­дасы Петропавлға шақырылып, кездесулер, түрлі патриоттық ша­ралар өткізілетін. Кеше ғана “күн кө­сем” деп жүрген Ленин идеялары енді керексіз болып қалды.

“Төртеу түгел болса төбедегі ке­леді” демекші, жергілікті тұрғындар қиын-қыстау кезеңде ауызбірлік таныта білді. Арақты сіміріп алып, өзін казактардың атаманы сезініп, қоғамдық тәртіпті бұзып, бірнеше рет айықтырғышқа түскен Влади­мир Ачкасов та, өзінің оғаш әрекет­тері арқылы “Петропавлдық Жири­новский” атанған Борис Супрунюк те арам пиғылдарынан ештеңе шықпағасын Ресейге қашып тынды. Бірақ, олардың бастаған істерін жалғастырушылар біразға дейін арандатушылық әрекеттерін тоқтатпады.

Енді не істеу керек? Осы арада өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін көршілермен ынтымақтас­тық қарым-қатынас орнату қажетті­лігі туындады. Сол мақсатпен Қы­зыл­жар өңіріне Омбы, Түмен, Қор­ған облыстарының губернаторлары шақырылап, саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынас шарттары жасалды, қала күндеріне, Наурыз, Тәуелсіздік мерекелеріне қатысты­рылып, оларға қазақ халқының қонақжайлығы, бейбітшіліксүйгіш пейілі паш етілді.

Өңірдегі саяси ахуалды тұрақ­тан­дыруда жергілікті баспасөз құралдарының да ықпалы ерекше бол­ды. Радио мен теледидарда ұйымдастырылған хабарларда, га­зет беттерінде жариялаған зиялы қау­ым өкілдерінің мақалаларында тұрғындарды ауызбірлікке, “басқа түскен баспақшыл” дегендей, еге­мендік алған алғашқы жылдардағы қиындықтарға “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара” отырып төтеп беруге шақырды.

Менің облыстық телерадиокомпанияда қызмет істеген жылдарым дәл осындай таршылық кезеңге тура келді. Бір жылдары қант тапшылығы байқалды, бағасы да ас­пандап шыға келді. Осы тұста об­лыс оңтүстіктегі қант зауыттарымен келісім жасап, оларды қант қызылшасымен қамтамасыз етуді мойнына алды. Кеңшарлар қызылша өсі­руді қолға алды. Біздің жақта мұн­дай дақылды өсіретін техника жоқ, сондықтан арамшөптерді жұлғандар ақысы есебінде күзде қант алатын болып келісті.

Өтпелі кезеңдегі тағы бір қиыншылық – жылу мен жарық мәселесі. Облыстың елді мекендерінде күн ұясына қонса көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнайтын. Қызылжардың көпқабатты үйлеріне жылу дұ­рыс берілмеді. Электр қуатының әрі газдың болмауы қала тұрғындарының жағдайын барған сайын қиындата түсті. Көпқабатты үйлерде тұ­ратындар есік алдына шығып, әр жерден кірпіш жинап, оларды ошақ ретінде пайдаланып, тамақ пісіретін, шәй қоятын. Қалада оған отын табу да қиын еді. Тұтынушылар ақысын дер кезінде төлемегендіктен Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығы Екібастұздан қажетті мөлшерде көмір ала-алмай қалды. Оның үстіне ақысы уақытында төленбеген соң вагондар берілмеді. “Қайда барсаң Қорқыттың көрі” деген осы болар?.

Облыс басшылығы тығырықтан шығудың бірнеше жолын іздестірді. Соның бірі – №2 жылу-электр орталығының тендерге қойылуы. Тендерді Ресейдің “Росгосэнерго” бірлескен кәсіпорыны жеңіп алды. Енді жағдай түзелер деп қуанған едік. Бірақ одан да қайыр болмады. Артынан белгілі болғандай, кеңсесі Түменде орналасқан кәсіпорын бір­ден шарт жасаспай, екі апта уақыт сұраса керек. Петропавлдық энер­гетиктердің жағдайымен жақыны­рақ танысып, құрал-жабдықтары тозып, титығы жеткен кәсіпорынды жандандыру үшін қыруар қаржы керектігін анықтаннан кейін уәделерінен айнып кеткен.

Осындай жағдайдан кейін басқа инвестор іздеуге тура келді. Облыс басшылығы америкалық “Аксесс-Индастриаз” компаниясын тартты. 1997 жылғы 23 желтоқсанда өткізілген тендерде осы алпауыт кә­сіпорын жеңіске жетіп, №2 жылу-электр орталығын сатып алды. Кәсіпорынның бу қазандықтары мен турбиналары жөнделіп, бірінен соң бірі іске қосыла бастады. Екібастұздан көмір жеткізу жолға қойылды. Қажетті мөлшерде мазут сатып алынды. Соның арқасында Қызылжарға жылу, ал облысқа тұтастай электр қуатын беру жақсара түсті.

Үйлеріне жарық пен жылу беріле бастағанда халықтың қуанышында шек болған жоқ. Қиын күндерде тамақ пісіріп, үйге жарық беріп отырған қытайдың білте шамдарын енді пайдаланбайтын болды. Сондай шамның бірі гаражымда әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Сол кезде ауыл-селоларға әдейілеп іссапарға шығып, үйлердің терезесінен түнде жарқырап тұрған жарықты, теледидар көріп отырған адамдарды бейнетаспаға түсіріп, ерекше бір жаңалық ретінде көрсеткен едік.

Көппен бірге көрген сол қиындықтар артта қалды. Шүкіршілік, қазір үйіміз жылы, жарық, газ бар, жағдайымыз жаман емес. Бастысы – еліміз азат. Бодандықтан бостандыққа қарай қадам жасау оңайға соқпады, сол бейнеттің зейнетін бүгін анық көріп отырмыз.

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp