«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖЫЛНАМАСЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінде 2021 жылы жарияланған материалдар негізінде құрастырылған “Жасампаздық жылнамасы” атты кітаптың тұсауы кесілді. Айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, зиялы қауым өкілдері, басылымның ардагерлері мен журналистері, кітапхана қызметкерлері, жас қаламгерлер қатысты.

Шара барысында облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай жиналған қауымды Ұлы дала төсінде көк байрағы желбіреген, айбыны асқақ, берекесі бекем, бірлігі жарасқан еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі белесімен құттықтап, айтулы күнге тарту ретінде шығармашылық ұжым бірнеше жобаны жүзеге асырғанын жеткізді. Соның бірі – “Жасампаздық жылнамасы”.

Тәуелсіздік алу бар да, оны сақтап қалу бір басқа. Тағдыршешті кезеңде барлық бағыттарда жаңа биік асуларды бағындыруға жұдырықтай жұмылған өңір жұртшылығының да қажырлы еңбегі аз емес. Алматыдағы “Алтын кітап” баспасынан 1000 данамен жарық көрген туындының шығарылуына атсалысқан қарт басылым “Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжымы үшін бұл үлкен еңбектің жемісі екенін айтып өту қажет. Ал кітаптың жарық көруіне облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Ғани Нығыметов сынды ұлттық рухты ұлықтаған азаматтар қаржылай қолдау көрсеткенін ерекше атап өткен жөн.

“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, журналист Жарасбай Сүлейменов бастаған шығармашылық ұжымның бірлесе шығарған құнды еңбегі даңқты жылдар белесінен сыр шертеді. Еліміздің “Солтүстік қақпасы” атанған бұл өңірдің айшықты белестері, жаңа дәуірдегі бүгінгі тыныс-тіршілігі, жалпы саяси-экономикалық, әлеуметтік салаларда қол жеткізген толағай табыстары аталмыш жинаққа арқау болды. Жаңа кітаптың тұсаукесерінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өңір жұртшылығы үшін бұл жинақтың жарыққа шығуы маңызды оқиға екенін атап өтті.

– Ата-бабамызға арман болған азаттық таңының атқанына 30 жыл толып отыр. Баршаңызды еліміздің ең қастерлі мерекесімен құттықтаймын. Отыз жыл тарих үшін қас-қағым сәт, алайда еліміз осынау үш ондық ішінде әлемнің кейбір елдері жете алмаған белестерді бағындырды. Мереке қарсаңында әрбір азамат, әр ұжым, мекеме өз-өзіне 30 жылда не тындырдым, қандай белестерді бағындырдым деген сұрақ қояды. Соның ішінде “Жасампаздық жылнамасы” атты кітап облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің еліміздің Тәуелсіздігіне арнаған үлкен тартуы, – дей келе, Ғани Сақтағанұлы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан мерейлі мерекеге орай өңірімізді әлеуметтік-экономикалық дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, журналист Жарасбай Сүлейменов пен “Soltüstık Qazaqstan” газеті бас редакторының орынбасары Сағындық Мауғазинге облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды.

Салтанатты шарада Ғани Нығыметов, Жарасбай Сүлейменов пен газет ардагері Амандық Жантеміров сиясы кеппеген жаңа кітаптың тұсауын кесті.

– Тәуелсіздікке тарту ретінде ұсынылған “Жасампаздық жылнамасы” – жас ұрпаққа үлгі болатын, тәрбиелік, тағылымдық мәні мен маңызы зор туынды. Осыдан отыз жыл бұрын әр адамның бойында ертеңгі күнге деген күмән болды. Бүгінде ғасырға татитын ауқымды жұмыс атқарылды. Құдайға шүкір, халқымыздың ынтымақ-бірлігінің арқасында осындай жарқын белеске қол жеткізіп отырмыз, – деді облыстың құрметті азаматы Тілек Әйтімұлы.

Жиында “Soltüstık Qazaqstan” газеті ұйымдастырған жас ақындар мүшәйрасының қорытындысы шығарылды. Диас Аяған бірінші, Абылайхан Әшімхан екінші, Дәулет Құрмаш үшінші орынға ие болды. Жеңімпаздар дипломмен және ақшалай сыйақымен марапатталса, ынталандыру сыйлығын Сержан Нұрдолқынұлы, Еркін Ахмет және Жарқанат Қинаухан алды. Мүшәйраның жеңімпазы Диас Аяған Тәуелсіздікке арнау өлең оқып, жиналғандарды мерейлендірді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp