«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Желтоқсан боздақтары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Жарлығымен 17 желтоқсан елімізде Демократиялық жаңару күні болып белгіленгені мәлім. Осыдан тура 35 жыл бұрын Алматыда отаршыл жүйенің өктемдігіне қарсы наразылығын бейбіт түрде білдірген қазақтың өрімдей ұл-қыздарының шеруі қызыл қанға боялып, қатыгез күшпен аяусыз басылған болатын.

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында егеменді ел боламын деп шарқ ұрған боздақтардың құрметіне арналып, “Желтоқсан зары – намысым, қасыретім, мақтанышым” деген тақырыпта “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Айтыскер ақын Жұмабек Рахимовтің домбырамен әуелете шырқаған арнауынан кейін Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қорының төрағасы Өмір Есқали баяндама жасап, желтоқсан көтерілісінің тарихи, саяси-мән-маңызын саралап берді. Аза бойды қаза қылатын жантүршігерлік мысалдар келтірілді.

– 1996 жылдан бері спорт және денешынықтыру басқармасының қолдауымен Нұржанның атында волейболдан турнир жүйелі түрде өткізіліп келеді. Алдағы мақсаттардың бірі – Петропавл қаласындағы бір көшеге батыр ұлдың атын беру, қызғалдақ гүлдей ерте солған желтоқсаншыларға арнап ескерткіш тұрғызу да ойда бар, – деді ол.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанкелді Тәжин, желтоқсан көтерілісінің ардагерлері – Дүйсенбай Құрмашев, Боташ Қажымов, Бағдат Мұқанова және тағы басқалары өз сөздеріне кеңестік дәуірдегі демократиялық қозғалыстың “алғашқы қарлығаштары” ретінде мәңгі жазылып қалған желтоқсан боздақтарына қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпейтінін айтты. Басқа сөз сөйлеушілердің ой-толғамдары да осы арнада үндесіп жатты.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp