«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛЫ ШИПАЛЫ ҚАНДАСЫМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгін мен Тәуелсіздік жылдары медицинада жеткен жетістіктерімізге орасан зор үлес қосып келе жатқан қандасымыз туралы әңгіме өрбіткенді жөн көріп отырмын. Қандастарымыздың алғашқы көші, ұмытпасам біздің бала кезімізде, өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасында туған жерге оралды. 1962 жылы Кеңес Одағы мен Қытай шекарасы ашылып, қаншама қазақ ата-баба жеріне көшіп келді. Тәуелсіздіктің отыз жылында, шетелдегі 5 миллиондай қазағымның 1 миллионнан астамы елге оралып, өсіп-өнген ұрпағымен бір қауым елге айналды деуге болады.

Бүгінгі мақалама ерекше арқау болатын – қандасымыз Орал Оспанов деген азамат. Орал Базарбайұлының ата-бабасы Мам­лют ауданындағы Бексейіт ауылында тұр­ған екен. Шежіре-аңыз бойынша ертеде Ашамайлы Керейдің Балта руына жататын Бексейіт батырдың ұрпақтарының бір бөлігі Меңгесер көлінің маңына қоныстанады. Кейіннен кеңестік дәуір кезіндегі ұжымдастыру уақытында жан-жақтан ауылдар жиналып, орталық қонысқа Бексейіт батырдың есімі беріледі. Оралдың атасы – Бексейіт батырдың Маман деген баласынан тарайтын Жанторының бесінші ұрпағы. 1928-1930 жылдары байларды қуғындау кезінде аталары Ресейдің Омбы жеріне жасырын қоныс аударған. 1961 жылы Омбы облысының Назыбай ауданындағы Үшқұдық ауылында Орал Базарбайұлы дүниеге келеді.

Жасынан зерек, білімге құштар болған Орал орыс мектебін жақсы бітіріп, 1988 жылы Омбы қаласының мемлекеттік медицина институтының хирургия бөлімін тамамдаған соң профессор А.Кабановтың біржылдық интернатурасын аяқтаған. 1988-1991 жылдары Омбы облысында хирург болған. 1991-1993 жылдары Омбы мемлекеттік медицина академиясының клиникалық ординатурасын бітірген соң Омбы қаласының жетекші клиникаларында жұмыс істеді. 1994 жылы кандидаттық, ал 2003 жылы докторлық дисертациясын сәтті қорғады. Ол – медицина ғылымының докторы, профессор, Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.

Орал Базарбайұлының 300-ден артық ғылыми жұмысы бар, оның ішінде 30-дан астамы халықаралық журналдарда ағылшын тілінде жарияланған. Ресей мен Қазақстанда 25 авторлық құқығы бар өнертапқыш патентке ие. Медицина саласына арналған 15 монография мен оқу құралдарының авторы және осы оқу құралдарымен республикамыздың білім жетілдіру курстарында мыңдаған дәрігер дәріс алды. Про­фессор Орал Базарбайұлының басшылығымен 15 диссертация қорғалған. Ол – жалпы абдоминалды, бариатрикалық және метаболикалық бағыттағы өте күрделі хирургиялық ота жасайтын сарапшы деңгейдегі маман.

Орал Оспанов Қазақ елінің Тәуелсіздікке қолы жетіп, аяғынан жаңа тұра бастаған шағында ұлттық медицина саласын дамы­туға көмектесу мақсатымен Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударған. Күрделі ота жасайтын жоғары дәрежелі хирург ретінде ұлттық медицина кадрларын даярлау мақсатында Астана медицина университетінде оқытушылық қызмет атқарды. Университеттің хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры ретінде бариатрикалық хирургия бағытында дәріс оқыды.

Ол елімізде бірінші рет лапароскопиялық және торакоскопиялық күрделі оталарды жасады. Лапароскопиялық, бариатриалық және метаболиялық хирургия саласындағы өз тәжірибесін Орталық Азияға таратты. 2015 жылы Өзбекстанда “Medtronic” компаниясының шақыруымен лапароско­пиялық гастрошунтированиядан шеберлік дәрісін өткізді. 2017 жылы Қырғызстанда лапароскопиялық, бариатрикалық оталар жасағаны үшін академик М.Мамакеев атындағы ұлттық хирургия орталығының “құрметті профессоры” атағын алды.

2019 жылы Омбы қаласында Ресей Фе­дерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мемлекетаралық ынтымақтастық аясында екі ел Президенттерінің кездесуі өткен болатын. Кездесу барысында, экономика, сауда, медицина мен білім салаларын дамытудағы келісімшарттарға қол қою және медицина саласында тікелей тәжірибе алмасулар болды. Сол шарада Орал Бейсенбайұлына авторлық операциялар жасап көрсеткені үшін Ресейдің денсаулық сақтау министрінің Алғыс хаты табысталды.

Профессор Орал Базарбайұлы 2014 жылы Еуропаның Роберт Кох атындағы ғылыми қоғамының “Еуропаның құрметті ғалымы”, Италияның Стреза қаласында ха­лықаралық Оксфорд комитетінің “Жылдың медициналық қызметкері” атақтарын алды. 2015 жылы Германияның Гонновер қаласында Н.И.Пирогов орденімен марапатталды. Австрия мемлекетінің астанасы Вена қаласында өткен халықаралық хирургтарының конгресінде Дүниежүзілік IFSO федерациясы президентінен Алғыс хат алды.

Тәуелсіздіктің арқасында Орал Базар­байұлы сияқты қаншама қандасымыз елдің дамуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ақын-жазушы Мұратхан Шоқанның “Қандастар үлесі” кітабының тұсаукесері өтті. Осы анықтамалық альбом-кітапқа ғылым, білім, спорт, өнер, кәсіпкерлік істе есімі белгілі 122 қандастың есімі енгізілген екен. Солардың арасында биыл алпыс жасқа толған қандасымыз әрі жерлесіміз Орал Оспановтың есімін кездестіруге болады. Ақ халатты абзал жан Тәуелсіз Қазақстанның медицинасын дамытуға әлі де үлес қоса беретініне сенімдіміз.

Қажымұрат НӘСИҰЛЫ,

Мамлют ауданының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp