«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылжардағы қазақ мектептері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттың ұлт болып қалуының, то­лыққанды өмір сүруінің бірінші әрі басты шарты – тілі. Мағжан ақын­ның “қазақтың сар даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды тіл жоқ” деуі сондықтан. Бодандықтың қыл бұрауы одан әрі жалғаса берсе, қазақ халқы түп тамырынан ажырап қалар ма еді? Тәуелсіздік таңы атуымен ғана босағадағы ана тіліміз төрге озып, егемендіктің арқасында өңірде ұлттық білім үйлері біртіндеп ашыла бастады.

Тәуелсіздікке дейін Қызылжар қаласында жалғыз қазақ мектебі жұ­мыс істеп тұрған. Ол – іргетасы 1935 жылы қаланған қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық қазақ мектеп-интернаты. Облыстық “Қазақ тілі” қоғамы төрағасының қоғамдық негіздегі бірінші орынбасары қызметін атқарып жүргенде пленумдарда жасаған бірді-екілі баяндамам сақталып қалыпты. Сондағы цифрларға көз жүгіртсем, төбе құйқаны шымырлатады. Сол кезеңде (өткен ғасырдың 90-шы жылдары) рес­публикадағы 6 млн.-нан астам қа­зақтың 2 млн.-ы ана тіліне шорқақ келсе, өңірде 4 мың қаракөзіміз ана тілін орыс тілі деп көрсетіпті. Облыс­тағы 24961 ұлты қазақ оқушының 6162-і ғана ана тілінде білім алған. Балабақшалардың барлығы дерлік орысша.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рын­дағы жағдайды Қазақ КСР бас­шылығына бағыштап, Рәзия Баязи­това, Амандық Сейфуллин, Ғалым Нұржанов қол қойған хаттан аңғару­ға болады. Онда былай делінген: “Бүгінгі таңда Петропавлда 10 қазақ сыныбы ашылып, 200-ге тарта бала оқиды. Оларға орыс мектептерінен уақытша орын берілген. 320 орындық қазақ мектебінің 1992 жылдың жоспарына енгізілмеуі көңіліміздегі күдікті қоюлата түседі. Арнайы жер бөлінгенімен, құрылысты қай ұйым жүргізеді, кім қаржыландырады әлі белгісіз. 5-сыныпқа көшкен балала­рымыз қайда оқымақ? Қашанғы қа­ға­жу көре береміз?”. Сол күндерді оқу ісінің ардагері Жангелді Тәжин былай еске алады: “Қалада қазақша оқытатын мектеп ашу 1996 жылы ғана мүмкін болды. Осы жылы 30 та­мызда қалалық классикалық гим­на­зияға басшылық қызметке кіріске­нім­мен, құрылысы әлі толық аяқтал­мағантұғын. Соған қарамастан есі­гін 1 қыркүйекте айқара ашуы тиіс бо­латын. Бірақ елдегі экономикалық қиыншылықтарға байланысты құ­ры­­лыс жұмыстары бірнеше айға ке­шеуілдеді. Мұғалімдер мен оқушы­лар құрамын толықтыру да оңайға соққан жоқ. Тек 25 қазанда халық әр­тісі Роза Рымбаеваның қатысуымен лентасы қиылып, ерекше салтанат­қа толы сәт облыс өміріндегі маңыз­ды оқиға ретінде есте қалды”. Мектеп бүгінде белгілі жазушы С.Шай­мерденовтің есімімен ата­лады.

Қожаберген жырау атындағы №6 мектепті ашу да нарықтық қиындық­тармен тұспа-тұс келді. Былтырға дейін 200 балаға шақталған тар ғи­маратта 600-ден астам оқушы үш ауы­сымда оқып келді. Шыны керек, 1996 жылдың 1 қыркүйегінде екінші дүниежүзілік соғысқа дейін тұрғы­зылған нысанның ауласында күміс қоңырау сылдыры естілгенде жағ­дайы дабыл қағарлық еді. Қанша күрделі жөндеу жасалса да, қара­жаттың жұғын болатын түрі байқалмады. Бұл мектеп былтыр “Жас өркен” ықшамауданындағы 900 орындық үш қабатты еңселі ғи­маратқа көшірілді. Мұнда бір мыңға тарта шәкіртке 73 ұстаз сабақ бе­реді, 23 мың кітап қоры бар. Кітап­хана, шеберханалар, әмбебап акт залы, зертхана, пән кабинеттері, ойын бөлмелері, асхана жұмыс іс­тейді.

Обалы не керек, облысқа Даниал Ах­метов әкім болып келе тіл жана­шырларының ұлттық мектеп ашу жөніндегі ұсыныстарына бірден құ­лақ асып, Я.Гашек пен Нұрсұлтан Назарбаев көшелері қиылысын­дағы екіқабатты ескі ғимаратты тез арада қалпына келтіріп берді. Ашылу салтанатына өзі қатысып, сый-сияпат жасады. Ғұлама ойшыл әл-Фарабидің атын иеленген мек­теп-лицей білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті, ұлттық тәлім-тәрбие беретін, авторлық иннова­цияларды оқу үрдісіне табысты енгізіп келе жатқан білім мекемесі сана­лады. Қазір 1-11-сыныптарда 423, мектепалды даярлық тобында 47 бала бар.

2007 жылы ашылған Абай атындағы мектеп-гимназияның жөні бө­лек. Олай дейтініміз, 1100 орынға ар­налған білім ордасы заман талапта­рына сәйкестендіріліп, жаңадан тұр­ғызылды. Екі спорт залы, бассейні бар. Оқушылар саны – 1046. Оның ашылу салтанатында өңір басшысы Тайыр Мансұров 500 дана көркем әдебиет және “ГАЗель” көлігін тарту еткен болатын. Мұнда музей, Абай орталығы жұмыс істейді. QR-коды бар арнайы стенд арқылы еліміздегі Абай мұражайларымен танысуға болады. Гимназияға ұлы ақынның есімі берілгелі оқу бағдарламасына елеулі өзгерістер енгізілген. Бұл – республикадағы Абай мектептерінің желісіне қосылған 17-ші білім оша­ғы. Қазақ тілі мен әдебиеті тереңдетіп оқытылады.

Қажымұрат Нағманов әкім болып қызмет еткен қысқа мерзім ішінде қазіргі Ж.Тәшенев атындағы №20 мектепті пайдалануға берді. Ерік Сұлтановтың тұсында химия-био­ло­гия бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектебі салынды. 720 орынға шақталған ғимарат – “Береке” шағынауданының көркі. Мұнда тәжірибелі ұстаздар сабақ береді. 500 оқушы – “Өркен” білім беру гран­тының иегері.

Қазіргі облыс әкімі Құмар Ақсақа­лов­тың кезінде Петропавл қаласын­да үш қазақ мектебі бой көтерді. Со­лардың бірі – жуырда Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімі беріл­ген №25 мектеп. 2019 жылы тұрғы­зылған сәулетті нысан “Береке” ық­шамауданында орналасқан. Дирек­торы Сәуле Тұрсынованың айтуын­ша, білім ошағы халықаралық стан­дарттарға сай. Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ-лицей де – өңірдегі таңдаулы оқу орындарының қатарына қосылды.

Тәуелсіздігіміздің отыз жылында өңірде 13 мыңнан астам балаға са­па­лы білім алуға мүмкіндік беретін 45 мектеп бой көтерді. Осы уақыт ара­лығында пайдалануға берілген ұлттық мектептердің саны да, сапасы да көңіл толарлық.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp