«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Merekelık qūttyqtau

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құрметті солтүстікқазақстандықтар!

Сіздерді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Қазақстанның егемендікке қол жеткізгеннен бергі жүріп өткен жолы бүгінде тарихқа айналып үлгерді. Бұл жолда ұлы жетістіктерге қол жеткізгенімізді бүгінгі күн тұғырынан салыстыра отырып бағалай аламыз.

Тәуелсіздігіміздің қалыптасуына Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі айрықша. Қазақстан экономикасы дамыған, тұрақты саяси жүйе қалыптасқан, азаматтары әлеуметтік жағынан қорғалған, тарихи дәстүрлері бай, бірлігі жарасқан көпұлтты халқы бар Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты.

Солтүстік Қазақстан облысының дамуына қарап отырып-ақ егемендік алғаннан бері еліміздің толағай табыстарға жетіп, биік белестерді бағындырғанын байқаймыз. Облыста жалпы өңірлік өнім көлемі 30 жылда 1,2 миллиард теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін өсті. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 1,4 мың теңгеден 2,9 миллион теңгеге дейін ұлғайды.

Отыз жыл ішінде қайта өңдеу саласында 100-ден астам кәсіпорын іске қосылды. Тәуелсіздік жылдары өңірге 2,2 триллион теңге инвестиция тартылды. Тұрғын үй құрылысы 30,6 есеге: 10 мың шаршы метрден 306 мың шаршы метрге дейін өсті. 1991 жылдан бастап облыс бойынша 5 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. Соңғы үш онжылдықта 45 мектеп, 12 балабақша, 14 аурухана, 6 емхана және 1,3 мың спорт нысаны салынды. Таяудағы 5 жылда өңіріміздің 300 ауылына жаңғырту жүргіземіз.

Біздің облыс аграрлық секторға инвестиция тартатын орталыққа айналды. Биыл ауыл шаруашылығына 140 млрд. теңге инвестиция құйылды. Бұл – ел бойынша агроөнеркәсіптік кешенге салынған барлық инвестициялардың төрттен бір бөлігі. Өнеркәсіп саласында да өсу тенденциясы байқалады. Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 1,8 есе немесе 191-ден 360 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Тұрғын үй құрылысына орасан зор инвестиция құйылуда. Бес жыл ішінде облыс бойынша 21 мыңнан астам пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Соның арқасында 70 мыңнан астам адам баспаналы болады. Бұл – біздің облыстың әрбір жетінші тұрғынына тең. Өңірде 15 жаңа мектеп пен 47 медициналық нысан салынады.

Өңірде әлеуметтік маңызды нысандардың – университеттің заманауи оқу-зертханалық корпусы, әскери институттың оқу корпустары мен көпсалалы аурухананың құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың ашылуы білім мен медицина саласын жаңа даму деңгейіне шығарады.

Солтүстік Қазақстанның басты байлығы адамдары екені даусыз. Жерлестеріміздің есімдері мен атқарған істері Тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылды. Біздің ауылдарымыз бен қалаларымызда туған жеріне шексіз берілген, рухы мықты, еңбекқор және адал адамдар аз емес. Барша еңбеккерлерге өз істерін бар ынтасымен, білімімен, жүрек қалауымен атқарып жатқандары үшін алғыс айтқым келеді.

Сіздерді еліміздегі тарихи күн – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға, әрбір отбасына, жақындарыңыз бен туған-туысқандарыңызға денсаулық, амандық, бақыт және еңбекте табыс тілеймін!

Құмар АҚСАҚАЛОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp