«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Білім көрсеткіштері неге төмен?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Nur Otan” партиясы облыстық филиалы жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Жиында жоғары және арнаулы орта білім берудің проблемалық мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда нарықта қажетті жұмысшы мамандықтар бойынша тегін оқуға мүмкіндік беру, “Жас маман” жобасы аясында білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, кәсіпкерлік, экологиялық, мәдени білім беру негіздері бойынша жаңа пәндерді енгізу, жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын, профессорлық-оқытушылық құрамның әлеуметтік мәртебесін арттыру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді үздіксіз дамыту бағытында қалыптасқан тәжірибелер аз емес. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченконың айтуынша, өңірдегі 23 колледждің 19-ы – мемлекеттік, 4-уі – жекеменшік. Оларда 72 мамандық және 122 біліктілік бойынша мамандар даярлануда, 10 мыңнан астам студент білім алады. Студенттердің 80 пайызы мемлекеттік тапсырыс бойынша, қалғандары ақылы негізде оқып жүр. Өкінішке қарай, студенттердің тек 1121-і ғана мемлекеттік тілде оқиды.

Баяндамашы мамандар әзірлеуге мемлекеттік тапсырыс еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып түзілетінін жеткізді. Білім беру, денсаулық сақтау, басқару және құқық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, қайта өңдеу және құрылыс, қызмет көрсету салалары бойынша білікті мамандар жетіспейді. Сонымен қатар биыл ландшафтық дизайн, аңшылық тану және аң шаруашылығы мамандықтары ашылып, мемлекеттік тапсырысқа енгізіліпті. Бірақ кеңес мүшелері бұл мамандықтардың болашағына күмәнмен қарайтындарын айтты. Биылдан бастап колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу кезінде көпбалалы және толық емес, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылардан шыққан жастар мен I және II топтағы мүгедектер үшін квоталар қарастырылған. 3 колледжде 6 мамандық бойынша қолданбалы бакалавр мамандар даярланады. Мұндай топтардың түлектері кейін жоғары оқу орындарында жеделдетілген бағдарлама бойынша оқу мүмкіндігіне ие болады.

Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің жетекшісі Айнагүл Сұрағанова нормативтік-құқықтық актілер үнемі жаңартылып отыратындықтан, білім басқармасы оқу жоспарларын әзірлеуге орталықтандырылған көмек көрсету қажет деген ұсыныс жасады. Оның айтуынша, колледждердің профессорлық-оқытушылық құрамына қатысты өзекті жайттар баршылық. Оқытушылардың көбі – зейнеткер немесе соған жақын жастағылар. Талап бойынша педагогикалық қызметке алғаш кіріскен және бейіні бойынша кәсіптік білімі бар адам педагогикалық қайта даярлықтан өтуі, мамандығына сәйкес білімдерін толықтыруы, педагогика, психология, оқыту әдістемесі негізінде білім алуы тиіс. Мұндай қайта даярлау курстары тек жоғары оқу орнында ғана жүргізіледі. Ал жоғары оқу орны белгілеген мерзім мен төлемақы олардың көңілінен шыға бермейді. Оқытушылардың сабақтан қол үзіп, 500 мың теңгеге дейін ақы төлеп, 6-8 ай оқитын мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірлесіп, осы мәселені шешу жолдарын ойластыруы қажет.

Қоғамдық кеңесте департамент жүргізген студенттердің оқу жетістігінің мониторингінің нәтижесі көпті қуанта қоймайды. Колледж студенттері міндетті үш пәннен, атап айтқанда, қазақ тілі, математика және Қазақстан тарихы пәндерінен мүмкін болған 75 баллдан тек 20,4-ін ғана жинаған. Бұл республикалық орта көрсеткіштен төмен. Аққайың аграрлық, Новоишим ауыл шаруашылығы-техникалық, Петропавл құрылыс-экономикалық колледждерінде жүргізілген профилактикалық бақылау қорытындысы осындай. Оқу-жұмыс жоспарлары үлгілік оқу жоспарларына және техникалық, кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарына сәйкес емес.

Ілияс СӘБДИНОВ,

“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp