«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сын-қатерлер шыңдай түсті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында медицина саласына ерекше назар аударылды. Тарихи құжатта қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудың және елді дамытудың алғышарттары айқындалды. “Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы”, – дей келе, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін Тәуелсіздік – ең басты жетістік екенін атап өтті. Ал Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқан Қазақстан алға ұмтылып, кез келген сын-қатерге дайын болуы тиіс. Бұл орайда пандемия біздің өмірімізге көп өзгеріс енгізгенін айта кеткен жөн.

“Денсаулық – басты байлық” деген халық мақалы бар. Әлемді бір тарының қауызына сыйдырған коронавирус инфекциясының таралуы денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен сынақ болды. Барша жұртты әбігерге салған қауіпті індеттің беті қайтар емес. Күн сайын көптеген адам ауру жұқтырып, қауіпті індетпен бетпе-бет келуде. Өкінішке қарай, қатерлі инфекциядан көз жұмған отандастарымыз да аз емес. Десе де біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дер кезінде қолға алдық. Тайынша аудандық ауруханасының ұжымы да коронавирустың таралуына тосқауыл қоюға бір адамдай жұмылып, әрбір науқастың өмірін сақтап қалу жолында еңбек етуде. Мемлекет өз тарапынан азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, індетті ауыздықтауға барынша жағдай жасауда. Бұл орайда Қазақстан коронавирусқа қарсы өз вакцинасын шығарған санаулы мемлекеттердің бірі екенін айту қажет. Әрине, бұрын-соңды мұндай ауруды көрмеген еліміз үшін коронавирус пандемиясы біраз қиындық келтіруде. Ұйымдасқан ұтатыны белгілі, ең бастысы, біз береке мен бірлігімізді, ынтымағымызды жоғалтып алмауымыз керек. Азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі әрқашан бірінші орында болуы тиіс.

Жыл басынан бастап елімізде вакциналау шаралары қолға алынды. Алайда екпеден бас тартқан адамдар да жоқ емес. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін адамдар ортақ жауапкершілікті сезініп, өздерінің және жақындарының денсаулығын ойлауы тиіс. Екпе – еріккеннің ермегі емес. Сондықтан қоғамда дүрмек туғызған адамдардың ықпалына түсіп, жалған ақпаратқа сенбей, медицинаның озық жетістіктерінен оң нәтиже шығарса құба-құп.

Бұған дейін медицинада көптеген жұқпалы инфекциялар болған. Вакцина арқылы сол қауіпті ауруларды ауыздықтау мүмкін болғанын естен шығармауымыз қажет. Президентіміз коронавирустан басқа да аурулар бойынша жағдайдың нашарлауына жол бермеу керек екенін, пандемия жағдайында жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалдырылмауын ерекше атап өтті. Қазір аудандық аурухана жұмысы қалыпты режімде. Тайыншалықтар үшін жоспарлы және шұғыл медициналық көмек тиісті деңгейде көрсетілуде.

“Дені сау ұлт” ұлттық жобасы шеңберінде кемінде 12 зертхана жоғары технологиялық жабдықпен жарақтандырылмақ. Бұл біздің зертханаларымыздың халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейін 90 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы талапқа сай болуы тиіс. Үстіміздегі жылы аудандық аурухананың материалдық жағдайы жақсара түсті. 194 миллион теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды. Атап айтсақ, 59 млн. 822 мың теңгеге рентгендік диагностикалық стационарлық кешенге қол жеткіздік. Сонымен қатар ультрадыбыстық диагностикалық медициналық жүйе, балаларды оңалту жабдығы мен екі санитарлық көлік, “Жеңіс” рентгенологиялық флюорографиялық стационарлық аппаратын сатып алдық. Бұл заманауи кешен коронавируспен күресте ауруды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты термоконтейнерлер, рефрижераторлар сатып алынды.

Медицина саласы көп қаржыны қажет етеді. Бірақ бұл саланың дамуы материалдық-техникалық базаға ғана емес, білікті мамандарға да байланысты. Инфрақұрылымды дамытып, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, кадр тапшылығын жою – өзекті мәселелердің бірі. Биыл біздің ауруханаға Шымкент өңірі мен Алматы облысынан 8 жас маман келді. Қазір аудандық ауруханада 67 дәрігер бар. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жұмысқа тұрған жастарға 2,5 млн. теңге көлемінде көтермеақы төленеді. Қатарға қосылған дәрігерлер тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы жұмыстардың арқасында Тайынша аудандық ауруханасында кадр тапшылығы жойылды. Өз өмірлеріне қауіп төніп тұрса да, науқастардың денсаулығы үшін жанын сала еңбек етіп жатқан дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өсті. Бұл ақ халатты абзал жандардың тұрмыстық жағдайларын жақсартуға ықпал етті деп ойлаймын.

Отандық медицина озық жобаларды қолға алып, кез келген аурумен күреске дайын болуы тиіс. Бұл – Президент алға қойып отырған міндет. Ол үшін медицинаның әлеуетін арттырып, заманауи технологиялардың мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет. Дәрігерлер алға қойылған міндеттерді абыроймен орындайды деп нық сеніммен айта аламын.

Анатолий РАФАЛЬСКИЙ,

Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының бас дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp