«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Берекелі орда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың әр шаңырағы – қай кезде де ұлт үшін рухани тірек болғаны шындық. Ол – адами құндылықтардың, мәдениеттің және ұрпақтың тарихи сабақтастығының үзілмес ұйытқысы. Халық арасындағы “Мемлекет – үлкен отбасы, ал отбасы – кішкентай мемлекет” деген қанатты сөз шаңырақтағы сүйіспеншілік пен махаббатқа негізделіп айтылғаны анық.

Бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлері – Жайық Қосанұлы мен Баян Төлегенқызы. Күйкі тірліктің күйбеңін жеңіп, қол ұстаса ащы мен тұщының дәмін бірлікте татып келе жатқанына биыл 36 жылдың жүзі. Ерлі-зайыптылар үшін отбасындағы махаббаттың, құрметтің, ынтымақтастық пен сүйіспеншіліктің қайнар көзі – балалары мен немерелері. Одан асқан байлық жоқ.

Баян Ахметжанова Орталық ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасы өмір бойы “Троицкий” кеңшарында бірі – сауыншы, екіншісі механизатор болып жұмыс істеді. Отбасындағы балалардың үлкені – Баян. Өзі, сіңлісі мен екі інісі бала кезінен қосалқы үй шаруашылығында еңбекке үйреніп, ата-аналарына қолғабыс етумен өсті. “Мен бала кезімнен үй жануарларына үйір болдым, оларды күтіп-бағудың қыр-сырына қанықпын. Қазір де бау-бақшада көкөністер мен жемістерді өсіріп, оларды қысқа дайындауды, гүл баптауды, тамақ пісіруді жақсы көремін. Бар жұмысты атқарудағы көмекшім, отағасым – Жайық”, – дейді Баян апай.

Орман орта мектебін бітірген соң ол Петропавл есеп-экономикалық техникумын тамамдап, есепші мамандығын алып шығады. Қайранкөл кеңшарында 3 жыл есепші болып жұмыс істейді. Жас маман аудан орталығына көшуді ниет қып, үш жылдан кейін Пресновкадағы аудандық аурухананың бухгалтериясына жұмысқа орналасады. Пресновкада осы ауданның Жаңажол ауылындағы бірінші бөлімшеде жұмыс істеген жас агроном Жайықпен жолығады. Ол – Амангелді ауылының тумасы. Көп балалы отбасынан шыққан қарапайым жігіт еді. Әкесі Қосан – трактор-егіс бригадасының бригадирі. Екі жас үйленіп, тойдан кейін Жаңажолда тұруды ұйғарады. Баян мамандығы бойынша жұмыс істейді.

Еліміз Тәуелсіздік алған тұста отбасы аудан орталығына көшіп, Жайық – дәнекерлеуші, ал Баян “Қазақ тілі” қоғамының хатшысы болып жұмысқа кіріседі. Сол кезде “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы ауданымызға танымал азамат Ғалым Өркешов болатын.

“Қазақ мектебін ашып, мемлекеттік тілде оқитын бірінші сыныпқа, “Айнагүл” балабақшасындағы қазақ топтарына бала жинауда үлкен қиындықтарға тап болдық. Төрағамыз Ғалым Өркешов, мектептің директоры Айбибі Өркешова, энтузиаст-дәрігер Күлпән Байленова, зағиптар қоғамының мүшесі Ботагөз Серікпаева бастаған еріктілер әр үйді аралап, ұйымдарға барып, ата-аналармен кездесіп, балаларын қазақ сыныбына беруге үгіттедік. Бар күш-жігерімізді жұмсап, мемлекеттік тілде білім беретін мектептің алғашқы сыныбы ашылды”, – дейді өткен шақты бір сәт есіне түсірген Баян Ахметжанова.

Баян Төлегенқызы 1992 жылын мемлекеттік қызметке ауысып, 30 жылға жуық еңбек етті. Жайық Қосанұлы 20 жылға жуық уақыт статистика бөлімінде жетекші маман болып жұмыс істеді.

Қыз бен ұлдан бес немере, жиен көріп отыр. Қонақжайлық олардың сүйегіне дарыған қасиет десек, еш артық айтқандық болмас еді. Тіпті жол-жөнекей қонақтар келіп қалғанның өзінде оларға табақтап ет тартпау ыңғайсыз жағдай саналады.

Қазақ домбыраны кие тұтқан ғой. Музыкаға деген қызығушылық Жайық Қосанұлының бойында бала кезінен бар. Ол тек домбырада ғана емес, сонымен қатар баян аспабында да асқан шеберлікпен ойнайды. Баян мен Жайық – аудандағы өнер шараларының белсенді қатысушылары. Олар 1995 жылы Пресновкадағы ағайынды Заволокиндердің “Ойна, гармонь” атты көшпелі бағдарламасына қатысқандықтарын қуана еске алады. Немерелері Томирис пен Айзере қонаққа келгенде атасынан баянда ойнауын сұрап, мәре-сәре болады. Осылайша үйде кішкентай концерт басталып, ән шырқалады, баянның сүйемелдеуімен би де биленеді. Немересі Томирис аудандағы өнер мектебінің би, қолөнер үйірмелеріне қатысады. Жиені Айсана өнер мектебінің оқушысы, сурет салады. Оның салған суреттері байқауларда бірнеше рет жүлдеге ілікті.

Ұлы Данияр құрылыс колледжін бітірген, жеке кәсіппен айналысуға бет бұрған. “Бастау бизнес” курсын бітіріп, бизнес-жоба жасап, жеңілдетілген несие алып, төртінші жыл жылқы өсірумен айналысуда. Ол Амангелді ауылы ғана емес, бүкіл округ бойынша шебер ұста атанған атасы Қосанның өнерін өзіне өмірлік мұра етуді мақсат тұтқан.

Отбасының әл-ауқаты – кез келген елдің дамуының өлшемі. Ерлі-зайыпты Наушәріповтер бар еңбегімен еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып, бақытты ғұмыр кешуде.

Василий Лукьянченко, журналист.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp