«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

МӘСЕЛЕ МӘМІЛЕМЕН ШЕШІЛСЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Медиация (латынша “mediato”) делдал­дық деген ұғымды білдіреді. Ол – әлемдік тәжірибеде дауларды реттеудің кең тараған түрлерінің бірі, былайша айтқанда, тараптар арасындағы дауды соттан тыс шешуге бағытталған заңды рәсім. 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданған “Ме­диация туралы” заң осы салаға жаңашыл өзгерістер енгізумен қатар дау-дамайлар­ды мәмілелік жолмен реттеудің тиімді бағыттарын да айқындап берді.

“Медиация туралы” заңда жазылғандай, медиация тараптардың ерікті келісімі бо­йынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдем­десуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі болып табылады. Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, ме­диация тараптарының өзара келісімі бо­йынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функция­ларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Оның қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін: қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілі­мінде тұрған адамдар; Қазақстан Респуб­ликасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүр­гізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады; жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа тол­ған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін, ме­диаторларды даярлау бағдарламасы бо­йынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиа­тор­лар тізілімінде тұрған адамдар; отстав­кадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.

Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қыз­мет болып табылмайды. Медиатор қыз­метін жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген өзге қызметпен де айналысуға құқылы. Ал мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.

Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Азаматтық процестерде медиа­торлардың рөлі өте зор, өйткені олар та­рап­тарға әуре-сарсаңға салынбай дауды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға ұсыныс жасай отырып, екі тарапты ортақ мәмілеге келісуге шақырады. Cотқа жү­гінген тараптар, сот талқылауының кез кел­ген сатысында, медиаторға жүгіну туралы сотқа өтініш білдіруге құқылы. Сот өз тарапынан тараптарды татуластыруға жәрдемдеседі.

Азаматтық процестік кодекстің татулас­тыру рәсімдері атты тарауында татулас­тырушы судья ұғымы белгіленген. Сон­дықтан сотқа дейін азаматтық іс қозғалмас бұрын талап арыз алдымен татулас­тыру­шы судьяға келіп түседі. Татуластырушы судья талаптарды келісімге келу үшін арнайы бір күнді белгілеп, келіссөздер жүргізуді ұсынады. Егер тараптар бір ке­лісімге келе алмаса онда талап арыз аза­маттық істі қозғау үшін судьяға жіберіледі. Азаматтық процестің кез келген сатысында тараптар келісімге келе алады. Егер бір тарап мемлекеттік орган болса, онда ерек­ше өндіріс бойынша қозғалған азаматтық істер медиациямен аяқталуға жатпайды. Оған мысалды алыстан іздеудің керегі жоқ. Көп жағдайда зейнетке шыққан азаматтар бұрын қызмет атқарған мекемедегі еңбек өтілі еңбек кітапшасына енгізілмей қал­ған­дықтан, сотқа жүгініп жатады. Екінші та­рап, яғни зейнетақы төлеу жөніндегі орталық сот шешімді бекітпейінше келісімге келе алмайды. Екінші тарап мемекеттік орган болмаса және де мәміле жарамсыз деп танылмаса, қарызды, келтірілген залалды өндіру, мүлікті қайтару татуласу рәсімімен аяқталады. Азамат бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатымен сотқа жүгінсе, сот процесінің кез келген сатысында екінші жақпен татуласа алады. Медиация бітім­гершілік келісім болғандықтан, тараптар даулы мәселе бойынша бітімге келсе, ұй­ғарым бекітіледі.

Мына жайтты да ескерген жөн, талап арыздың қаралу мерзімі дайындық мерзімі аяқталған күннен бастап екі айды құрайтын болса, медиация тәсілімен аяқталған іс он күн ішінде аяқталады. Екіншіден, мемле­кеттік баж талапкерге қайтарылады. Кез кел­ген дауды сотқа жеткізбей шешуге бо­латынын тәжірибе айқын көрсетіп отыр. Ол үшін кез келген уақытта медиаторға жүгіне алады. Облыстық медиация және құқық орталығы қоғамдық бірлестігі кәсіби ме­диаторлар қызметін атқарады. Ұйым Нұр­сұлтан Назарбаев көшесі, 161 мекенжа­йын­да орналасқан.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 85-ші бабына сәйкес, медиацияға қатысу­шы­лар істі жүргiзу барысында белгiлi бол­ған мәлiметтердi осы ақпаратты берген та­раптың рұқсатынсыз жария еткен жағдайда (бұл әрекетте қылмыстық iс-әрекет бел­гiлерi болмаса) жиырма айлық есептiк көр­сеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейді. Осы әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері алпыс айлық есептік көрсеткішке дейін еселенеді. Ал тараптар сот ұйға­рымында көрсетілген мерзімге дейін мін­деттерін орындамайтын болса, талапкер сотқа атқарушылық парақты алу туралы арызбен жүгіне алады. Атқару парағын сот орындаушысына беріп, ол өз тарапынан атқару өндірісі заңына сәйкес, барлық әрекеттерді жасайды. Банк шоттары бұ­ғатталады, тиесілі мүлікке, республика аумағынан шығуға тыйым салынады. Ол әкімшілік немесе қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан қа­рызды сот орындаушының өндірісіне жет­кізбей өзіне жүктелген міндеттерді мер­зімінде орындау дұрыс болады.

Ұлан ӘБДІРАХМАНОВ,

Петропавл қалалық №2 сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp