«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ЖЫРТЫҚ ШАЛБАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бірлік ауылында тұратын досыма ба­райын деп жолаушылар тасымалы бекеті­не шығып едім, сол бағытқа қатынайтын автобустың жүруіне сүт пісірім уақыт бар екен. Сапаржайдың іші ығы-жығы жүр­гіншіге толы. Біреулер келіп жатса, енді біреулер кетудің қамында.

Ию-қию тіршілікке көз қыдыртып тұр­ғанымда арт жағымнан “Балам” деген дауыс естілді. Жалт қарасам, ақ кимешек киген апа тұр.

– Мына қоржынды ана тұрған орын­дықтың үстіне қойып берші. Ішінде тамақ бар еді, аяқтың астында тұрғаны дұрыс емес қой, – деді күлімсіреп.

Өтінішін екі етпей орындадым.

– Балам, қайда бара жатырсың? – деді орындыққа отырып жатып апа. Баратын жерімді айтып едім: – Е, екеуміздің жо­лымыз бір екен, – деп қасындағы орынды нұсқады.

Апамен әңгімелесе отырып ол кісінің көзі ашық, көкірегі ояу жан екенін аңғардым. Өмірде көргені көп, салт-дәстүрді жақсы білетіндігі байқалып тұр. Мен ел мен жердің тарихын, осы өңірден шыққан ғұламалар­ды бір-бірлеп сұрап жатырмын. Әңгіменің үстінде қасында екі бойжеткен қызы бар әдемі келіншек бізге жақындап келіп жол сұрады. Жас-шамасы қырықтан асып кетсе керек. Алайда түрі мен дене бітімі көз тартарлықтай екен. Келіншектің сұрағына апамыз үн қатқан жоқ. Аңғармай қалған шығар деген оймен оның орнына мен жауап бердім. Келіншек кетісімен апамыз ашуға мінді. Не болғанын мен де біле алмай аңтарылдым.

– Тегін білмеген тексіз! Сұмдық қой, қы­рықтан асқан әйелдің санын жарқыратып жыртық шалбар киіп алғаны несі!? “Мода” деген пәлесі шығар. Жасамыс тартқан­дардың “мода” қай теңі екен? Бесіктен белі шықпаған екі қызына қандай тәрбие бермек. Алайда олардың да келешегіне көз жеткізу қиын. Мына талғамсыз шешенің тәлімін алған олар қандай адам болар екен? Мұның күйеуі қайда қарап жүр? Бол­маса бауыр-туысы жағынан “қой” дейтін­дер шықпаған ба сонда? – деді апа өзін ұс­тай алмай күйіп-пісіп.

Расында да әлгі әйел үшін қатты ұял­дым. Апа шын айтады. Немере сүйер ша­ғында жас қыздарға еліктеп жыртық шал­бар кигеніне жол болсын!?

Межелі уақыт та келіп, автобус жүргізуші жолаушыларды отырғызып алды да жүріп кетті. Апа екеуміз қатар отырдық. Ол кісінің әңгімесін тыңдаудан жалығар емеспін. Жас кезінде көрген қиындықтарын, ел басына төнген қара бұлттың салдарынан жақын­дарынан ерте айырылғанын айтып көзіне жас алды.

– Біз не көрмедік. Бәрін бастан кешірдік. Ауыр еңбекті де істедік. Аш та қалдық. Киімді жыртып кию тұрмақ, жыртылған жерімізге жапсырар жамау таба алмай қиналдық. Құдайға шүкір, кейін заман жақсарды. Балалардың тамағы тоқ, көйлегі көк. Бірақ сол тоқшылықты көтере алмай бара жатқандаймыз. Оған бағанағы әйел­дің жыртық шалбары дәлел болады. Сап-сау киімді жыртып киетін дәрежеге де жет­тік. Заман кінәлі ме, әлде адам ба? Бұлай бола берсе, бір күні тыржалаңаш көшеге шығармыз. Адамның көзі оған да үйренеді, – деп апа бір күрсініп алды.

Әңгіме жол қысқартады. Үлкен кісінің ғибратты сөздерін тыңдай отырып, досым­ның үйіне де жеттім. Теледидарда жаңалық көрсетіліп жатыр екен. Қазақтың тойында бір жеңілтек қыз тыр жалаңаш билеп жүр. Тойда біреу телефонына түсіріп алған сияқты. Үлкендер жағынан “Мынау не со­рақылық!” деген ешкім жоқ. Бәрі іштен ты­нып тамашалап отыр. Мынаны көргенде автобустағы апа айтқан “жыртық шалбар” ештеңе болмай қалды.

Қазір барлығын “мода” деген атқа байлаймыз да, ойымызға не келсе, соны істейтін болып бара жатқан сияқтымыз. Ұрпаққа кері тәрбие беретін мұндай “мода” неге керек? Әсіресе жасы жер ортасына келсе де сән қуып жүрген адамдар бір сәт ойланса, артынан ерген жеткіншектер қисық жолға бұрылмайтын шығар мүмкін…

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp