Ауыл туралы сөз болса ондағы қайнаған өмір, қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігі еске түседі. Шіркін, ауылдағы жылдың төрт мезгілі – төрт түрлі құбылыс, төрт түрлі көрініс еді ғой! Жер қарая диқандар соқа-сайманын сайлауға кіріссе, жаз бойы шөп шабады, күз – берекелі ай ғой, қыс та түрлі қызыққа толы болатын. Балалық шақта адам арманшыл келеді. Алдымен көргеніне, естігеніне еліктесе, мектеп табалдырығын аттағаннан кейін үлгі-өнегені ата-анасы мен мұғалімнен алады. Одан сырт ауылдағы үлкендердің ақ баталары да келешекке бағдар беретіндей көрінетін. “Алғыс алған алысқа ұшады” деген сөз өмірлік тәжірибеден алынған ғой.
Ауыл өміріне аса қажетті мамандықтар – диқаншылық, оқу-ағарту ісі, мәдениет және денсаулық сақтау салаларына байланысты екені белгілі. 1968 жылы өзіміздің Ақсу ауылындағы сегіз жылдық мектептің директорлығына Есім Есмағұлұлы тағайындалды. Ағамыз отбасымен бірге қоныс аударды. Бұл әулет маған бөтен емес еді. Себебі дәл сол жылы бұрынғы Октябрь ауданының Ленин орта мектебін 75 түлек тамамдадық. Солардың бірі – Есім ағайдың баласы Талғат болатын.
Талғат Есімұлы мектепті бітіре сала Петропавл ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумына оқуға түсіп, 1971 жылы техник-электрик мамандығын алып шықты. Ол білім алумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты, спортпен де шұғылданды. Танымал балуан, КСРО-ның құрметті жаттықтырушысы Жамбыл Тасеменовтен тәлім алған ол классикалық және еркін күрестен спорт шеберіне үміткерлікке дейін жетті.
Досым әскер қатарына шақырылып, 1971-1973 жылдары Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келеді. Жігерлі жас жігіт әскерден келе, “ВЛКСМ-ның 50 жылдығы” кеңшарының комсомол ұйымына жетекшілікке сайланды. Бірден жастармен жұмысты жандандырды. Аз уақыт ішінде кеңшардағы көркемөнерпаздар мен спорт үйірмелері аудан, облыс бойынша жақсы жетістіктерге жете бастады. 1976 жылы Новопокров клубының жанынан құрылған драматургиялық ұжым “Халық театры” атағына ие болды.
Комсомол сапында шыңдалып, тәжірибе жинаған ол 1979 жылы жаңадан құрылған “Еңбек” кеңшарына бас энергетик болып тағайындалды. Талғатқа қандай жұмысты тапсырсаң да бар күш-жігерін салып, тиянақты атқаратын. Алайда оған әке жолы бәрінен жақын еді. Марқұм әкесі Есім Есмағұлұлы соғыс ардагері болатын, майданнан аман оралған ол 1946-1968 жылдары Ленин орта мектебінде дене тәрбиесі, әскери істер және тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Ал 1968-1976 жылдары Ақсу сегізжылдық мектебінің директоры болғанын жоғарыда айттым. Анасы Күлшара Қасымқызы да – ұлағатты ұстаз, нағыз батыр ана. Ол бастауыштың балғындарына сабақ берді. Әпкелері – Ботагөз бен Сәуле де мұғалімдікті таңдап, математика пәнінен дәріс берді, екеуі де жоғары білімді мамандар.
“Еңбек” кеңшарында бас энергетик болып жұмыс істеп жүрген Талғат ұстаздыққа бет бұруды ұйғарады. Петропавл педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай оқып бітірген ол 1986 жылдан бастап, 2001 жылға дейін Жаңасу орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берді. 2001 жылы Шал ақын аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен әкесі қызмет еткен Ақсу негізгі мектебінің директорлығына тағайындалды. Көптеген қиындықтарды жеңе отырып, бұл қызметті 2014 жылға дейін абыроймен атқарды.
Жақсы басшы жаңалыққа құштар келеді. Талғат Есімұлы мектеп ұжымы мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты дұрыс жолға қоя білді. Мектеп оқушылары түрлі көркемөнерпаздар байқауларына қатысып, аудан, облыс бойынша биік белестерге жетіп жүрді. Ақсу ауылындағы барлық іс-шаралардан қалыс қалған емес. Талғат Есімұлының еңбегі еленіп, бірнеше рет аудан, облыс оқу бөлімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Зайыбы – Қалияш Жартыбайқызы да оқу-ағарту саласының ардагері. Ол математика пәнінен сабақ берді. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.
Әшім ЖЫЛҚАЙДАРОВ,
еңбек ардагері.