«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Үлкен жауапкершілік жүктелген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз Тәуелсіздік алғанына – 30 жыл. Қысқа мерзімде Қазақстан әміршіл-әкімшіл басқару жүйесінен нарықтық экономикасы бар, жаңа әкімшілік-басқарушылық даму үлгісіндегі мемлекетке айналды. Түрлі реформалардың нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамдық-саяси құрылымының өзіндік ерекшеліктері мен сипаттамалары бар мемлекеттік қызметтің ұлттық моделі құрылды. Мемлекеттік қызмет – қоғам өмірінің барлық ішкі жүйелерінің – экономиканың, мәдениеттің, саясаттың, әлеуметтік саланың қызмет етуін қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік институт.

Қай елде болмасын мемлекеттік қызметкерлердің рөлі зор. Өйткені олар – қоғам өмірінің барлық саласында мемлекеттің жүзеге асырылып жатқан саясатын жүргізушілер. Әрбір мемлекет өз қызметкерлерінің жұмысын өзінше ұйымдастырады. Дегенмен мемлекеттік қызметтің жұмыс істеу принциптері ұқсас келеді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер мемлекеттік қызметтің өзіндік үлгілерін іздеуге кірісті. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеу басталды. Басты ұстаным – ешкімнен көшірмейміз, ең жақсысын алуға тырысамыз, содан кейін оны біздің ерекшеліктеріміз бен дәстүрлерімізді ескере отырып жүзеге асырамыз. Бұл реформалар дәйекті түрде жүргізілді. Соның нәтижесінде 1995 жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдау, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін алғашқы заңнамалық акт – “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі” туралы Президент Жарлығы қабылданды. Бұл құжат Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл ТМД кеңістігі үшін жаңалық болғанын айта кеткен жөн. Біздің еліміз барлық посткеңестік елдердің ішінде бірінші болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрларын конкурс арқылы және меритократия қағидаттары бойынша қалыптастыруға кірісті.

Мемлекеттік қызметті дамытудың келесі кезеңі 1997 жылға тұспа-тұс келді. Бұл – алғашқы әкімшілік реформаның негізін қалаған “Қазақстан – 2030” стратегиясы болды. Дегенмен мемлекеттік аппараттың қызметін қарқынды өзгеретін әлеуметтік қажеттіліктерге бейімделген нақты құрылымдық заңнамасыз жүргізу мүмкін емес еді. Осыған байланысты 1999 жылы 23 шілдеде “Мемлекеттік қызмет туралы” Заң қабылданып, оған сәйкес, қызметкерлер саяси және әкімшілік корпусқа бөлінді, әкімшілік қызметшілерге қойылатын біліктілік талаптары және оларды аттестаттау шарттары бекітілді, азаматтарды іріктеудің конкурстық жүйесі енгізілді.

Еліміздегі алғашқы нарықтық қайта құруларды іс жүзінде жүзеге асырған мемлекеттік қызметтің принципті жаңа құрылымы қалыптасты. Оның қазіргі даму кезеңі “Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды” жүзеге асырудан басталады, ондағы реформалар мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Қазіргі уақытта, мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі жүріп жатыр. Жүйе сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға барынша бағытталған. 2015 жылы күшіне енген “Мемлекеттік қызмет туралы” жаңа Заң мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделінің негіздерін және мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесінің тиімділігін арттырудың одан арғы іс-әрекет алгоритмін айқындайды. Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің мансабы оның құзыреті мен жинақталған тәжірибесін ескере отырып құрылады. Мемлекеттік қызметке қабылдау тек кешенді іріктеу нәтижелері бойынша және төменгі лауазымдардан өту арқылы ғана жүргізіледі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі қабылданып, мұнда қатаң талаптар қойылған болатын, лауазымды тұлғалар арасындағы әдеп нормаларын бұзғаны және сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін жауапкершілік шаралары қарастырылды. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде тәртіп бұзушылықтың алдын алу, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің жұмыстағы және үйдегі мінез-құлық стандарттары көрсетілген. Кодекске сәйкес, мемлекеттік қызметшілер жоғары кәсібиліктің эталоны, адал, әділ, қарапайым болуы, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауы тиіс. Әдеп – өркениетті қоғамның моральдық қағидалары екенін есте ұстаған жөн.

Солтүстік Қазақстан облысында 22 этникалық топтың өкілдері (қазақтар, орыстар, украиндер, татарлар, немістер, өзбектер, кәрістер, белорустар, поляктар, әзірбайжандар, башқұрттар, молдовандар, шешендер, чуваштар, мордовиялықтар, армяндар, удмурттар, литвалықтар, гректер, грузиндер, еврейлер, адыгейлер) мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Өңірдің мемлекеттік органдарында 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар, олардың тең жартысы 22 мен 39 жас аралығындағы қызметкерлер.

Өңіріміздің одан әрі табысты дамуы көп жағдайда мемлекеттік қызметшілердің жоғары кәсібилігіне, жанқиярлық еңбегі мен таңдаған ісіне деген адалдығына, патриотизмге және белсенді азаматтық ұстанымына байланысты. Өйткені халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілерге үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Тәуелсіздік жылдары жүргізілген реформалардың нәтижесінде елімізде меритократия және мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызметтің бірегей моделі құрылғанын нық сеніммен айта аламыз.

Дархан КӘРІМЖАН,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp