«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ата кәсіптің пайдасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамда орныңды табу үшін, ең алдымен, өз ісіңмен, жасаған жақсылығыңмен, түптеп кел­генде қоғамға пайда тигізер адал еңбегіңмен ерекшеленуің тиіс. Осындайда хәкім Абайдың: “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан”, – дегені еске түседі. Уәлиханов ауданында еңбекқорлығымен, кәсібіне деген жанкештілігімен көзге түскен жандар аз емес. Өңіріміздің өркендеуіне хал-қадірінше үлес қосып жүрген шаруашылықтардың бірнешеуіне тоқтала кетсем.

Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер – жанның тынысы де­мекші, Уәлиханов ауда­ны талант­тарға бай өлке. Бұл өңірден ақын-жазушылар, ғалымдар көптеп шыққан. Тағы бір мақтанышы – қазіргі күні ауданда тұрып, ауылды көркейту жолында білек сыбана еңбек етіп жүрген азаматтары. Көпке үлгі, жерлестерінің мақтанышы әрі қамқоршысы – Кенжебек Жантілеуов. Ағайынды Кенжебек пен Қанатбек кәсіпкерлікке 1993 жылы кіріскен екен. Егін салып, мал өсірді. Еңбегі өтеліп, ісі алға басты. Бүгінде бұл шаруашылық 6 мың гектарға егін себеді. Жыл сайын гектарынан 15 центнерден астық алады.

– Қазіргі күні шаруашылықты дамытуға барынша қолдау көрсетіледі. Жеңілдетілген несие, арзан бағамен жанармай, гранттар бө­лінеді. Осының бәрі – шаруаларға арналған үлкен қолдау. Ең бастысы, ауылда тұрған адам еңбек етуі тиіс. Өзіме ғана емес, жа­нымдағы адамдарға да болса екен деп жоғары жалақы төлеп, жағдайын жасасаң, өз ісің де алға басады, – дейді Кенжебек Жантілеуов.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағын­да пайда болған “Ар” мен “Қа­занат” фермерлік шаруашылықтары бүгінде қазақтың жабы жылқысы мен қой өсіреді. Жаз бойы бие байлап, дәмі тіл үйіретін қымыз піседі. Мұнда қымыз механикаландырылған тәсілмен әзірле­неді. 2013 жылы сыйымдылығы 11 мың тонна астық қабылдау орнын ашып, ірі кәсіп­орындардың қатарына енді. Аудандағы игі шаралар мен қайырымдылық акцияларынан да қалыс қалмайды. Жыл сайын қомақты қаржы бөліп, аудан әлеуетінің артуына қол­дау көр­сетеді.

Уәлиханов ауданындағы ірі кәсіпорын­дардың бірі – “Жолдасбай-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 25 мың гектар алқапқа егін сеуіп, мыңға тарта қара мал, жылқы өсіретін бұл шаруашылық, ауданда ғана емес, өңірдегі үздік агроқұрылымдардың бірі. 2011 жы­лы ашылған серіктестік жыл сайын әлеуетін арттырып келеді. Мұнда негізінен ангус, әуликөл мен қазақы ақбас сиырлар өсіріле­ді. Етті экспортқа шығарады.

– Қолынан іс келетін әр адам “мен елім үшін не істей аламын” деп ойлауы керек. Сонда ғана жұмысың алға басады. Басшы болғаннан кейін мойныңа жауапкершілік артасың. Қарамағыңдағы адамдардың жайын ойлайсың. Егер жұмысшының жалақысы жоғары, киімі бүтін, баспанасы жайлы болса, еңбегі де өнімді болады. Біз осы ұстаныммен жұмыс істейміз, – дейді серіктестік басшысы Сүйіндік Жолдасбаев. Қазіргі күні мұнда 1200 сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Оны келесі жылы іске қоспақ.

Нарықтық заманда талай жыл оқып тауысқан мамандығын тастап, бизнеске бет бұрғандар қаншама? Бір жағынан алып қарасаңыз, қолынан келетін іс болса, тұрмысын түзеуге сеп болса неге бет бұрмасқа? Үлкен дүниенің өзі кішкентай бөлшектерден тұратынын ескерсек, шағын кәсіпкерлік те аты шағын болғанымен, пайдасы орасан. Бидайық ауылының тұрғыны – Амангелді Сатыбалдин де сондай жандардың бірі. Мамандығы химия-биология пәнінің мұғалімі. Институт тамамдағасын 5-6 жыл мектепте ұстаздық еткен. Кейін жергілікті әкімдікте де қызмет атқарды. Бірақ тағдырдың жазуы болар, өмір оны кәсіпкерлік соқпағына түсірген екен. Бүгінде Бидайық ауылындағы фермерлік шаруашылықтың басшысы. 57 гектар алқапқа егін егіп, қара мал, қой, жылқы өсіреді. Атап айтарлықтай көп те емес. Бірақ шағын болса да шаруасын шыр айналдыруда.

– Әр адамның өз несібесі бар дегенге сенемін. Менің таңдауым осы болды. Шағын болса да кірісім бар, жұмысым бар. 4 балам­ды бағып-қағуға, қолымнан келгенше жақсылық жасауға жетіп жатыр. Әр адам осылай еңбек етсе, ауыл да дамиды деп ойлаймын, – дейді Амангелді Солтанұлы.

Ресеймен шекарада тұрған Бидайық ауылында 30 фермерлік шаруашылық бар екен. Әрқайсысы 50-60 гектардан болса да егін егіп, астық алып отыр. Бұл жақта гектар берекелілігі 10 центнердің шамасында. Бұған қоса жайылым көп болғасын, мал қысы-жазы далада бағылады.

Жалпы аудан тұрғындары ата кәсіптен қол үзген жоқ. Керісінше, жайлауын төрт түлікке толтырып, жайлы өмір сүруде. Осының бәрі де еңбексүйгіштік пен ерік-жігердің арқасы.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: “Жолдасбай – Агро” ЖШС директоры Сүйіндік Жолдасбаев жұмысшылармен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp