«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕС ЖЫЛДА — 100 МИЛЛИОН КӨШЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов биыл атқарылған жұмыстарды саралап, келер жылдың міндеттерін ортаға салды.

Өңірде 12 орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғайтын бір мекеме жұмыс істейді. Орман алқаптарын толықтыру, түрлі зиянкестер мен тілсіз жаудан қорғау аталмыш басқарманың құзыретінде. Орман-тоғай қорын ұлғайтудың кешенді жоспары әзірленіп, “Жасыл Қазақстан” ұлттық жобасына енгізілген. Жыл басынан бері 868 гектар жерге 3,5 миллион көшет егілген. Алдағы 5 жыл ішінде 20 мың гектарға 100 млн. көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Бейбіт Қайыркешұлының айтуынша, 207 млн. теңгеге 11 өрт сөндіру көлігі сатып алынып, мекемелердің материалдық-техникалық базасы жақсара түскен. Өрт шекараға қарамайды. Сондықтан Ресейдің Омбы, Қорған және Түмен облыстарындағы әріптестермен бірлескен іс-қимыл жүргізу жөнінде келісімдер жасалған.

Алайда қолға алынған кешенді шараларға қарамастан облыс аумағында биыл 223 өрт оқиғасы тіркелген. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 59 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған. Орман заңнамасын бұзғаны үшін 212 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Жер асты суларының көтерілуі салдарынан орман алқаптарының бүлінуі секілді жайттар орын алған.

– Өңір аумағында орналасқан 501 су айдыны 302 балық шаруашылығы субъектілеріне жалға берілген. Биыл балық аулау көлемі 887 тоннаны құраған. 186 су айдынына 147 млн. шабақ жіберілді, – деді Бейбіт Исманов.

Басқарманың негізгі қызмет түрлерінің бірі – мемлекеттік орман қоры аумағында жануарлар дүниесін қорғау. Облыста 47 аңшылық шаруашылық құрылған. Түз тағылары қыстан аман шығуы үшін орман шаруашылықтарында 26000 сыпыртқы, 321 тонна пішен, 46 тонна астық дайындалды. Барлық дайындалған жемазық қыс мезгілінде жабайы жануарларды азықтандыруға жұмсалады.

Су объектілерінің ластануын және сарқылуын болдырмау мақсатымен Есіл өзенінің салаларында су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобалары әзірленді. Жағалауларды тазарту акциялары жүйелі түрде өткізіледі. Биыл Пестрое көлі мен Есіл өзенінің жағасы тұрмыстық қоқыстардан тазартылды. Іс-шараларға университет, колледж студенттері, мектеп оқушылары, волонтерлер белсене қатысты. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде “Таза су қоймалары – таза жағалау” акциясы да жүргізілді.

Облыс аумағында қалдық төгетін 456 орын болса, соның 16-ында ғана барлық рұқсат құжаттары бар. 308 нысанға жер актілері ресімделген. Аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде 9 полигон құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Бүгінге дейін 172 жобалау материалдары қаралып, 73 мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы берілді.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp