«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында: “Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалға­сады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақ­таламыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет”, – деп атап өтті. Біздің ауданымыз да елмен бірге еңбек етіп, дамудың даңғыл жолын таба білді. Осы жылдарда көптеген ілкімді істер тындырылды. Пандемияға қарамастан, алға қойған мақсаттарға жетіп келеміз. Осындайда “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген халқымыздың жақсы мақалы ойға оралады.

Шағын және орта бизнес – эко­номиканың күретамыры. Еліміз егемендік алғаннан бері бұл сала ерекше қарқынмен дамыды. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Соның бірі – “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы кәсіп ашқысы келетін ауыл тұрғындарына үлкен демеу. Биылдың өзінде гранттық қаржы­ландыру аясында үш жоба об­лыстық комиссияның қолдауына ие болды, Жұмсақ жиһаз жасау, ұлтық сусын – қымыз шығару, тамақ өнімдерін, соның ішінде кондитерлік өнімдер өндіру жобалары қаржыландырылды. Ал “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы жүзеге асырыла бас­тағаннан бері 258 млн. теңгенің 8 жобасы іске асып, жаңа жұмыс орындары ашылды.

Экономика дамуының негізгі көр­сеткіштерінің бірі – тартылған инвестиция. Биыл негізгі капи­талға құйылған инвестиция көле­мі 5287 млн. теңгені құрады. Со­ның ішінде жеке инвестициялар көлемі – 5211 млн. теңге. Нәти­жесінде ауданда өнеркәсіп өнім­де­рін өндіру көлемі 1069 млн. тең­геге жетті.

Ата-бабамыздан аманатқа қал­ған жеріміз қаншалықты кең бол­ғанымен, оны дұрыс пайдалану аса маңызды. Ауылды жерлерде жайылым жетіспеушілігі бар екенін естіп, тексере келе 86 мың гек­тар алқап пайдаланылмай жатқа­ны анықталды. Соның 51 мың гек­тары мемлекеттік меншікке қай­тарылды. Бүгінде жайылымдық жерлерді 8 мың гектарға ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ауданның агроөнеркәсіптік кешенінде қолданылатын техни­ка ша­мамен 68 пайызға ескірген. Кей­бірі кеңес заманынан бері пай­даланылып келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы техникасын жаң­ғырту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. 2018 жылы 77 жаңа техника сатып алынса, жылдың басынан бері 148-і жет­кізілді.

Ата кәсібіміз – мал шаруашы­лығын дамыту мақсатында жалпы сомасы 5,4 млрд. теңгеге төрт инвестициялық жоба іске асырылуда. 5,6 мың бас асыл тұқымды мал сатып алу және 43 жаңа жұ­мыс орнын құру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтатын болсақ, Ақбұлақ ауылындағы “Орда Солтүстік KZ” ЖШС-і 5000 бас ірі қараны бордақылау алаңын мон­таждау жұмыстарын жүргізуде. Жоба қуаттылығы – жылына 15,0 мың тонна ет өндіру. “Жолдас­бай-Агро” фермерлік шаруашы­лығы Кішкенекөл ауылында 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. 50 гектар жер телімі берілді, жоба құны 2 млрд. теңге. Симменталь тұқымды мал Еуропадан әкелінеді. “Шыңғыс хан” шаруашылығы 15 млн. теңгеге 240 бас қой сатып алды, оның 12 млн. теңгесі “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы қаржылан­дырылды. Жалпы аудандағы ауыл шаруашылығы кооперативтері, фермерлік шаруашылықтар биыл 730 асыл тұқымды ірі қара сатып алды.

Пандемия кезінде адамдардың бетпе-бет кездесуін, бір жерде шоғырлануын шектеу мақса­тымен көп шара онлайн өтті, цифрландыру саласы да жаңа деңгейге көтерілгені белгілі. Соң­ғы екі жылда 15 елді мекенде “Beeline” 3G ұялы байланысы орнатылды. Дегенмен әлі күнге дейін өркениеттің игіліктері жет­пеген 4 ауыл бар. Тілеусай, Жасқайрат, Золотая Нива, Қарашілік елді мекендерінде алдағы жыл­дары бұл мәселе толығымен ше­шілетін болады.

Жол мақсаты – жету. Кішкене­көл ауылының кен­тішілік жолда­рына 333 млн. тең­геге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығының 10 көшесі­не асфальт төселді. Облыстық маңызы бар Кішкенекөл – Телжан – Мортық – Тлеусай – Қаратерек жолы орташа жөндеу көрді. Ендігі мақсат – Ақжар ауданының Дәуіт ауылынан Кішкенекөлге дейінгі учаскені күрделі жөндеу. Биылғы жылы жобалық-сметалық құжат­та­маны әзірлеу басталды.

Тоқырау жылдары жарық жаппай сөніп, электр желілеріне дейін қолды болған елді мекендердің көшелерін жарықтандыру бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Тек өткен жылы осы мақсатқа 59 млн. теңге бөлінді. Биыл тағы 60 млн. теңге қарастырылып, 513 шам орнатылды. Әсіресе шеткі көшелерді жарықтандыру жұмыстарына басымдық берілді.

Аудан тұрғындарының 95 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. 10 елді мекенде су тазарту жүйесі орнатылған, 15 ауылдың тұрғындары су тарату пункттерін пайдаланады. Биыл Қулы­көл, Қаратал ауылдарындағы су тарату желілерін жөндеу басталды. Бүгінгі таңда 60-тан астам үйге су жеткізілді. Сонымен қатар ауданның 6 елді мекенінде су тарату мұнарасын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Еліміздің оңтүстігінен солтүс­тігіне қоныс аударатын азаматтарға жәрдемақы бөлудің қазіргі тәсілдері қайта қаралатын бола­ды. Мемлекет басшысы оларға үй салу үшін ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер учаскелерін беру мүмкіндігін қарастыру, сол арқылы мемлекеттік қолдау шараларына неғұрлым кең қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы тапсырма берді. Биыл Уәлиханов ауданына 51 отбасы немесе 175 адам көшіп келді. Бар­лығына субсидиялар төленді және тұрғын үй жалдау бойынша шығындарын өтеуге 35 млн. теңге қаражат жұмсалды. Еңбекке жарамды 45 адам жұмысқа орналастырылды, бес адам грант, біреуі кредит алып, жеке бизнеспен айналысуда.

Соңғы жылдары медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықтарын жаңартуға ерекше назар аударылуда. Өткен екі жыл ішінде бұл мақсатқа 140 млн. теңге жұмсалды. Аудандық аурухана цифрлық маммографпен, жылжымалы медициналық кешенмен, биохимиялық анализатормен, тредмил орнатушымен және “Жедел жәрдем” машиналарымен толықты. Бүгінде аудандық емхана салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл – аудан тұрғындары үшін аса маңызды әрі қажет жоба.

Саламатты өмір салты мен спорт – денсаулықтың кепілі. Ауданда 148 спорт ғимараты жұмыс істейді. 795 бала мен жасөспірім спортпен шұғылданады. Соңғы уақытта Жасқайрат ауылында 2 млн. теңгеге көше спорттық тренажері орнатылды. Аудандық стадионның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру үшін 191 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында аудан орталығында жабық мұз айдынының құрылысы басталды. Ол үшін облыстық бюджеттен 144 млн. теңге қарастырылған. Нысан 2022 жылы қолданысқа беріледі.

Жастарға сапалы білім беру – мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі. Биылдан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа ел бойынша тағы 1,2 триллион теңге жұмсалатыны белгілі. Соңғы екі жыл ішінде ауданның білім беру саласына 50-ге жуық жас маман келді. Кадр тапшылығы 10 пайызға төмендеді. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша түлектердің орташа ұпайы 78,9 пайызды құрады, бұл облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш. 106 оқушының 86-сы жоғары оқу орындарында грантқа түсті. Аудан оқушылары түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие бол­ғанын атап өткен жөн.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: “Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу”, – деді. Бұл әр азаматтың, әр тұрғынның міндеті, келер ұрпақ алдындағы борышы деп білемін.

Қайрат ПІШЕНБАЕВ,

Уәлиханов ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp