«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕНІҢ ӘКЕМ – ЖАҚСЫ АДАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен – жазушының баласымын. Қазір қызмет бабымен Пет­ро­павл қаласында тұрып жатқан жайым бар. Оқырмандарға ас­қар тау әкем жайлы айтып берсем деймін. Әкем Мәди Хасенов ті­рі болғанда 1 желтоқсанда 85 жасқа толар еді. 56-ында жал­ған өмір­ден озды. Әкем еске түскен сайын “адам ұрпағымен мың жа­сай­­ды” деген тәмсіл ойыма оралады да тұрады. Пе­шенесіне ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, армандай күт­кен еге­мендігі­міз­дің арайлы таңын бір жыл ғана қызықтау жазылғаны­мен, шы­ғармашылық жолына үңілетін болсам, қам­шының са­бын­дай қыс­қа ғұмырында қазақтай қайсар да қа­быр­ғалы ұлты­ның жеке мем­лекет ретіндегі азат­тығын аңсап өт­ке­ні, бұл ұс­танымды өмір­лік мақсатқа айналдырғаны айқын аң­ғарылады. Асты да, үсті де ен байлыққа толы Ұлы даланы ме­кен­деп, жат үшін алдындағы ма­лын, кеудедегі жанын бөліп бе­ретін ер Тұ­ран­ның ұрпағы өзгенің қа­ба­ғына жаутаңдап қарап отырса, ер­кін рухы табанға жаншы­лып жатса, елдігіміз де, ер­лі­гіміз де әді­ре қалатынын ұлттық мүдде­нің шын шырақшысы саналатын зиялы қауым өкілдері, оның ішінде қолына қалам ұстаған жазушылар қапысыз аңдаған.

Әкем сол құрсаулы қоғамда өмір сүрсе де, еліміздің түбінде бүкіл әлем танитын ел боларына қапысыз сенген. Болашаққа үміт артқан азаттық ой-идеяларын шығармала­рынан анық аңғаруға болады. Туып-өскен жері – Зе­ренді ауданының Қошқарбай ауы­лы. Көкшетау педагогикалық учи­лищесін, ҚазМУ-ды бітіргеннен кейін барлық саналы ғұмыры бұ­рынғы Целиноград облыстық “Тың өлкесі”, “Коммунизм нұры”, “Арқа ажа­ры” газеттерінің шежіресімен қатар өріліп, артына “Алғашқы ән”, “Тұлпардың дүбірі”, “Қайсар”, “Тайталас”, “Нар тәуекел”, “Бер­лин­ді алған батырлар”, “Қайнар бұлақ”, “Қия­нат” секілді онға жуық әңгімелер, очерктер жинақтары мен повесть-ро­мандар қалдыр­ды. КСРО Жазушылар одағына мү­шелікке қабылданып, республи­ка­ның еңбек сіңірген Мәдениет қай­раткері атағы берілді. Дарын­ды жазушы, публицист-жур­налист ретінде үлкен сый-құрметке бө­ленді.

Әкемнен мұра болып қалған же­ке ар­хивін ақтарып отырып, “Зе­рендин” деген әдеби псевдо­нимді көп қолданғанын бай­қадым. Әде­би шығармаларына негізінен қа­зақ ауылдарының тіршілігін, ең­бек адам­дарының бейнесін, жал­пы адамгершілік қасиеттерді ар­қау еткен. “Ауруға – ем, сауға – қуат” очеркінде бие сауып, қымыз әзір­лей­тін механикаландырылған ферма жа­йын армандайды. “Жыл­қы түлігіне көбірек көңіл бө­ліп, бие байлау жөніндегі ауыл қарттарының “қымыз бабымен ашып, ұзақ піскенді, ішер алдын­да көп сапырғанды ұна­тады, кү­біні күнде жуып отырмаса қы­мыз­дың дәмі келіспейді”, – деген ұсы­ныстары көңілге қонады. Алайда фермадағы жүз литрлік күбілерді жу­мақ түгіл пісу де оңайға соқпай­ды. Сондықтан тоқпен істейтін піс­пек жасау керек. Бұдан бөлек, са­уын агре­гатына биелердің бойын үйретудің өзіндік машақаты бар екенін айтып, ауыл өмірінің ауыр тауқыметін шынайы бейнелейді. Жас орманшы туралы очеркінде “Жа­сыл әлем­ге жанашыр, қамқор­шы Қазыкеннің әу бас­та ұстанған қа­ғидасы – бір ағаш кессең, орны­на екі көшет отырғыз. Ал осы ағаш атаулының қолдан қалай егіліп, қалайша өсіп-өніп жатқанына бы­лай­ғы адам мән бе­ре ме? Жаңа­дан қылтанақтап келе жатқан кө­шет түйенің ботасынан артық кү­тім ті­лейтініне илана қоя ма?” – деген ой тас­тайды.

Бұрынғы Ақмола қаласында шы­ғып тұрған “Сарыарқа” журна­лын­да “Қиянат” романынан үзінді­лер басылып, қазақ да­ласының солтүстік өңірлерінде отаршыл­дық науқаны қалай жүргізілгені шын­шыл­дық­пен баяндалады. Кө­лемді еңбегінің бірі – “Нартәуекел” романы. Социалистік құрылыс­тың қызу қарқынын шеберлікпен су­реттей отырып, кеңестік шаруа­шы­лық басқару жүйесіндегі бю­рократизмді өткір сын садағына алады. Ізденімпаз кеңшар дирек­торы Мағжан (ол заманда бас ке­йіп­кердің Мағжан аталуының өзі де күмән ту­ды­руы мүмкін ғой) – сәтті шыққан образ.

Мен бұл мақалада марқұмның көптеген қасиеттері мен атақта­рын, жетістіктері мен еңбегі сіңген іс­терін жіпке тізгендей сана­ма­лағаннан гөрі есте қалған эпизод­тарын баяндауды жөн көрдім. Біз – бір кіндіктен 4 баламыз. Қарын­дасым 3 жасқа, мен 6 жасқа кел­генде асыл анамыз Раушан өмір­ден озды. Үлкен ағамыз Сапар 25 жа­­сында, әпкем Шынар бала ке­зінде қайтыс болды. Басына түс­кен ауыр сынақтар мен қайғыдан әкемнің қалай сынып кетпегеніне әлі күнге дейін таңғаламын. Ана­ның аялы алақанын, мейірімін көр­мегендіктен, әкем­ді қатты жақсы көретінмін. Кереуетке жат­қыз­ған­да мойнына асылып, құшағымнан жібермей маңдайынан ұзақ иіс­кейтінмін.

Кешке тамағымызды дайын­дап, ал түн мезгілінде шығарма­шы­лықпен айналысуға уақыт та­ба­тын. Еңбек етуге, өмір сүруге де­ген құштарлығы ерекше еді. Әкем­нің көз жанары нашар көріп, үс­телге мұрнымен таянғандай бо­лып отыратын. Жазудың инемен құдық қазғандай мехнатын қанша тартса да, денсаулығынан гөрі құлын­шақ­тарының жайын көбірек ойлайтын. Бәрінен бұрын ақкөңіл­дігі мен адамдарды өзіне магнит­тей тартып алатын қасиетін айт­саң­­шы.

Жоғары оқу орнында оқып жүр­генде Отан алдындағы азаматтық міндетімді ат­қаруға шақырылдым. Әскерден алып қал­ғысы келетінін сездірсе де, мен барамын деп шештім. Үйді қатты сағынып, жан­те­бірентерлік хаттар жазғаным есімде. Бір күні Ресейдің Орынбор қаласы маңында орналасқан әскери бөлімге әкем келіп тұр. Қуанышымда шек жоқ. Сонау алыс жерден дәмді тағамдарын арқалап жетіп келіпті.

Ұлықсың ба, кішіксің бе, оған адамдар­дың бәрі бірдей тең бо­латын. Ешқайсысын атағына, ман­сабына қарап бөліп-жармай­тын. Ар-намысты бәрінен жоғары қоя­тын. Ешкімді негізсіз қаралауға жол бермейтін. Біздің көшеде зат­тары салынған дорбасын арқасы­на асып жүретін мүсәпір жан тұр­ды. Әрі мүгедек еді, басы бір жа­ғына қисайып тұратын, тұтығып дұ­рыс сөйлей алмайтын. Әкем оған үнемі қамқорлық жасап, азық-түлікпен көмектесетін. Қаралы күн­дердің бірінде осы кісі біздің ша­ңыраққа келіп, қай­ғымызға ортақ­тасты, аят оқыды. Осы жағ­дай маған ерекше әсер етті, әлі күн­гідей көз алдымда.

Әкем жауапты қызметтер атқа­рып, коммунистік партияның мү­ше­сі бола тұра Жаратқанға деген сенімін жоғалтпады. Қасиетті жұ­ма күндері үйде шелпек пісі­ріле­тін. Маған ұсақ ақшалар мен қайт­қан адамдардың тізімін беріп, қа­ладағы жалғыз ескі мешітке са­дақа беруге жұмсайтын. Жазғы каникулда туған ауылы Қошқар­бай­­дағы Сағди ағасына жіберетін. Онда 3 ай бойы күнге күйіп, топы­раққа аунап, суға түсіп, қызыққа бататынбыз. Кеңшар қойын бағы­сатынбыз. Таң атқаннан күн бат­қан­ға дейін таза ауада асыр са­лып ойнайтынбыз. Кең далада бәйге ұйымдастыратынбыз. Одан қалса, шөп шабатынбыз, жидек теретінбіз. Сөйтсем, мен орыс мектебінде оқығандықтан ана тілімді ұмытпау үшін ауылға жібе­ріп тұрады екен ғой.

Бірде әкем қатты сырқаттанды. Ғұмыры­ның аз қалғанын өзі де сезіп жүрді, бірақ сыр білдірмеді. Қыркүйек айы, күн тамыл­жып тұр. Қайролла ағатайыммен бірге от­басылық мерекеге дайындалып жатқан­быз. Әкем жатқан облыс­тық ауруханадан шұғыл шақыру келіп түскенде жүрегім дір етті. Барлық істі ысырып қойып, шұғыл жет­тік. Жол бойы жаман ойлар тұла бойымды тұмшалап, жаным­ды қоярға жер таппадым. Пала­таға кіргенде әкемнің көзі жұмулы, сұлқ жатты. Жанында екі медици­на қызметкері тұр. Бір кезде әкем көзін ашып, маған үнсіз қарады. Бірнәрсе айтқысы келді. Бұл – соңғы бақұлдасуы еді. Жерлеу рәсіміне жиналған халықта есеп болмады. Ақтық сапарға шығарып салу театр ғимаратында өтті.

“Қиянат” деген соңғы романын көзі ті­рі­сінде баспадан шығарып үлгермеді. Ұқып­ты сақталған қол­жазбаны жинақ етіп шы­ғару жө­ніндегі аманатын балалары қалт­қысыз орындадық. Кітаптың тұ­сау­­кесер жиыны Президент кі­тапханасында ұйым­дастырылды. Үйінің қабырғасына ілінген ескі барельеф тақта ауыстырылып, оны қайта жаңартумен кәсіби мүсінші Ермек Тоқтаров айналыс­ты. Әкемнің қаламдас досы Ок­тябрь Әлібеков көп жәрдемдесті. Әкемнің басты арманы – немере қызығын көру еді. Ол күнді көре алмады. Тұңғыш немересі (қызым Динара) әкеміздің жылын берген күні, яғни 1993 жылы 27 тамызда дүниеге келді. Тұтас бір дәуір шежіресін жазып кеткен жазушы Мәди Хасеновтің есімі өзі барша тыныс-тіршілігінің жар­шы­сы бо­лып қызмет жасаған кешегі Ақ­мола, бүгінгі Нұр-Сұлтанның бір көшесіне беріл­се, нағыз игілікті шара болар еді.

Алыбым, асқар тауым – жан әкемнің сам­ғағанда күш-қуатыма, сүрінгенде тірегіме айналған бей­несі әркез көз алдымда. “Ме­нің әкем! Менің әкем – ең жақсы адам”, – деген жыр шумақтары бүкіл шығармашы­лығына ел өмі­рін арқау еткен асыл азаматқа ар­налғандай көрінеді.

Алмас ХАСЕНОВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp