«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Салт-дәстүр дәріптеледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жәния Өсербайқызы отбасымен ақылдаса келе, теріскейге көшуді жөн көрген. Оған қозғау салған – “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы. Таңдау Мамлют ауданына түскен. Облыс орталығына жақын және де төрт түлік өсіруге қолайлы жер болғандықтан солай ұйғарған. Аудан әкімшілігі қоныс аударушыларды құшақ жая қарсы алып, баспанамен қамтамысыз еткен.

Жәния Өсербайқызы – мамандығы бойынша мұғалім. Алайда Покровка мектебінде бос орын болмағандықтан көп ойланбастан жеке кәсіпкерлікпен айналысуды ұйғарған. “Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті. Уақытты босқа өткізбей, еңбек етіп, еліме қызмет қылайын”, – деген оймен бос тұрған дәмхананы жалға алады.

Бірде оған аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бибігүл Хасенова хабарласып, “Жоғары оқу орнын бітірген білімді қызыңыз бар екен. Бүгінде өз кәсібін ашқысы келетін 29 жасқа дейінгі жастарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер көрсетіледі. Соның бірі – 5 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз грант. Бизнес-жоспарды сәтті қорғап шықса, берілген қаражатты халыққа пайдалы іске жұмсар еді”, – деп кеңес берді. Содан қызы Мөлдір Анарбекова екеуі “Бизнестің жол картасы – 2025” кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге арналған мақсатты гранттар конкурсына қатысу үшін жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бел шеше кіріседі. “Жас қайың” атты этноауыл құру, сол арқылы спорт және туризмді дамыту жөніндегі бизнес-жоспар әзірлеп, нәтижесінде мемлекеттік грант ұтып алды.

– Басты мақсатым – этноауыл шеңберінде алты бақан, асық ату, қазақ күресі, қол күрес, тоғызқұмалақ, жамбы ату сынды ұлттық ойындар мен ата-баба мұраларын жастарға дәріптеп, қазақы салт-дәстүрлерге барынша тәрбиелеу, – дейді жас кәсіпкер Мөлдір Анарбекова.

Жоба авторының айтуынша, этноауылда сырға салу, беташар, қыз ұзату, құда күту, тұсау кесу, сүндет той секілді әдет-ғұрыптар да көрсетіледі. Келген қонақтарға қазақтың тағамдары – қазы-қарта, қымыз, шұбат, ағайындас өзбек халқының палауы, түркіменнің төңкерме, дүмламасы, түріктің қазанкебабы, қырғыздың нарыны сияқты әр түрлі ұлттық тағамдар да ұсынылмақ.

Этноауыл жанынан екі клуб құрылып, оның бірінде ақсақалдар мен әжелер жыртермелер айтып, құлақ құрышын қандырады. Екіншісінде болашақ келіндерге қонақ күту кәдесі, соған орай табақ тарту, ет мүшелеу, самса, бауырсақ пісіру, кеспе кесіп, нан жаю әдістері үйретіледі.

Этноауыл Покровка ауылының шетінде Ресей жаққа барар жолдың қиылысында орналаспақ. Қазір барлық дайындық шаралары басталып кеткен. Көктемге қарай өз есігін айқара ашпақ. Жас кәсіпкер мен анасының бұл бастамасын аудандық әкімдік те қолдап, жан-жақты көмек қолын созуда.

Төлеген ЕРАЛИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp