«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Талғаттың таңдауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл туралы сөз болса ондағы қайнаған өмір, қарапайым адам­дардың тұрмыс-тіршілігі еске түседі. Шіркін, ауылдағы жыл­дың төрт мезгілі – төрт түрлі құбылыс, төрт түрлі көрі­ніс еді ғой! Жер қарая диқандар соқа-сайманын сайлауға кіріссе, жаз бойы шөп шабады, күз – берекелі ай ғой, қыс та түрлі қызық­қа толы болатын. Балалық шақта адам арманшыл келеді. Алды­мен көргеніне, есті­ге­ніне еліктесе, мектеп табалдыры­ғын ат­та­ғаннан кейін үлгі-өнегені ата-анасы мен мұғалімнен алады. Одан сырт ауылдағы үлкендердің ақ баталары да келешекке бағ­дар беретіндей көрінетін. “Алғыс алған алысқа ұшады” деген сөз өмірлік тәжірибеден алынған ғой.

Ауыл өміріне аса қажетті ма­ман­дықтар – диқаншылық, оқу-ағар­ту ісі, мәдениет және денсау­лық сақтау салаларына байла­ныс­ты екені белгілі. 1968 жылы өзі­міздің Ақсу ауылындағы сегіз жыл­дық мектептің директорлығына Есім Есмағұлұлы тағайындалды. Ағамыз отбасымен бірге қоныс ау­дарды. Бұл әулет маған бөтен емес еді. Себебі дәл сол жылы бұ­рынғы Октябрь ауданының Ленин орта мектебін 75 түлек тамамда­дық. Солардың бірі – Есім ағайдың баласы Талғат болатын.

Талғат Есімұлы мектепті бітіре са­ла Петропавл ауыл шаруашы­лы­­ғын механикаландыру техни­ку­мы­на оқуға түсіп, 1971 жылы тех­ник-электрик мамандығын алып шық­ты. Ол білім алумен қатар қо­ғам­дық жұмыстарға да белсене ара­ласты, спортпен де шұғылдан­ды. Танымал балуан, КСРО-ның құр­­метті жаттықтырушысы Жам­был Та­семеновтен тәлім алған ол клас­сикалық және еркін күрестен спорт шеберіне үміткерлікке дейін жетті.

Досым әскер қатарына шақы­ры­лып, 1971-1973 жылдары Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келеді. Жігерлі жас жігіт әс­кер­ден келе, “ВЛКСМ-ның 50 жыл­дығы” кеңшарының комсомол ұйы­мына жетекшілікке сайланды. Бір­ден жастармен жұмысты жандан­дырды. Аз уақыт ішінде кеңшарда­ғы көркемөнерпаздар мен спорт үйірмелері аудан, облыс бойынша жақсы жетістіктерге жете бастады. 1976 жылы Новопокров клубының жа­нынан құрылған драматургия­лық ұжым “Халық театры” атағына ие болды.

Комсомол сапында шыңдалып, тәжірибе жинаған ол 1979 жылы жа­ңадан құрылған “Еңбек” кеңша­ры­на бас энергетик болып таға­йын­далды. Талғатқа қандай жұ­мыс­ты тапсырсаң да бар күш-жіге­рін салып, тиянақты атқаратын. Алайда оған әке жолы бәрінен жа­қын еді. Марқұм әкесі Есім Есма­ғұлұлы соғыс ардагері болатын, майданнан аман оралған ол 1946-1968 жылдары Ленин орта мекте­бінде дене тәрбиесі, әскери істер және тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Ал 1968-1976 жыл­дары Ақсу сегізжылдық мектебінің директоры болғанын жоғарыда айт­тым. Анасы Күлшара Қасым­қы­зы да – ұлағатты ұстаз, нағыз ба­тыр ана. Ол бастауыштың бал­ғындарына сабақ берді. Әпкелері – Ботагөз бен Сәуле де мұғалім­дікті таңдап, математика пәнінен дәріс берді, екеуі де жоғары бі­лімді мамандар.

“Еңбек” кеңшарында бас энер­гетик болып жұмыс істеп жүрген Талғат ұстаздыққа бет бұруды ұй­ғарады. Петропавл педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай оқып бітірген ол 1986 жылдан бастап, 2001 жылға дейін Жаңасу орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берді. 2001 жылы Шал ақын аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен әкесі қызмет еткен Ақсу негізгі мектебінің директор­лығына тағайындалды. Көптеген қиындықтарды жеңе отырып, бұл қызметті 2014 жылға дейін абы­роймен атқарды.

Жақсы басшы жаңалыққа құш­тар келеді. Талғат Есімұлы мектеп ұжымы мен ата-ана арасындағы қа­рым-қатынасты дұрыс жолға қоя білді. Мектеп оқушылары түрлі көркемөнерпаздар байқау­лары­на қатысып, аудан, облыс бойын­ша биік белестерге жетіп жүрді. Ақ­су ауылындағы барлық іс-шаралардан қалыс қалған емес. Талғат Есімұлының еңбегі еленіп, бірне­ше рет аудан, облыс оқу бөлімде­рінің Құрмет грамоталарымен ма­рапатталған. Зайыбы – Қалияш Жартыбайқызы да оқу-ағарту са­ласының ардагері. Ол математика пәнінен сабақ берді. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.

Әшім ЖЫЛҚАЙДАРОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp