«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КВИ-дің «Омикрон» штамына байланысты өңірде 37 адам карантинде отырды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты өткен отырыста тиісті ведомство өкілдері есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО 6 желтоқсаннан бері «сары» аймақта. Ал 15 желтоқсаннан бастап өңірде шектеу шаралары жеңілдетілді. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, соңғы екі аптада коронавирусты жұқтырғандар саны 1294-тен 975-ке дейін, 25 %-ға кеміген. Жалпы өңірде ауырғандар саны азайған, тек Аққайың ауданында 1,3 есе өсім бар.

«2021 жылғы 30 қарашада ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Омикрон» коронавирустық инфекция штамын ел аумағына әкелудің алдын алу жөніндегі шараларды күшейту туралы» № 51 қаулысы шықты. Осы қаулының негізінде «Омикрон» тіркелген елдерден келгендер үй карантиніне алынады және келген сәттен бастап 7 тәулікке медициналық бақылауға алынады.

30 қараша мен 21 желтоқсан аралығында шекаралық бақылау пункттері арқылы Ресеймен шекаралас автомобиль жолдары арқылы 17163 адам мемлекеттік шекараны кесіп өтті, оның ішінде 8225 адам жүк тасымалдаушы және 8876 адам жолаушы. Соның ішінде ПТР-ға анықтамалары бар 8816 жолаушы болған, ҚР азаматтары – 60 адам анықтамасыз келді және COVID-19-ға зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарларға орналастырылды. 62 шетел азаматына кіруге тыйым салынды, өйткені олардың ПТР-тест нәтижесі болмаған. «Омикрон» тіркелген елдерден автокөлік арқылы келгендер тіркелген жоқ», – дейді Әсет Жұматаев.

Алайда осы аралықтаоблысқа халықаралық әуе рейстерімен 37 адам келген. Оның ішінде 14 адам Германиядан, 1 адам АҚШ-тан, 1 адам Италиядан және 21 адам Египеттен келді.

«Барлық келгендер бойынша бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің № 51 қаулысының талаптарына сәйкес қажетті шаралар қабылдау үшін тұрғылықты жері бойынша аумақтық басқармаларға хаттар жіберілді. Бұл адамдар медициналық бақылауға алынып, келген сәттен бастап 7 күн үй карантинінде болады», – дейді өңірдің бас санитар дәрігері.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp