«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір ауылдың топырағында аунап-қунап өскен ерлі-зайыпты Манарбек пен Рахила Бектембаевтардың отбасы – тамыры тереңге жайылған үлкен әулет. Мәуелі ағаштай көркейіп, жапырағы жайқалған отбасының қос бәйтерегіне қарап, еңбексіз өмірдің мәні де, сәні де жоқ екеніне көз жеткізе аламыз.

Еңбек ардагері Манарбек Сә­дуақасұлы 1940 жылы қаймағы бұ­зылмаған қазақы ауыл – Сулы­шоқта дүниеге келді. Бұл жер – ата-бабаларының ежелгі қоны­сы, құтты мекен. Шаруашылыққа қо­лайлы, айналасында аққайың алқаптары жайқалған, жан-жағы тұнып тұрған көк орай шалғын. Ауылдағы Еңбекшіқазақ орта мек­тебін тамамдаған бозбала Успен­када механизатор мамандығы бойынша үш айлық курста оқиды. Ба­лалық шағын соғыс ұрлап, ер­те есейген Манарбек Бектембаев он алты жасынан еңбектің қаза­нында бұрқ-сарқ қайнады. Әсіре­се тың игеру кезінде ол Беларусь МТЗ-2, МТЗ-5, шынжыр табанды ДТ-54 тракторларын тізгіндеп, мол тәжірибе жинады. Оның есін­де ерекше қалғаны К-700 трак­то­ры. Өйткені кеңшар басшылығы майталман механизаторға 1000 гектар жер жыртқаны үшін “Урал” мотоциклін сыйға тартқан екен.

Бар болса тасымайтын, жоқ бол­са жасымайтын, сабырлы, кө­ңілі жомарт, құшағы кең азамат адамгершілік дейтін асыл қасиет­ті бәрінен биік қойды. Ол кез кел­ген істе озат атанып, тіпті Мәс­кеуде өткен халық шаруашылығы жетіс­тіктерінің көрмесіне де қа­тысқан болатын. Еселі еңбегі еленген ауыл еңбеккері бірнеше рет ши­па­жайларда демалғанын мақ­та­нышпен жеткізді. 1995 жы­лы зей­нетке шығып, еселі еңбек­тің өтеуі ретінде “Тың игеру”, “Ең­бек ар­дагері” медальдарына ие болды.

Еңбекпен ішкен дәмнің тәттілі­гін, тер төге істеген істің сәттілігін жа­стайы­нан түсінген ол қиын­шы­лық көріп, ауыртпалықты сезінсе де мойымады. Таңмен таласа тұ­рып, ымырт түсе үйге оралатын ол танап басында жер жыртып, дән сеуіп, шөп шауып, күзге дейін бір тыным тапқан жоқ.

Құдай қосқан жары Рахила апаймен отбасын құрып, өмірінің жаңа кезеңі одан бетер жарқырай түсті.

“Табысқа жеткен ер азамат­тың артында бір мықты әйел тұ­ра­ды” дегендей ер азаматтың абы­рой-беделі үйдегі жарына бай­ланысты. Жар таңдаудан қа­телеспеген Манарбек Сәдуақа­сұ­лының қолына қондырған құсы бақытын еселеді. Бектембаевтар әулетіне құтты келін атанып, от­ба­сын қуанышқа кенелтті. Ерінің де көңілін тауып, үй мен түздің ша­руасын бірдей атқарды. Отбасы, ошақ қасында отырып қалған жоқ. Ең бастысы, бала-шағаның қамы үшін кез келген жұмысты істеп, шаруаны ұршықша иірді. Қой қырқып, сауыншы да болды.

Аталмыш әулеттің байлығы да, мақтанышы да – балалары. Туған жерінде еңбек етіп, ауыл­дың өркендеуіне өз үлесін қосқан қос бәйтерек Бағдат, Құралай, На­зымбек, Ақнұр, Айнұр, Темірбо­лат есімді алты перзент сүйді. Бү­гіндері ұрпағымен бақыт құша­ғын­да тербелген жұп елдің аман­дығын, Отанымыздың тынышты­ғын тілеуден жалыққан емес. Ал­пыс жыл бір шаңырақ астында та­ту-тәтті тұрып, көпке өнегелі іс­те­рімен үлгі болған қазыналы қарт­тарға көпшілік қызыға да, қызғана қарайды. Ата-анасының сеніміне селкеу түсірмей, үмітін ақтаған аяулы перзенттері әке-шешесінің алақанын жылы суға малып, бар құрметтерін көрсетуде. Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp