«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ҚОЛДАУҒА ИЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2016 жылдан бері орталық атқарушы органдардың басшылары, әкімдер есеп беру кездесулерін өткізіп келеді. Ондағы мақсат – мемлекеттік басқару жүйесіне азаматтарды белсенді түрде қатыстыру, жергілікті биліктің жауапкершілігін арттыру, қоғамды одан әрі демократияландыру, тұрғындарды елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар ету, жергілікті жерлерде қордаланып қалған түйткілді проблемаларды шешуге барынша ықпал жасау.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі” Жолдауында: “Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар үшін жұмыс істеуі тиіс. Бұл, бірінші кезекте, жергілікті билікке қарата айтылып отыр”, – дей келіп, азаматтармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен айналысатын әкімдіктер жұмысын ширату қажеттігін ескертті. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті кейде олардың орнына шешім қабылдауына тура келетіні, түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабылеті жетпей жататыны, орталыққа жалтақтап жұмыс істейтіні атап көрсетілді.

Осы кемшіліктерді жою үшін барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыруға тапсырма беріліп, тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізу ұсынылды. Бұл тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы жайлы шынайы мәлімет алуға болады. Формальды есептерден гөрі сауалнамадан жұртшылықтың көңіл күйі анық аңғарылады. Тұрғындар үшін негізгі түйткілдер – жұмыс, ауызсу тапшылығын жою, жол қатынасын жақсарту секілді әлеуметік мәселелер екені айтпаса да түсінікті. Ошақтың үш тағаны сияқты осы өзекті жайттарды ретімен шешудің жолдары жан-жақты қарастырылған. Мен басқаратын ауылдық округте үш елді мекен болса, тұрғындардың саны 800-ден асады. Экономикалық қызметтің негізгі арнасы – ауыл шаруашылығы, осы себепті іргелі серіктестіктермен тығыз байланыстамыз. Олардың арасында “Шатило және К” ЖШС-ін ерекше атап өткен жөн. Негізінен ангус және герефорд тұқымды ірі қара өсірумен және егіншілікпен айналысады. Бүгінгі күні мал басы 1500-ге жетті, екі жүздейі – сауын сиырлар. Сол сияқты “Мария” жеке кәсіпкерлігінің көрсеткіштері де көңіл қуантады.

Басты міндет – болашағы бар ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөліп, өңірлік стандарттар жүйесіне сай келуін қамтамасыз ету. Орта және шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын жерлестеріміз ауыл шаруашылығының әлеуеті зор екенін жақсы түсінеді. Кәсіпкерлер Л.Дробышева, С.Кордыш, С.Досымов, В.Колбик, тағы басқалары тұрғындарға азық-түлік пен бірінші қажетті тауарларды қолжетімді бағамен сатып алуға жан-жақты мүмкіндік тудырып отыр. Казанкада “Шатило және К” серіктестігінің наубайханасы орналасқан. А.Шатохин теміржол стансасынан көмір жеткізумен шұғылданады.

Қазақстан әлеуметтік мемлекет саналады, сондықтан азаматтарды жан-жақты қолдау – басты міндеттердің бірі. Округте көмекке мұқтаж жандар әлеуметтік көтермелеу шараларынан тыс қалмайды. 145 зейнеткер, 22 мүгедек жан толық қамқорлыққа алынған. Бір отбасы әлеуметтік көмек алады. 18 адам қоғамдық жұмыстарға жіберіліп, ауылдарды абаттандырумен, иесіз аумақтарды жинаумен, қоғамдық малға жемшөп әзірлеумен айналысты. “2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында екі адам қайта даярлау курстарынан өтті. Дәнекерлеуші, тракторшы мамандықтарын алып шықты. Қазіргі уақытта ауылдағы жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызға жуық. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 1,3 пайыз төмендеді. Коронавирустық пандемия кезінде табысын жоғалтқандардың бәріне ең төменгі жалақы – 42500 теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленді. Аз қамтылған отбасылар мен қарттарға “Біз біргеміз” акциясы шеңберінде азық-түлік жиынтығы үлестірілді. Казанка, Екатериновка, Светлое ауылдарында 15 жалғызілікті зейнеткерге төрт әлеуметтік қызметкер көмек көрсетеді.

Ауқымды жобалардың бірі – абаттандыру. “Бірге болайық, ауылымызды таза ұстайық!” акциясына тұрғындар белсенді қатысты. “Шатило және К” ЖШС-нің басшысы О.Адамның бастамасымен Казанка елді мекенінде көшелерге қиыршық тас төселді. Балалар ойын алаңы қалпына келтірілді. Демалыс саябағы абаттандырылды. Жоғары жылдамдықты интернет істеп тұр. Екатериновкада гүл отырғызылды. Жол белгілері орнатылды.

Жолдауда денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға үлкен мән берілді. “Отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің, аяғыңның қадірін ақсағанда білерсің” демекші, әлемді жайлаған коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. “Бірінші байлық – денсаулық” деп бекер айтпаған. Округте жұмыс істейтін медициналық пункт пен медициналық кабинетте көрсетілетін қызметтердің негізгі түрлері – науқастарды қабылдау, шұғыл медициналық көмек көрсету, вакцинация және скрининг жүргізу. Артериялық гипертензиямен – 75, жүректің ишемиялық ауруларымен – 22, қант диабетімен 11 адам диспансерлік есепке алынған. Екпе егу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Денсаулықтың басты кепілі – дене шынықтыру мен спорт. Бұл жағынан да мақтана аламыз. Казанка орта мектебінде талапқа сай жабдықталған спорт залы мен спорт алаңы, Екатериновкада хоккей корты, мәдени-демалыс орталығы жұмыс істейді. Ауылдық округтің командасы облыстық футбол додасына қатысып, жүлделі үшінші орынды иеленді.

“Бірлігіміз – әралуандықта” деген басты ұстанымымыз өзгермейтінін Мемлекет басшысы тарихи құжатта ескертіп өтті. Этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы мемлекеттік саясаттың бір бағыты болып қала береді. Келісім мен толеранттылық –мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы. Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде тарихи мұраларымыз бен мәдени әлеуетімізді тиімді пайдалануға әркез баса мән беріледі. Округте Мәдениет үйі, “Достық” мәдени-сауық орталығы, екі кітапхана бар. “Казанская жемчужина”, “Ложкари” ән-би ұжымдары, “Женские сердца” мәдени-фольклорлық клубы өз өнерімен көпшілікке жақсы танымал. “Шатило және К” ЖШС-і Казанкада фитнес орталығын ашу үшін жарты миллон теңгенің спорттық құрал-жабдықтарын сыйға тартты.

Виктория ЕРОФЕЕВА,

Казанка ауылдық округінің әкімі.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp