«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кенже бала

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Дүниенің басы – той,

аяғы – мұң!” –

деген сөзін ұқпаппын баяғының…

Азасынан анамның қайтарымда,

келді менің қасыма таяп інім.

Аты әйгілі әулеттің “Шық бермесі”,

(Қонақ жайлап,

халықты күткен де осы)

әкесінің – иықты шаруақоры,

шешесінің – сүйікті сүт кенжесі.

Осыншалық білсемші ойлы еді деп,

кейде шалқып жүретін,

кейде жүдеп.

Шал секілді жер шұқып отырды да:

орағытып алыстан сөйледі кеп:

– Әкең де жоқ,

шешең жоқ үйімізде,

қаламыз ба қалыпты күйімізде?..

Бұрынғыдай ойыңды бөлмейсің ғой,

келмейсің ғой, сен енді жиі бізге!

Қаршадайдан қол үзіп кеткен едің,

елге өзіңнен ертерек жетті өлеңің.

Таңылдым мен бейнеткеш босағаға,

Танытсын деп алаңсыз көпке өнерін.

Көңілімді кемпір-шал сезетін-ді,

кең дүниені қиялым кезетін-ді.

Ошағы үшін осынау шаңырақтың

өз кеудемде сөндірдім өз отымды.

Жолға қара,

деген соң жөнге қара,

Ие болдым отын-су,

мал қораға…

Кенже бала – алатын сауапты да,

жауапты да беретін – кенже бала.

Бүлдірмеген тойымсыз көз кімдерді,

бармасымды алысқа сездім де енді.

Қаптап жүрген оқыған “феодалдан”,

қайтсем-дағы оқ бойы озғым келді.

Болмашыға қор болған балғын шақ-ай,

Бір шетінен қаланың салдым сарай,

Талабымның тартылып дариялары,

арал құсап Аралда қалдым солай!

Шыдатты салт,

бәріне шыдатты әдеп.

Жетер ме едім әлі де мұратқа көп.

Көз жұмарда кемпір-шал тағы өтінді:

“Шаңырақты қалай да құлатпа!” – деп.

Ақтық сөзді аттауға бар ма амалым,

тіршіліктің тізгінін қолға аламын.

Тарайсыңдар түгелдей шартарапқа,

туған үйде шошайып мен қаламын…

“Жоқ нәрсенің қыласың несін қайғы?

Айттың, – деме, – қайдағы тосын жайды!”.

Алда бұлай,

кемпір-шал бардағыдай,

қосылмайды-ау,

басымыз қосылмайды…

Кеңес берер кемеңгер болмасам да,

қай бетіммен қараймын елге сонда?

Басқа екен ғой орыны қыз баланың,

байғұс апам бас сұғар анда-санда.

Анау үлкен ағаның жайы бөлек,

ал сен болсаң бақ қуып, байып әлек.

Тым құрыса жылына бір соғыңдар,

тұрмағанмен тықақтап айына кеп…

… Ертеңіне – Апайым,

Мен және Аға –

әрқайсысымыз аттандық әр қалаға…

Қақпа алдында қол бұлғап қала берді,

қала берді кемсеңдеп… Кенже бала…

 

Жарасқан ӘБДІРАШҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp