«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАСИЕТТЕН ҚАШҚАНЫ НЕСІ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құдамыз еді. Ата жолымен бас табаққа іліккенбіз. Бізден басқасы жетпіс-сексенді алқымдап қалған ақсақалдар, арасында заманында аудан, облыстағы әлденеше саланың екі тізгін бір шылбырын қолға ұстаған, бұл күнде жалпақ жұртқа ақыл айтып жүрген абыздар да бар.

Жайғасып отырған соң көп күттірмей табақ та жеткен. Анығында астау. Кәдімгі сау қайыңнан шапқан, екі шетіндегі ерне­уінен екі жігіт әрең көтеріп әкелген астау. Жылқы еті екен. Астаудың жарым жарты­сын қыртысы қалың омыртқа алып жатыр. Жазда аузыңа тие бермейтін жеңсік ас жал-жая да, жеңді білектей қарта да осында. Туыралып жатқан тұтас қазы үш елі. Қой етін араластырыпты. Тұтас сүбе, еті мол тоқпан жілік. Мол астауда, бәрінің үстінде қойдың басы.

Ақсақалдарды әуре етпейін деді ме, әлеңкедей жаланған жас жігіт келіп ет ту­рай бастады. Алдымен қолына басты ұс­та­ды. Төңірегін барлай қарап ойланып тұрды да, басты жеке ыдысқа салып, қақ төрдегі жасы да, жолы да үлкен ақсақалдың ал­дына қойды. “Жөн білетін жігіт екен” дедік ішімізден. Ақсақал тісі қағылған, үйітілген, құйқасы аппақ болып тазартылған, уылжып піскен басты жаңа көріп отырғандай үңіле қараған, содан соң өзінен кейінгі ел ағасы­ның алдына ысырды. Әлгі адам ұмсынып барып, ыдыстағы басты алды да өзінен тө­мен отырған қарасақалдың алдына қойды. Қасиетінің кемігеніне өкінгендей бас шіркін басы айналып, дөңгелек үстелді бір айна­лып шығып, босағаға жетуге шақ қалды.

Ертеректе бас – қасиет, құрмет пен қо­ше­меттің белгісі еді. Бас тимегендер өкпе­лейтін. Жолы мен жөні келіп тұрғанда, бас тимесе ат шапан айыбыңды тартатынсың. Қазіргінің бас ұстайтындары, неге екенін кім білсін, ат тонын ала қашады. Осы арада Зеренді ауданының Көктерек ауылында дәм үстінде болған оқиға есіме түскені. Осы ауылда туып өскен, қазақы тәлім-тәр­бие, жөн-жосықты ауыл шетіндегі Әулие­бұлақтың мөлдір суындай сіңірген Карл Александрович Германиядан келіпті. Төрт-бес жыл бұрын көшіп кеткен екен. Туған же­рін, өскен ортасын, Көктеректің көп көрім жұ­ртын сағынған! Онда да дәл осылай қой сойылып, дастарқан жайылып бас тарты­лып еді. Әңгіменің аужайынан ұққанымыз Карл атаны ауыл болып қуана қарсы алған, бір кезде үзеңгі қағыстырып бірге жүрген ел­дегі ағайын бір-бір тоқтыларын жайра­тып тас­тап, бас мүжіткен. Осы жолы да құрмет­тің белгісі – бас Карл ақсақалға тиді. Карл ақсақал әлгі басты сағыныштың уытынан дірілдеген саусақтарымен аялай, аймалай ұстап, қолындағы мүйіз сапты бәкісімен бірінші оң құлағын кесті. Майлы құлақтың түбінен тақамай, құйқаның құнарлы тұсын молынан қамтып, жап-жалпақ алақанына толтыра салып алды да, төменгі табақта отырған жасөспірімді шақырып алып қос уысын толтыра салып берді.

– Алыстағы ағайын туралы жақсы хабар ести жүр, – деді туған-жерін сағынып келген ақсақал.

Мұнан соң бастың дәл маңдайынан анық үш елідей кесіп алған. Бұл сыбағаны елге ие болып жүрген азаматқа тапсырды.

– Осы елдің ендігі иесі өзіңсің ғой. Егінің шығымды, малың тоқ болсын, шырағым. Әрдайым маңдайың жарқырап жүрсін, – деді ақсақал.

Бастың маңдайынан молынан кесіп алған, алақандай майлы құйқа ел иесінің уысына көшкен. Келер кезекте өткір бәкі қыртыстана дөңкейген желкеге ауысқан. Та­ғы да – уыс толтырған ырыздық. Бұл жолы көпті көрген Карл аға атаулы сыбағасын учаскелік инспекторға жолдады. Әзіл-шы­нын араластырып тіл қатқан:

– Осы ауылдың қорған-айбары өзіңсің ғой. Желкең күжірейіп жүрсін, – деп ізгі тілегін білдірген.

Өзімен қатар отырған қартқа ұртынан кесіп, сыбағасын ұсынды. Жай берген жоқ, тағы да атап, айтып берді.

– Осы Көктеректің даласында екеуміздің табан ізіміз, маңдай теріміз қалып еді. Өзің білесің ғой. Балалар бүйірлеп болмаған соң, бабалар қонысына аттандым. Герме­ния­да құстың сүтінен басқаның бәрі бар, мүмкін шындап іздесе ол да табылатын шығар. Жалғыз жоғы – өздерің. Келін-кеп­шекке сыйлы болып, қалған ғұмырыңда ұртың майға толып жүрсін.

Дәл осы сәтте Карл ақсақалдың сәулесі кеміген жанарына мөлдір тамшы ілініп қалды. Қонағасы үстінде көңілін көтерейін деді ме, төрдегі тәмам жұртты аузына қаратқан бір ақсақал:

– Төркініңе сағындырмай жыл сайын ке­ліп тұрсаңшы, – деп замандасына қал­жыңдай тіл қатқан.

– Келемін, – деді Карл ағай жұлып алған­дай, – келген сайын қойыңды сойып, қо­лыңды қуысырып қарсы аласың ба?

– Әрине, – деді, әлгі замандасы.

Ет пісірім уақыт отырғанда бір басты жөн-жоралғысымен, ешкімнің көңілін қал­дыр­май бөліп берген Карл ақсақал соңын­да баптап мипалау жасаған. Өзі дәмін та­тып көрді де, етек жақта отырған неміс қай­нағаларының туған топыраққа оралған са­пар қуанышына ортақтаса келген келін-кепшегіне ұсынған. Ет пісірім уақыт отырып өзі­міз күнде ұстап жүрмесек те, ұстағандар­мен талай табақтас болған қарақан басы­мыз Карл ақсақалдан көп нәрсе үйрендік. Сол жолы ақсақал айтып еді:

– Қазақтың бас тартуы алдымен – қа­сиет, құрмет деген ол. Мұндай жоралғы жер бе­тіндегі еш ұлтта жоқ.

Бүгінгі жиында бастан қашқан ақсақал­дар­дың кейпін көріп отырып, есіме Карл ағамның түскені.

Байқал БАЙӘДІЛ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp