«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұңғыш ұлттық балабақша

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес Одағы тұсында облыс орта­лығында қазақ тілінде тәрбие беретін балабақша болмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақ­сатында 1991 жылы қарашаның 6-сы күні Петропавлда ұлттық рухтың қайнары ретінде “Салтанат” бөбекжай-балабақшасы өз есігін айқара ашты. Жасыратыны жоқ, о баста қаракөздеріміз баласын қазақ балабақшасына беруге құлшыныс танытпады. Себебі сол кезде Қазақстанның дербес ел атанатынына сенбегендер де бар еді.

“Салтанат” бөбекжай-балабақшасының тарихына үңілер болсақ, сонау 1991 жылы бүлдіршіндердің саны небәрі 10-15 шақты болатын. Әрине, бұл мәселені шешу үшін мектепке дейінгі білім беру мекемесінің алғашқы басшысы көп еңбек сіңірді. Меңгеруші қызметін Рима Ахметова атқарған еді. Рима Бегалықызы балабақша орын тепкен ескі ғимараттың кем-кетігін жөндеп, қаламыздағың сән-салтанаты жарасқан мекемелердің біріне айналдырды.

“Салтанат” ашылған тұста өңірде мемлекеттік тілде оқу-тәрбие жұмысын жүргізетін білікті қызметкерлер жетіспейтін. Сондықтан кадр тапшылығы басты мәселеге айналды. Тәжірибелері болмаса да қаламыздағы училищеде мектепке дейінгі білім берудің тәрбиешісі мамандығын бітірген жастар қатарға тартылды.

Алғашында тәрбиешілер мектеп жасына дейінгі балалары бар отбасылардың үйлеріне барып, қаракөз бүлдіршіндерді “Салтанат” балабақшасына беру туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ұжым қызметкерлерінің сөзіне сенгендер балғындарын бөбекжайымызға сеніп тапсырды. Ата-аналардың да, тәрбиешілердің де негізгі мақсаты – бала бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, салт-дәстүрімізді дәріптеу еді. Кейін балабақшаға қазақ балаларымен қатар өзге де ұлт өкілдерінің бүлдіршіндері келе бастады.

Алғашқы жылдары аздаған түйіт­кілді мәселелер де туындап жатты. Солардың бірі – оқу-тәрбие ісіне қажетті әдістемелік және көрнекі құралдардың жетіспеушілігі. Әсіресе, қазақ тілінде оқулықтардың жоқ болуы жағдайды одан сайын қиындата түсті. Жас тәрбиешілер жоғары оқу орындарында алған білімдерін тәжірибемен ұштастырып, балғындарды тәрбие­леуге барын салды. Алтын ұямыздың тәрбиеленушілері де алған білімдерін облыстық және қалалық сайыстарда көрсетіп жатты. Қысқа мерзім ішінде “Салтанатты” облыс түгіл, республика таныды.

1997 жылы балабақша меңгерушісі болып Күлмайра Ақжігітова тағайындалды. Ол кезде мекемеміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан еді. Іскер жетекші мен ізденімпаз ұжым барлық деңгейдегі байқауларға қатысып, үздіктер қатарынан көріне білді. Күлмайра Байзаққызы әр маманның өз ісінің шеберіне айналуы үшін тынбай еңбек етті. Өзінің іскерлігі мен мол тәжірибесінің арқасында “Салтанат” балабақшасының жұмысын 14 жыл бойы ұршықша иірді.

Бүгіндері бөбекжай-балабақшамызға 150 бүлдіршін келіп жүр. Жас ерекшеліктері бойынша 6 топ жұмыс істейді. Олардың ішінде 2-3 жас аралығындағы балаларға арналған – бір топ, 3-7 жасқа дейінгі балаларға арналған бес топ бар. Заман өзгерген сайын­ әдіс-тәсілдер көбейіп, жа­ңа­­­рып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамыту, сабақты қызықты етіп өткізу үшін жаңа әдістер мен тың технологияларды қолданып келеміз. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлты­мыздың баға жетпес қазынасы.

Айгүл НАСИЛОВА,

“Салтанат” бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp