«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арқа сүйерім еді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ағама арнап естелік жазам деп ешқашан ойламап едім. Біреу біл­се, біреу білмейтін шығар, герон­тология деген ғылым бар. Адам­ның ақыл тоқтатқан кезінен бас­тап, өмірінің соңына дейінгі ке­зеңді зерттейді. Солардың есеп­теуі бойынша, 45 жасқа дейінгі өмір – жастық шақ, 45-59 жастың арасы – орта жас, 60-70 – жаса­мыс кезең, 75-89-дың арасы – кәрілік, ал 90-нан асқандар – ұзақ жасаушылар санатындағылар.

…Таңертеңгі уақыт. Лездеме бітіп, үстеліме келіп жайғасқаным сол еді, телефон шырылдап қоя берді. “Қошан, берік бол, Дулат­тан айырылып қалдық”, – деді арғы жақтан ауылдағы Қарлығаш апам. Телефон тұтқасы сусып қолымнан қалай түсіп кеткенін де аңғармай қалдым. Екі қолыммен басымды ұстаған қалпы үнсіз ұзақ тұрыппын. Көкірегіме тығыл­ған ыстық өксік осы сәт жанымды жасытты, көңілімді жабырқатты. Кө­кейге тас тірелді, көзге жас кел­ді. Әріптестерім не болғанын біл­мей, абдырап қалғандарын кейін айтты. Бар айтқаным: “ағам, ағам”, – дей беріппін. Алпыста ға­на еді.

Адамның жасын зертейтін ғы­лымның өлшемі жайлы жоғарыда айттым, ал атам қазақ не дейді? “Алпыс – ата жасы” депті. Онысы жасы келген, ұлғайған жанға жақындатқандағысы. Кезінде солай болған шығар, бүгін олай емес. Қазір “алпыс – тал түс” деп жа­тады. Бұл – адамның орта жа­сының ұзақтығы біршама артып келетіндігінен. “Елу – ер шағың, алпыс – дер шағың” деген де сөз бар.

Жамбыл ауданының Сәбит ауылында туып өскен ағам Дулат алпысында бұл өмірден өтті. Оның бойына айықпайтын ауыр дерт жабысқанын кейін білдік. Өзіміздің дәрігерлерден дәрмен болмаған соң, астанаға апардым. 2011 жылдың қыркүйегі болатын. Ақ халаттылар бастан-аяқ тек­серді. Қараша айының соңына қа­рай қайта келіп, қаралу керек­тігін ескертті. Шамасы олар ауруды емдеуге қауқарсыз екендіктерін жасырған болулары керек, келі­сілген күнге жетпей ағамыздың де­мі үзілді. Ол үшін жарық дүниенің есігі тарс жабылып, біз жанымыз­ға жақын жаннан айырылып қала бердік. Соңғы екі-үш ай сырқаты жанына қатты батқанын ішім сез­ді. Бірақ қайсар мінезінен болар, ешкімге сыр бермеді. Қайта біз қиналдық.

Бір ананың құрсағынан тара­ған сегіз баланың үлкені еді. Мі­незі тік еді. Кейде қағылған ше­гедей, айтса бітті, кессе үзілді. Туа бітті турашылдығы бар. Май­да сөйлеп майыспайтын. Өзім дегенде сенімді серік, сөзіне берік, жаны таза жан еді. Батыл, ойы басым болатын.

Көңіл көзін ой ашады емес пе? Оның мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ тоқығаны көп болды. Әсіресе физика, математика пән­деріне деген ынта-ықыласы ерек­ше-тін. Сол пәндерге өте зерек болды. Ұстаздарының алдында күнделікті сабақта жауап берумен ғана шектелмей, үйге келісімен ми қатыратын күрделі есептерді бас көтермей шешіп, дұрыс-бұ­рыстығы жөнінде, өзіне сенімді екенін көрсете, дәйекті дәлелдер келтіретін.

Шахматты ел арасында бекзат ойын деп атайды. Терең ойды қа­жет ететін оған ағамыздың құмар­лығы сонша, ішер асын жерге қоятын. Білгені бар адам әр нәр­сеге бейім келеді. Анда-мында оқыдым дегендердің өзі оның кө­мегіне сүйенетін. Әкеміз механи­затор болғандықтан да шығар, ауыл шаруашылығы техникала­рының тілін де жетік біліп өсті. Бі­реулерге көмек қажет болып жат­са, ауылдағы мектептің білдей бір мұғалімімін ғой деп қарап отырмайтын, білек сыбанып, қа­ра майға қолды салып жіберіп, кірісіп кететін. Телевизоры, тоңа­зытқышы, электр плитасы, үтігі және тағы басқалары бар, сынып қалса ауылдағылар аудан орта­лығындағы тұрмыстық комбинат­қа сабылмайтын, көбін Дулат жөн­деп беретін.

Ағама қатысты өткенге өлшем болатын әңгіме ауылдастарының арасында әлі де айтыла беретіні анық. Бәріміз де тағдырдың жете­гіндеміз. Әркім өмірдің қазанында өзінше қайнайды. Адамның қан­дай болғаны, оның әр қырынан ашылғанында танылады деп те жа­тады. Өзі жоқ болса да, тір­шілігінде істеген жақсылықтары, ешкімді сыртқа теппей, өзіне іш тартып тұратын мінезі, көңілінің көпшілдігі біз үшін әлі де мерей саналады. Сол жақсылығын өзім де талай рет көрдім. Алматының С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенде қар­ным ашып қалмасын, қажетіне жаратсын деп әлсін-әлсін ақша салып тұратын. Үйленіп, үй бол­ғанымда да барын аямай беріп, бәйек болып жүруші еді.

Ағам әріптестерінің арасында да сыйлы, беделді болды. Бір таң­данатыным – сол кездегі ұстаз­дардың өз шәкірттерін біліммен сусындатудағы еңбектері ерен болатын. Арасында жоғары оқу ор­нын бітіргендер аз еді ғой. Бі­рақ орта мектепті ғана тамамда­ғанымен ешкімнен кем түспейтін. Менің ағам Петропавл педагогика институтына түсіп, түрлі жағдай­лармен оны тастап кеткен, дип­ломсыз-ақ сабақ бергендердің қатарында. Ауылда “Дулат ағай­дың алдынан дәріс алғанбыз” деп көңілдері тола айтатындар бар­шылық. “Ағай”, “Тәтей” болып қа­ла беретін кешегі ұстаздары­мыз­дың біз үшін жөні басқа. Мектеп директоры Мәкен Қалиев, ұс­таз­дар Айдар Бралин, Ермек Нұ­рах­метова, Уәзира Бралина, Зураш Кәленова, Зейнеп Бралина, Све­та Шәріпова және тағы басқа­ларды (араларында марқұм бол­ғандар да бар) ауылдастарымыз әлі күнге дейін мақтан тұтады.

Өмір дегеніміз жалғыз өркешті нар сияқты дейді. Артқан жүгің бі­ресе оң жағына, біресе сол жа­ғына ауып кетіп, үнемі түзеп, тең­деп отыруға тура келеді. Адам өмі­рі де солай, соқпағы мен бұра­ла­ңы, қалтарысы мен қатпары көп болады. Осылардан сүрінбей-талмай өтсең және адамдық, адалдық асыл қасиеттерді бо­йың­нан алыстатпасаң өмірде жо­лың болғаныдағы!

Уақыт – ұшқыр. Ағамыздың жү­зін топырақ жасырғалы он жыл­дан асыпты. Бірақ біздің бойы­мызда оған деген сазы кетпес сағыныш әсте сарғаймайды. Көз алдымыздан кетсе де, көңілі­міздің төрінен түсірмейміз. Ағам Дулат Тортайұлы бақилық бол­маса, Жаңа жылдың 1 қаңтарын­да 71 жасқа толатын еді. Заман­дастары сияқты әдемі қартайып, ортамызда жүру, өкінішке қарай, оған бұйырмады.

Қарашада ақ мамық,

Қар жауғаны есте жүр.

Жүрек тілек ақтарып,

Арналғаны есте жүр.

Асыл, абзал ағамыз,

Алпыс қана кешті өмір.

Қайтыс болған сол күнің,

Түсті бүгін еске бір.

 

Қошан ҚАЛИ,

ардагер журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp