«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚУАНЫШТЫҢ” ҚЫЗҒАЛДАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздегі “Қуаныш” волейболшылар клубының сапында жасындай жарқылдап жүрген белді ойыншылардың бірі – Са­бира Бекішева. 24 жастағы Тимирязев ауданы тумасының қол жеткізген қомақты табыстары көп. Ол биыл Қазақстанның кубогы үшін болған айтулы бәсекеде команданың қола жүл­дегер атануына зор үлес қосты.

Сабира спортқа жастайынан әуес болды. Жергілікті гимназия­да оқыған жылдары тұлымшағы желбіреп жүріп, түрлі спорттық шаралардан қалмайтын. Жеңіл атлетика, би үйірмелеріне жазы­лып, уақыт өте келе бар қызы­ғу­шылығы волейболға ауды. Білім ошағына “Қуаныш” волейбол клу­бының сол кездегі жаттықтыру­шысы Азамат Есімов дене шы­нық­тыру пәнінің мұғалімі болып келіп, волейбол үйірмесін ашқан­да ол алғашқылардың бірі болып жа­зыл­ды. Сөйтіп, Сабира алтын­шы сыныптан осы спорт түрімен жү­йелі түрде айналыса бастады. Күн­делікті тынымсыз жат­тығулар­дың ар­қасында волей­болдың әліп­пе­сін игеріп, қыр-сырын ұғып, құрбы­ларымен бірге ау­дандық жа­рыс­тарда бақ сынайды. Көп ұза­май ең лайықтылардың қатарын­да аудан құрамасына қабылда­нып, өңірлік турнирлерде біраз тә­жі­рибе жи­нақтады. Азулы коман­даларға қар­сы тегеурінді ойын өр­негін көр­сетіп, оларға оңай шағы­лар жаң­ғақ емес екен­діктерін та­лай мәрте дәлелдеді. Қорғаушы са­пындағы Сабираның өзіндік ойын мәнеріне тәнті бол­ған во­лей­болдың жілік майын ша­ғып іш­кен мамандар бі­рауыздан оны об­лыс құрамасына лайықты деп тапты.

– Бастапқыда аудан деңгейін­де бақ сынап, облыстық жарыс­тарға жолдама ала бастадық. Біздің командаға қаржылай қол­дау көрсеткен кәсіпкер Қайырбек Хамзин бірнеше рет Қазақстан және Ресей қалаларында өткен турнирлерге бастап барып, мол тә­жірибе жинақтадық. Шыны керек, ол кездері бүгінгідей жоғары же­тістіктерге жету арман болатын. Облыс намысын қорғайтын дең­гейге дейін көтерілуіміз коман­далық ойынның, жаттықтырушы­лар мен демеушілердің біріккен жанқиярлық еңбегінің жемісі дер едім, – дейді волейболшы қыз.

Сабира тәжірибесі толысып, біліктілігі әбден шыңдалғаннан кейін жоғары дивизионда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Ересектер командасына қабыл­данған ол Азамат Батановтың қарамағында жаттықты. Қызыл­жар, Тимирязев аудандарының бұ­рымдыларынан жасақталған ко­ман­да 2012-2013 жылдардағы дебюттық маусымда ел чемпио­на­тының “Б” дивизионында үшін­ші орынға табан тіреді. Сенім ақ­талды деген осы! Араға бір жыл салып, осы лигада жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Сөйтіп, “А” ди­визионына көтерілген жылы 7 команданың ішінде 5-шы сатыға жайғасып, ал келер чемпионатта үшінші орынды иеленді. Кейін ко­манданың алдына алтын медаль тағыну міндеті қойылды. Абырой болғанда бұған да қол жеткізілді. Жоғары лигада қыздарымыз сәтті өнер көрсетіп, бірінші маусымда жеңімпаз атанды. Осылай “Қуа­ныш” ойын­шылары во­лейболдың хас шеберлерінен құ­ралған ко­ман­далармен ұлттық лигада бақ сынасуға жолдама алды.

Жергілікті команданың ұлттық лигада ойнап жүргендеріне биыл – төртінші жыл. “Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға” дегендей, алғашқы қадамдары 7-ші орынмен түйінделіп, сосын 5-ші, 4-ші орындарға тұрақтап, биыл­ғы маусым өте сәтті аяқтал­ды. Жергілікті волейболшы ару­лар командасы облыс тарихында тұңғыш рет Қазақстан кубогы үшін болған додада қола жүлдені қанжығаға байлады.

“Әркім өзі талпынбақ, басына бітер бағы үшін” демекші, кәсіби спортшылар үшін тынымсыз жат­тығулардың, шеберлігін талмай шыңдаудың маңызы айрықша. Со­дан болса керек, Сабираның уа­қытының көп бөлігі волейбол алаң­дарында өтеді. Күніне екі мәр­те үш сағатқа созылатын жатты­ғулардан соң өзін өте жеңіл сезі­ніп, әркез спорттық бабында жү­реді. Үздік волейболшының қиын-қыстау кезеңдерде жанынан та­бы­лып, қолдау көрсете білген ата-анасы мен туыстарына, доста­ры­на, команда директоры Қайырбек ағасына деген алғысы шексіз.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp