«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Жаңғырту жұмыстары жалғасады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ жөндеу және қайта құру жұмыстарына 3,7 млрд. теңге бағыттап, жылу электр орталығының 8 қазандығы мен 5 турбоагрегаты қалпына келтірілген. 14,2 шақырым жылу желісін жаңғыртуға 1,1 млрд. теңге жұмсалған. Келесі жылы кәсіпорындардың жабдықтарын жөндеуге, қайта құруға 9,5 млрд. теңге бөлінбек. Энергетикалық кешенді талапқа сай дамытудың қаншалықты маңызды екенін Петропавл №2 жылу-электр орталығында жақында болған апаттық жағдай айқындап берді. Осы және өзге де мәселер жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Ілиясов айтып берді.

Бүгінгі таңда Петропавлдағы жылу-электр орталығы өңірімізден бөлек, Ресейдің бірқатар облысына қызмет көрсетеді. Өкінішке қарай, аталған кәсіпорын соңғы уақытта сынның астында қалып жүр. Бұған себеп – жиі болатын апаттар. Қарашаның басында бірнеше қазандық істен шыққан, өткен аптада осыған ұқсас жағдай тағы қайталанды. Салдарынан жылу беру қуаты азайды.

– Қаладағы жылу-электр орталығы “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ-ның құрамына кіреді. Бұл орталық 1961 жылы іске қосылған. Онда 12 қазандық бар. Соның бесеуі 1961-1968 жылдардың аралығында салынған. Қазіргі таңда бұл агрегаттардың тозу көрсеткіші 75 пайыздан асып отыр. Ал қалған қазандықтар 68-80 жылдар аралығында тұрғызылды. Іске қосылғандарына ұзақ уақыт болған қазандықтар жоғары қысымға шыдай алмайды, – деді брифнгке қатысқан “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ-ның бас директоры Михаил Косачев.

Брифингте Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығының директоры Ержан Қонырбаев оқыс оқиғаға байланысты журналистердің сауалдарына жауап берді.

– Қазіргі уақытта қазандықтардың жетеуі жұмыс істеп тұр. Үш агрегат – апаттық жөндеуде, біреуі – толығымен реконструкциялануда. Ал тағы біреуі – резервте. Жылу беру қуатын арттыру үшін желтоқсанның 31-і күні №3 турбоагрегатты іске қосамыз, – деді ол.

Облыста сумен жабдықтау саласында іргелі қадамдар жасалғанын брифингте айтылды. 174 шақырым құбыр тартылып, 49 елді мекенге сапалы ауызсу жеткізілген. Тұрғындар саны 48 мың адамды құрайтын 3 мыңға жуық үй тіршілік нәріне қосылуға мүмкіндік алды. Бүгінде ауыл тұрғындарының 83,5 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Келесі жылдың міндеттері де ауқымды. 24 елді мекенде сумен жабдықтау және су бұру нысандарын салу және жаңғырту бойынша 17 жоба әзірленген.

Бахыт Ілиясовтың айтуынша, “Солтүстік Қазақстан ЭҮК” АҚ-ы электр энергиясын есепке алуды бақылаудың автоматтандырылған жүйесін кезең-кезеңмен енгізуде. Қазір 33,7 мың абонентке қызмет көрсетеді. 2019 жылдан бастап ақпаратты жинау, өңдеу, көрсету және мұрағаттау жүйелерін қамтамасыз етуге арналған “SCADA” бағдарламасы қолданылады. “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің жылумен жабдықтау желілеріне қосылған нысандардың саны 2690 болса, 1363-і автоматтандырылған деректер беру құрылғысымен жабдықталған.

Іс-шара соңында қойылған сауалдардың басым бөлігі тарифке де қатысты болды. 2022-ші жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жылу құны 5 пайызға артатынын сала өкілдері атап өтті.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp