«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

МЕНІҢ ҚОС БӘЙТЕРЕГІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әкем – Бекбай Әділжан­ұлы көзі тірісінде терең ойлы, адамдық абыройын жасынан сақтаған, ел ішінде еңсесі биік, беделді кісі болды. “Кел­местің кемесіне мініп” кеткені­не ал­пыс жылдан асса да ауылдас­тары, дос-жарандары, туған-туысқандары оны “се­­гіз қыр­лы, бір сырлы аза­мат еді” деп еске алып оты­рады.

Әкем Ұлы Отан соғысына қа­тысып, ауыр жараланып, ел­ге әскери медициналық ко­мис­сияның шешімімен ора­лып­ты. Менің есімімді май­дан­дас жолдасы Есләм аға­ның құрме­тіне қойыпты. Ол ме­нің кіндік әкем еді. Соғыстан мүгедек бо­лып оралған соң учаскелік ми­лиционер болып қызмет ет­кен. Әкем 1940 жы­лы 9-шы ақ­пан­да әскерге ша­қырылып, ке­ңес-фин соғысы­на қатысқан. Май­дан дала­сын­да жүріп, елге хат жазады. Бір жапырақ қағаздың орта­сы­на фотосуре­тін де қыс­ты­рып­ты. Оның сыр­тында мы­надай жазу бар: “Оң қолдарын ұста­сып тұрғандар – Әділжа­нов Бекбай және Аужа­нов Бай­діл­да. Сол жағында – оң қо­лында үлкен қол сағаты бар Ба­йылов Болтим”.

Кейін мен Болтим ағаның ұлымен әңгімелестім. Ол: “Әкем өткен ғасырдың 60-шы жылдары сіздің әкеңізді іздес­тірді. “Бекбайға берешегім бар еді. Беріп құтылу керек”, – дей­тін. Соғыста фин мергені ат­қан оқтан әкем екі рет жарақат алған екен. Сонда сіздің әке­ңіз көмектесіп, өмірін сақтап қалу­ға себепші болыпты. Сор­ғалап аққан қанын тоқтатып, шаңғы­мен сүйреп әкелген. Сіздің әке­ңізге рақметін жау­дырып оты­ратын”, – деді.

Әкем салиқалы, салмақты, сабырлы қалпынан танбай­тын еді. Ол 18 жылдан астам уа­қыт ұжымшарда жұмыс істе­ді. 1942-1943 жылдары бұ­рын­ғы Қызылту ауданының “Балға” ұжымшарының төр­аға­сы қыз­ме­тін атқарған. 1947 жылы ке­ңес өкіметінің 30 жыл­дық то­йына орай Мәскеу қала­сында өткізілген Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістік­терінің көрмесіне қатысты.

Әкем болашақтың білімсіз, мамандықсыз бұлыңғыр бо­ла­ты­нын түсініп, 1950-1953 жыл­дары Петропавл қала­сын­дағы орта ауыл шаруашы­лығы мек­тебінде оқып, “кіші аг­роном” мамандығын алған. Бұл кезде тың игеру баста­лып, ұжым­шарлар тараты­лып, олардың орнына кең­шар­лар құрылды ғой. Әкем 1957 жылы “Тың жер­лерді игергені үшін” медалімен ма­рапатталыпты.

Ол кісі ауылда бөлімше аг­рономы болып қызмет атқар­ған кезде қасынан бір елі де қалмайтынмын. Екеуіміз салт атпен егістікті аралауға шыға­тын­быз. Әңгіме арасында со­ғыс жылдарындағы қиындық­тар туралы сұрайтынмын. Ба­лам­ның жан дүниесін жара­ла­майын дейді ме, тіл қатпай­тын. Табиғат, өсімдіктер әлемі туралы айтқанда алдына жан салмайтын. “Әке, мен де сіз сияқты агроном боламын”, – дейтінмін. Әкем болса: “Әри­не. Тек ол үшін жақсы оқу ке­рек. Егер білімің таяз, мінезің қы­ңыр, өзің жалқау болсаң, еш­кімге керексіз болып қала­сың”, – деуші еді. Өзі де жоға­ры білім алғысы келетінін ай­татын. Әттең, ол мақсатына жете алмай кетті.

Менің балалық шақ, бал дәу­рен күндерім алыстағы Тал­дысай өзенінің бойында, ата-баба қонысы – Жамбыл ауы­лында өтті. Мен сол кезді са­ғы­на еске аламын. Еске ал­ған са­йын әкемнің мейірімді бей­несі көз алдыма келеді. “Ба­лам, сен біреу өзіңді мақ­тады екен деп, көкірек керуші бол­ма. Адамға талантты Құ­дай бере­ді, оны әрі қарай да­мыту – пен­денің өз қолында. Толдым де­ген адам төгіледі, болдым де­ген адам шашы­лады. Осы­дан абай бол!”, – деген сөзі са­нам­да бүгінге дейін сайрап тұр.

Әкем соғыс жылдарында әртүрлі жағдайларға байла­нысты бір-бірлерінен көз жа­зып қалған анасын, бауыр­лары мен туыстарын іздеп тауып, бәрін ауылға жинады.

Бірде, шамасы, он жаста бо­лармын, досымның үйіне бар­дым. Сыртта отырған үл­кен кісілерге қолымды ұсы­нып, сәлем бердім. Арала­рын­да мен танымайтын шоқ сақалды ата болды. Ол сә­лемімді алған соң, қасындағы кісіден: “Бұл кімнің баласы?”, –деп сұрады. Бір аға: “Бекбай­дың үлкен ұлы ғой”, – деп жа­уап берді. Сосын әлгі ата: “Ба­лақай, бері қарай келші”, – деп мені өзіне шақырды. Маң­дайым­нан сүйді де: “Әкеңе тарт­қан азамат бол! Әкеңнің атына кір келтірме!”, – деді. Сәл үнсіз қалып: “Әкең менің басыма іс түскенде жауапкер­шілікті өзіне алып, маған үл­кен жақсылық жасап еді. Оны ұмытуға болмайды”, – деді күрсініп.

…Ол кісі соғыстан кейінгі ауыр кезеңде ұжымшардың шаруасын атқарған екен. Бір күні шаршаған соң арбаға жегулі атын босатып, аяғын тұсап, жайылымға қоя береді де өзі мызғып алмақшы бола­ды. Содан қатты ұйқыға ке­теді. Атын іздеп таба алмай­ды. Бұл оқиға елге тарап, шоқ сақалды атаның үстінен мем­ле­кетке зиян кел­тіргені үшін қылмыс­тық іс қоз­ғалады. Ол кезде ме­нің әкем­нің ұжым­шар­да зоо­тех­ник бо­лып қыз­мет істейтін кезі. Ол бұл іске өзі араласып, ретін тауып, шоқ сақалды ата­ны аман алып қалыпты. “Жақ­сы­лық жерде қал­майды, иман отқа жанбай­ды” деген осы.

Шешем Күлбағисаның төрт сыныптық қана білімі бол­ды. Комбайн, трактордың оқуын оқып, бар өмірі қара жұ­мыспен өтті. Сол ауыртпашы­лықтың бә­рін қыңқ етпей көтеруші еді.

Ағасы – Сабыр Ұлы Отан соғысы басталмаған кезде ауы­рып дүниеден өткен. Ар­тын­да қызы – Күлбағила қал­ған. Ал кіші ағасы – Шам­ши­ден со­ғысқа қатысып, із-түссіз жоға­лып кеткен. Одан Зияш есімді қыз бар. Анам сол аға­ларының жетім қалған қыз­да­рын өзі тәр­биелеп, өсіріп, құт­ты орын­да­рына қон­дырды.

Шешемнен: “Атбасардың қызы Жамбыл ауылына қалай тап болды?” – деп сұрайтын­мын. Сонда анам былай деп жауап беретін:

“20-шы ғасырдың бас ке­зін­де болуы керек, біздің ауыл күнкөріс қамы үшін Сібірге қа­рай көшеді. Көшкен ауыл­дың ішінде менің аталарыма туыс­тығы бар қарт болған. Жол ауыр­лығын көтере алма­ған атамыздың денсаулығы на­шарлап кетеді. Көшпенді ауыл Жамбыл ауылына тоқ­тай­ды. Туған-туыстары ақса­қал­ды соңғы сапарына осы ауылдан жөнелтпекші бола­ды. Содан науқастың жанын қи­намас үшін бір атадан та­райтын үш-төрт отбасы ауыл­дан бөлініп, Жамбыл ауы­лын­да қалып қоя­ды. Ауырған ата көктемге де­йін жатқан. Сөйтіп, өз ауылы­нан бөлініп қалған­дар жергілік­ті тұрғындармен сіңісіп кет­кен”.

Жамбыл ауылынан ша­руа­шы­лықтың орталығына де­йін – 45 шақырым жер. Жаңа жыл өткен соң әкем есеп беру үшін жолға шығады. Шаруа­ла­рын бітіріп, жолдағы “Жұмыс­шы” ауылына тоқтайды. Сон­дағы бір үйде дастарқан үстін­де отырған жерінде әкем дү­ниеден өтіп кеткен. Бұл 1959 жылдың 9-ші қаңтары еді.

Әкемнің жылдық дұғасына келген аға-інілері мен қарын­дасы бізді төр бөлмеге жинап алып: “Күлбағиса, басың жас. Бес баланы өсіріп, жеткізу са­ған қиын болады. Сон­дықтан кішкентай қызыңды алып қал, қалған балаларды бір-бірден бізге бер. Біз жеткіземіз. Қа­шан болсын саған есігіміз ашық”, – деді.

Анам: “Бекбаймен бірге көр­ген күндеріме, бірге өткіз­ген жылдарыма ризамын. Ша­ңырағын құлатпаймын, бала­ларым өзіммен бірге болады. Көңілдеріңізге рақмет!”, – деп жауап қатты.

Егер анамыз төртеуімізді әкемнің туыстарына бір-бірден таратып берсе, біз бүгін қандай күйде болар едік?..

Жалғанда адам баласын абзал атына сай ететін үш қасиет бар. Олар – кісінің адамгершілігі, адал еңбегі жә­не көркем мінезі. Осы үш қасиет менің анамның бойы­нан табылды. Ол қыстың ұзақ түндерінде батырлар жырын, ертегілер оқып беріп, олардың мазмұнына көңіл бөліп, сана­мызға сіңіретін. Төзім мен са­бырды серік еткен анам мә­дениетті сөйлеуге, айтылар ой­дың айқын және орынды бо­л­уына аса мән берді.

Анам 1997 жылы 19 қазан­да 75 жасында дүниеден өтті. Оның “Еңбек кітапшасында “Жамбыл” ұжымшарындағы еңбек өтілі 16 жылдан артық екені жазылған. Ал 1957 жыл­дан 1968 жылға дейін “Би­да­йық” кеңшарында әр­түрлі жұ­мыстарды атқарған. 1968 жы­лы жаңадан “Амангелді” кең­шары ашылып, біздің Жам­был ауылымыз осы шаруашы­лықтың құрамына берілді. Анам осы шаруашылықта құр­метті еңбек демалысына шық­қанша жұмыс істеді.

“Ер адамдардың бәрі со­ғысқа кетті. Елде қалған біз тракторшы, комбайншы курс­тарында оқып, азаматтардың орындарын жоқтатпадық. Өз басым тракторды да жүргіз­дім, тіркемеші де болдым, ком­байн мен молотилканың да “қы­зығын” көрдім. Ауыр жұ­мыс­тың бәрін әйелдер атқар­ды”, – деуші еді анам. Содан болар, ауыл жұртшылығы ме­нің анамды ерекше құрмет­теді. Өзі де белсенді болды. Санақ жүргізілсе, сайлау өте қалса, комиссия мүшесі бола­тын. Ауылдық кеңес депутаты бо­лып та сайланды. “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғы­сындағы Жеңістің 50 жыл­ды­ғы” мерекелік медалімен ма­рапатталды.

Әкем дүниеден өткенде анам отыз жеті жаста ғана еді. Түн ортасы ауғанда ұйқымнан оянып кетсем, жылап отыр­ғанын көріп, аяйтынмын. Мен оны, ол мені құшақтап, бір-бірімізді жұбатудан басқа ама­лымыз қалмаушы еді.

Әкеміз жоқ болса да, сол кездегі балалардың көз құрты – велосипедті ауылда алғаш­қы­лардың бірі болып міндік. Ол – ол ма, Омбы қаласынан қысты күні мұзда сырғанайтын коньки де алдыртты. Өсе келе кішкентай мотоцикл де әперді. Соның бәрі балаларым қатар­ла­рынан кем қалмасын деген аналық мейірімі екен-ау. Қолы шебер еді. Күн демей, түн де­мей, үстімізге шап-шақ қылып, көйлек, шалбар тігіп беретін. Қыста соғым еті, күзде қаз-үйрек, жазда сүт, май, қаймақ, құрт, ірімшік, қымыз сияқты тағамдар дастарқанымыздан үзіліп көрген емес. Бәрі де балаларым үшін деп, тыным таппай, бірді екі ете білген асыл анашымның арқасы еді.

Бүгінде біз де біраз жасқа кел­дік. Адамның жасы ұлғай­ған сайын ата-анаға деген са­ғыныш еселене түседі екен. Өмі­рімнің мәні мен сәні бол­ған ардақтыларымның жар­қын бей­несі – жүрегімде мәңгі өш­пес жарық жұлдыз іспет­тес!

Еслямбек БЕКБАЕВ,

қаржы саласының ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp