«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРЫС ЖЫЛЫНАН НЕ КҮТЕМІЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әрбір адам өткен жылды қорытындылап, келер жылға жоспар құратыны белгілі. 2021 жыл еліміз үшін түрлі жаңалықтарға толы болды. Жағымдысы да бар, жайсызы да кездесті. “Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа” деп тілек айтатын аталарымыздың дәстүріне салып, барыс жылы бізді несімен жарылқайтынын бағамдап көрдік. Соны оқырман назарына ұсынамыз.

Жалақы өседі

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде 2020-2025 жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланған. 2021 жылдың 1 қаңтарынан 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өскен. Биыл тағы да көтеріледі, ал 2023 жылға қарай 2,5 есеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа бюджеттен 2022 жылға – 361,7 млрд. теңге, 2023 жылы 557,4 млрд. теңге бөлу көзделген.

2022 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көтеріледі. Бұл жайында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Мұғалімдерге дәптер тексергені үшін бұрынғыдан екі есе көп ақша беріледі және магистрлік дәрежеге 27 мың теңге төленеді. Әрі мектеп басшылығы мен сынып жетекшісінің жалақысы да көтерілетін болады. Сондай-ақ еліміздің бас ұстазы педагогтарды қызметке қабылдау жүйесі өзгеретінін айтты. Бұрын мұғалімдерді жұмысқа директор қабылдаса, енді бұл іс электронды форматтағы конкурс арқылы ұйымдастырылады.

Зейнетақы артады

2022 жылға республикалық бюджетте әлеуметтік міндеттемеге 4 трлн. теңге қарастырылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. 2,3 млн.-ға жуық зейнеткерге ынтымақты зейнетақы мөлшерін 7 пайызға (инфляция деңгейінен 2 пайызға оза отырып) және базалық зейнетақы төлемін 5 пайызға, жалпы сомасы 138,3 млрд. теңгеге арттыру жүргізілетін болады.

Бұдан бөлек, әлеуметтік жәрдемақы алатын 1,9 млн. адамға берілетін көмектің жалпы сомасы 52,1 млрд. теңгеге немесе 5 пайызға арттырылады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі атаулы әлеуметтік көмек алатын 900 мыңнан астам адамның кіріс деңгейіне де оң әсер етеді. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5 пайызға индексациялау жоспарланған. Соның нәтижесінде, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 36018 теңгені, ал айлық есептік көрсеткіш – 3063 теңгені құрайтын болады.

Аналарға қамқорлық

2022 жылы аналардың жәрдемақысы мен жөргекпұл мөлшері де артады. Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді. Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 айлық есептік көрсеткіш немесе 116394 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 айлық есептік көрсеткіш немесе 192969 теңге болады. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді. Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады.

“Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен марапатталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 6,4 айлық есептік көрсеткіш немесе 2022 жылы 19603 теңгеге тең болады.

Салық төлеудегі өзгерістер

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке кәсіпкерлер үшін “e-Salyq Business” арнайы мобильді қосымшасында арнайы салық режімі (АСР) енгізіледі. Мобильді қосымша кәсіпкерлердің салық төлеу процесін жеңілдетеді. Осы қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде онлайн тіркеліп, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеп, салық есептілігінің нысанын жоя алады.

2022 жылғы 1 қаңтардан Қазақстанда тауар мен қызмет ұсынатын шетелдік интернет-компаниялар қосымша құн салығын төлейтін болады. Ондай компанияларға “Google”, “Facebook”, “Amazon”, “Netflix” сияқты Қазақстанда электронды қызмет көрсететін халықаралық интернет-алаңдар да кіреді.

1 қаңтардан бастап шағын габаритті фургондарға салынатын салық қазіргідей қозғалтқыштың көлеміне емес, жүк көтерімділігіне байланысты есептелетін болады. Егер қозғалтқыш көлемі 3,5 болса, салық 136 мың теңгеден 20 мыңға дейін азаяды, бұл жүк тасымалдарын дамытуды ынталандыру мақсатында жасалады. Жаңа жылдан бастап бұл норма 96 мың автомобильге қатысты іске асады.

Экспорттаушыларға қосылған құн салығы қайтарылады. Бұл өзгеріс шикізат экспортынан түскен табысының кемінде 50 пайызын шетел валютасынан теңгеге айырбастайтын бизнесмендерге қатысты. Оларға жеңілдетілген тәртіппен қосылған құн салығының асып кеткен сомасының 80 пайызына дейін қайтарылатын болады.

Алкогольге акциз төлеу мерзімі ұзартылады. Енді отандық алкоголь өндірушілер акцизді өнімді жіберетін күні төлеуге рұқсат етіледі. Қазірге дейін акцизді алдын ала төлеу міндеттелген еді. Бұл норма отандық арақ өндірушілердің жұмысын жеңілдетеді. Сол арқылы олардың құқығы сыра және темекі өндірушілермен теңеседі.

1 қаңтардан бастап Салық кодексінде жеке табыс салығын және әлеуметтік салық бойынша ең төменгі салық салынатын базаны шегеру үшін есептік көрсеткіш ретінде ең төменгі жалақы қолданылмайтын болады. Оның орнына 14 еселік айлық есептік көрсеткішке тең көрсеткіш пайдаланылатын болады.

Цифрлық майнингке салынатын салық артады. Енді ол пайдаланылған электр энергиясының көлеміне байланысты болады. Салық электр энергиясының 1 кВт қуаты үшін 1 теңге мөлшерінде болады.

Шетелдік көліктерге салынатын салық артады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық қатынастағы жолаушылар мен жүк тасымалдайтын шетелдік автокөлітер 20 айлық есептік көрсеткіш емес, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлейді.

Демалыс күндері

Үкімет басшысы Асқар Мамин 2022 жылдың демалыс күндерін ауыстыру туралы қаулыға қол қойды. Сонымен елімізде қаңтардың 1 мен 2-сі күндері Жаңа жылға орай ресми демалыс күні саналады. Бұл күндер сенбі мен жексенбіге дөп келіп тұр. Демек, қаңтардың 3 мен 4-і дүйсенбі мен сейсенбі де қазақстандықтар үшін демалыс болады. Қазақстанда екі діни мереке демалыс деп жарияланған. Келер жылдың 7 қаңтары Рождество мерекесі жұма күніне түсіп, 7, 8, 9 қаңтар демалыс болады.

2022 жылғы 7 наурыз жұмыс күні 5 наурызға ауыстырылады. Осыған орай наурызда қазақстандықтар халықаралық әйелдер күніне орай 6, 7, 8 күндері, ал Наурыз мейрамында 19-23 аралығында 5 күн демалады.

Мамырда қазақстандықтар үш мерекені атап өтеді. Атап айтқанда, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі жексенбіге келгендіктен 2 мамыр да демалыс күні саналады. Ал 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 4 күн демалыс болады.

6 шілде астана күні және Құрбан айттың бірінші күні өтетін 20 шілде сәрсенбі күндері де демалыс болып саналады. Конституция күні аталып өтілетін 30 тамыз 2022 жылы сейсенбіге тура келеді. Сондықтан демалыс Үкімет басшысының қаулысымен 2022 жылғы 27 тамыз сенбіден 2022 жылғы 29 тамыз дүйсенбіге ауыстырылған.

1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күні аталып өтіледі, яғни бейсенбіде демалады. Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне орай желтоқсанның 16-19 демалыс болады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp