«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сегіз қырлы, бір сырлы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Заманының заңғары Шал ақынның:

Айдынды жақсы аймен тең,

Жомарт жігіт баймен тең,

Шешен жігіт дүрмен тең,

Имансыз көңіл кірмен тең, – деген аталы сөзі бар. Осы бір шумақтарды оқығанда Жандос Мә­ди­ға­жы­ұлы деген азамат есіме түседі. Айнала­сына шуақ шашып, үлкенді де, кішіні де құрдас қылып алатын қасиеті бар әзілқой, көңілін кір шалмаған кеңпейіл, ешкіммен есептеспей­тін мәрт жігіт. Таланты да, еңбексүйгіш іс-мерлігі де бір басына жетерлік. Қазақ­тың нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азаматы. Га­зетіміздің тұрақты оқырмандары Жандосты ауыл арасындағы ұтқыр қалжыңдары мен “Бәтимә”, “Көсеу хикаясы” секілді әзіл әңгімелері арқылы таниды. Бүгін оның жұрт көп біле бермейтін жаңа қыры туралы айтпақпын.

Жандос Мәдиғажыұлы – 1992 жылы атажұртты аңсаған қандастарымыздың қатарында ұлы көшке ілесіп, теріскейге ат басын бұрған ағайындардың бірі. Алғашында құт қонған Ақжар ауданындағы Тұғыржап ауылына қоныстанады. Әке-шешесі, әйел-баласымен бірге осы ауылда түтін түтетіп, ел қатарлы еңбекке араласты.

– Аудан басшылары, кеңшар директоры бар, бәрі бізді Көк­шетауда күтіп алды да, осы ауданға әкелді. Тұғыржап – қазақы ауыл. Ақсақалдар қарсы алып, ортаға сіңісіп кетуімізге бар жағдайды жасады. Біз де жатсынған жоқпыз. Заманның қиын кезі, ауыртпалықтың бәрін бірге көтердік. Жақсы жұмыс беріңдер, көп ақша төлеңдер деп міндетсіген жоқпыз. Қой да, сиыр да бақтым. Атажұртты сағынып келгеннен кейін, ешкімге алақан жайғым келмеді, – деп Жәкең тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды еске ала отырып әңгімесін бастады.

Біраз жыл Тұғыржапта тұрақтап, қолының шеберлігімен, ән-күйге жақындығымен көзге түскесін, аудан орталығына қо­ныс аударған. Ән десе елеңдеп, домбыраның күмбірін естісе делебесі қозып шыға келетіні бар. Моңғолияда тұрғанда көркемөнерпаздарды даярлайтын арнайы курстан өткен. Сондықтан да шығар, Жандостың жүрген жері думанға толы. Аудан басшылығының қолдауымен үй алып, шағын шеберхана ашты. Осы жерде домбыра, қобыз секілді ұлттық аспаптар мен ағаштан астау, табақ секілді ыдыс-аяқ жасайды. Бұл, бір жағынан, жан бағар кәсібі болса, екіншіден, әрі бастысы – іштегі өнерін танытудың жолы. “Дарынды адам – бар жағынан дарынды” деген сөз бар емес пе, күмбірлеген күй мен аңыраған жыр Жандос жасаған домбыраның шанағынан төгіліп-ақ тұрады. Шебердің қолынан шыққан аспаптар үлкен сахналарда ұлттық музыкамызды асқақтатып жүр. Ал астаулары мен табағы қаншама үйдің дастарқанына сән беріп, берекесін кіргізді.

Дегенмен Жандостың мұраты бұл емес еді. Бойындағы тұнып жатқан талантының ашылуына не себеп болғанын өзі де білмейді, бірақ ойындағысын өлеңмен өрнектеп жеткізуге құштар. Алғашқы жазған, жүрегін жарып шыққан шумағында:

Менің осы ептеп өлең жазуым,

Ана сүті, əкем берген азығым.

Түлкілерше бұлғақтамай бұл жолда,

Жүрісіне тура салам тазының.

Бұралқы иттей бұралмаймын жағынып,

Айтам сөзді жүрегіме бағынып,

Арландайын іштен тынам кей кезде,

Шағым да айтпан санасызға сабылып.

Өлең менің өмірім, түйгендерім,

Жабықсам да жасықтық күйге енбедім.

Ашық айтам қасыма, досыма да,

Келмейді жарымбақтап, сүйреңдегім.

Сұмдар мен сұрқияға сыр айтпаймын,

Айтқанмен жеңілдемес бірақ қайғым.

Араммен бір күн жолдас бола алмаймын,

Адалдың ауласына тұрақтаймын.

Мазаласа жанымды сұрақтар мың,

Шырмауында қалсам да сынақтардың.

Жан сырымды ақтарып өлең сенің,

Кеп тұрады жаныңа тұрақтағым, – деп толғайды. Осы өлеңінен-ақ жүрегінің нәзік, көңілінің кіршіксіз таза екенін аңғаруға болады.

Поэзия атты тарпаңға ер салу әркімнің қолынан келе бермейді. Батырлықты, ең бастысы, қоғамның ойындағысын дөп баса білетін алғырлықты қажет етеді. Жалпы ақынның қаламынан шыққан туындысы көпшіліктің көңіліндегісін дөп басса, өміршең болмақ. Мәселен, “Адам бол” атты мына өлеңіне үңіліп көрейікші.

Дəм бітсе ешкім жалғанда мəңгі қалмаған,

Талғамай ажал бай, кедейіңді жалмаған.

Талас пен тартыс, бақ, соры қатар өмірде,

Кек қайтарамыз-ау кейбіреулерден жалма-жан.

Əрнеге бола өңешті созып, көпіріп,

Көсілеміз-ау көлденең сөзбен өтірік.

Жалғанды жайпап, жалпағынан басқанмен,

Баянсыз бəрі, қаламыз түбі өкініп.

Құр сөзге мақтау кетеміз кейде аспандап,

Болмашы байлық, таймайтындай-ақ бастан бақ.

Кеудені қанша кергенімізбен ісініп,

Сабаңа салар жұдырықтай ғана тас болмақ.

Бұл күнде жанның жақсысы қайсы жаманы?

Білмей қаламыз-ау кей-кейде байқап шаманы.

Жақсылық жаса, айламен өткіз аз ғұмыр,

Бəрін де жазбай бір жаратушың табады.

Ала алмасақ та өмірдің биік асқарын,

Түгендеп жүріп байлығын, бағын басқаның.

Жанталас, қарман, тырмысқаныңмен қаншама,

Өте шығады бұл ғұмыр қысқа қас қағым.

Өткінші өмір өткізіп ойдан елесін,

Кетеміз əйтеу келместің мініп кемесін.

Адам боп келіп, адам болып өт өмірден,

Артыңнан сені “бір ит кетті ғой” демесін.

Иә, әр адам артында жақсы аты мен игі істері қалғанын қалайды. Ізгілік пен ізденімпаздық – шын таланттың мұраты. Шындап келгенде, көкірегі ояу адам өмір бойы өзін, өмірінің мәнін іздеумен өтеді. Қазіргі айналысып жүрген жұмысың пайдалы һәм тиімді болғанымен, жанын жадыратар сүйікті ісі болмауы мүмкін. Қуаныш сыйлайтын, көңіліңнің пернесін дәл басар іс мүлдем басқа. Мейлі материалдық тұрғыдан пайда әкелмесе де, рухани азық беретін, жаныңды қорек­тендіретін мұратыңа жеткізетін жолды іздейсің. Бұл – шығармашыл, талантты адамдарға сай құбылыс. Жандос та әлі күнге өзін іздеумен келеді.

Қазақта тегін жерге терек өспейді деген нақыл бар. Яғни негізінде бар қасиет, түптің түбінде бүр жарады. Өзінің айтуынша, әкесі Мәдиғажы да қаражаяу адам болмаған. Ел ішінде адам емдеп, кейін молдалық құрған, өлең жазатын дарыны болған екен. Оның араб әріптерімен жазылған қол­жазбалары сақтаулы, бүгінде Жандос соларды кириллицаға көшіруде. Ендігі мақсаты – әке мұрасын жарыққа шығару.

– Әкем жарықтық ауылда сыйлы жан еді. Талай жыл адам емдеді. Осы жаққа көшіп келгенде ауруханада ем қонбай шығарып жіберген адамдарды аяғынан тік тұрғызған кездері де болды. Өмірінің соңына қарай дін жолына түсті. Өмір бойы таза, тура жүрген адам. Бізге – балаларына адал болыңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар деген өсиет қалдырды. Әркімнің әулиесі – өз әкесі емес пе, әке аманатын арқалап келеміз, – дейді Жандос.

Жандостың өзі де – бес баланың әкесі, немере сүйіп отырған ата. Тоқырау жылдары талай қиындықты басынан өткерсе де мойыған жоқ. Балаларының атажұрт Қазақстанда тамыр жайғанына шүкіршілік етеді. Ендігі мақсат-мұраты – ұрпағының салиқалы болып өсуін көру. Ісмерлігін әрі қарай жалғастырып, кәсібін өрге қарай дөңгелетпек. Көңіл қалтарысындағы тебіренісін сыртқа шығаратын өлең жазуын да тоқтатпақ емес.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp