«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТ ФЕРМАЛАРЫ САЛЫНУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тауарлы-сүт фермаларын салу бүгіндері облыста ауыл шаруашылығы дамуының негізгі көрсеткішіне айналды десе де болады. Агроқұрылымдар ірі қара өсіріп, сүт өндіруге баса мән беріп отыр. Қызылжар ауданының шаруалары да бұл үрдістен қалған жоқ. Қазіргі күні ауданда екі ірі ферманың құрылысы жүріп жатыр. Бірі – Березовка, екіншісі Петерфельд ауылында.

– Бір сиыр орташа есеппен күніне 18 литр сүт береді. Өнімділігі үйдегі малдан 3 есе көп. Алдағы уақытта ақты жергілікті “Маслодел”, “Молсервис”, “Зенченко К” сияқты сүт өңдеу зауыттарына жөнелтеміз. Құрылыс жұмыстары әлі толық біткен жоқ. Ферма келесі жылы толық қуатында жұмыс істеуге көшеді, – дейді “Rich Nomad Nord” ЖШС-і директорының орынбасары Асхат Сандыбаев.

Жобаны жүзеге асыру үшін ферма басшылығы мемлекеттің қолдауына жүгініп, 1 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Көктемде мамандар мұнда тағы 440 бас асыл тұқымды сиыр әкелмекші. Бүгінде шаруашылықта 12 адам жұмыс істейді, құрылыс аяқталған соң тағы 20 ауыл тұрғыны екі қолға бір күрек табады. Алысқа бармай-ақ, ауылдан жұмыс тапқандардың бірі – Берік Үкібасов. Березовка ауылының тұрғыны бұған дейін қалада еңбек еткен. Екі ортада күнделікті шапқылай беру де оңай емес. Ал қазіргі жұмысы үйге де жақын, жалақысы да жоғары. Ең бастысы, уақытында төленеді.

– Бұрын қалада күзетші болдым. Күнде барып-келу қажет. Ал ферма ашылған соң тұрмысымыз да жақсара бастады. Жұмысым үйдің жанында. Келемін деген адамдарға жұмыс бар, – дейді ол.

Қызылжар ауданындағы “Петерфельд Агро” серіктестігі де сүт өндіру бағытын мықтап қолға алған. Мұндағы іскер жандар кәсіптің бұл түрімен 10 жылдан бері айналысып келеді. Қазіргі күні қораларында асыл тұқымды үш жарым мың бас сауын сиыр тұр. Жақында олардың қатары тағы 600-ге жуық ірі қарамен толықты.

– Біз 2021 жылы 600 басқа арналған жаңа тауарлы-сүт кешенін тұрғызуды бастадық. Қазіргі күні құрылыстың басым бөлігі аяқталып қалды. Ішкі-сыртқы өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сатып алынған малдың әрбіреуі үшін мемлекет 770 мың теңге субсидия берді және жемазық алуға да көмек көрсетті. Ферма толық іске қосылған соң күніне 15-20 тонна сүт сауатын боламыз. Ал сиырлардың күтімімен 17 адам айналысады, – деді “Петерфельд Агро” ЖШС-нің басшысы Александр Фомичев.

Қызылжар ауданында тағы бірнеше жоба қолға алынған. Бүгінде Архангельское ауылында сыйымдылығы 5 мың тонналық элеватор салынуда. Жобаны “Ер Агро” серіктестігі қолға алған. Жобаның құны – 300 млн. теңге. Аталмыш серіктестіктің 9 мың гектар жері бар. Түрлі майлы және дәнді дақыл егеді. Ырыздық мол болған соң оны ысырап қылмай дұрыс кептіріп, сақтайтын жер керек. Сол себепті элеватор салуды жөн көрген.

Петерфельд ауылында құс фабрикасының құрылысы аяқталуға жақын. Кәсіпорында бір жылда 1200 тоннаға дейін ет өндірілмек.

Бердімұрат БАЙМҰҚАН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp