Тимирязев ауданында оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ана тілімен сусындатып жүрген үш білім ошағы болса, солардың арасында бірегейі де, беделдісі де – Тимирязев жалпы білім беретін қазақ мектеп-интернаты. Осыдан 14 жыл бұрын өз алдына шаңырақ көтерген білім үйі анадайдан көз тартатын 400 орындық үш қабатты зәулім ғимаратта орналасқан. Мектеп-интернат ашылғаннан бастап биылға дейін басшылық етіп, білім сапасының жақсаруына, материалдық-техникалық базасының нығаюына айтарлықтай үлес қосқан Айман Асанованың қызметі жоғарылап, аудандық мәслихаттың хатшылығына сайланыпты. Оның орнын басқан ізбасары Римма Дайырова, директордың оқу және тәрбие істері жөніндегі орынбасарлары Бүркіт Сүлейменов пен Әсем Иманқұлова – бәрі жұдырықтай жұмылып, туған тіліміздің шамшырақтай жануына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
– Бүгінде 140 оқушы білім алады. Оларға 32 мұғалім сабақ береді. Жаңартылған білім мазмұны бойынша 12 мұғалім біліктілігін көтеріп, 17 ұстаз деңгейлік курстан өтті. Педагог-модераторларымыз – екеу, педагог-сарапшыларымыз – төртеу, педагог-зерттеушілеріміз – он, педагог-шеберіміз – біреу. Жоғары санатты ұстаздар – 8, бірінші санаттағылар – 11, екінші санаттағылар – 4. Қатарымыз жас мамандар легімен толығып, білім сапасына үлкен көңіл аударылып отыр, – деген Римма Байкенқызы кең де жарық, жылы да жайлы кабинеттер заманауи оқыту құралдарымен толық қамтамасыз етілгенін жеткізді. Шалғай елді мекен балалары интернатта жатып оқиды. Мектеп жасына дейінгі балдырғандарға арналған “Еркетай” шағын орталығы жұмыс істейді. Мұнда да жаңа жиhаздар, техникалық жабдықтар жеткілікті. Күн тәртібі бүлдіршіндердің психологиялық және жас ерекшеліктері ескеріле отырып құрастырылған. Үш рет серуендеу, ойын түрлерін баланың дене бітіміне, ақыл-ойының дамуына қарай үйлестіру барынша ескерілген.
Біз мектеп-интернаттың тыныс-тіршілігімен танысу барысында Тәуелсіздігіміздің тарихынан бөліп-жаруға келмейтін небір жақсы бастамалардың қолға алынып, кейбірі жалғасын тауып келе жатқанының куәсі болдық. Солардың бірі – “Арай” қазақ ұлттық мәдени орталығының құрылуы. Орталықтың мақсаты – дәстүрлерді насихаттау, жас ұрпақты ұлттық нақышта тәрбиелеу. Құрамына жүзден астам оқушы мен ата-ана тартылып, бір шаңырақ астында өзара түсіністікте тұрып жатқан түрлі этностардың әдеті, ғұрпы, мәдениеті жөнінде іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады.
Ал өлкетану музейі жуырда ашылғанына қарамастан аудан өміріне қатысты құнды жәдігерлер қатары толыға түскен. Бұл жерде тарихи-мәдени ескерткіштер жайлы мағлұматтар да топтастырылған. “Рухани жаңғыру”, “Ұлы Даланың жеті қыры” бөлімдері өткен күндерден, ата-бабаларымыздың ерлік істерінен, тағылымды да өнегелі өмір жолдарынан сан алуан сыр шертеді. “Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев”, “Туған елдің тарландары” бөлімдерінде де бағалы деректер жинақталған.
Мектеп-интернат ұжымы білім ошағынан түлеп ұшқан түлектерін мақтан тұтады. 2011 жылы мектеп тарихында тұңғыш рет “Алтын белгі” иегері атанған Айнұр Әбдірахман әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тамамдап, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында заңгер болып жұмыс істейді. Ақылбек Мусин Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін ағылшын тілі мамандығы бойынша бітіргеннен кейін өз ұясына оралуды құп көрген. Осында біз жолықтырған Әсем Иманқұлова 2012 жылы Қостанай педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтаған.
Юлия Адамикина Дмитриевкадағы орыс мектебінен келіп, осында үш жыл оқыған. Қазақ тілін жетік меңгеріп, облыстық ән байқауында үшінші орынды иеленген. М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжін тамамдап, қазір елордада қазақ сыныптарына сабақ береді. Эльвира Левченко – ағылшын тілінің маманы, мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Даниил Троевласов бірінші сыныптан бастап тілін қазақша сындырған, бүгінде таңдаулы мамандардың бірі саналады. Бір атап өтетіні, қазақ тілі, математика, орыс тілі, ағылшын тілі, кітапханашы болып еңбек етіп жүрген мамандардың бәрі – осы мектеп түлектері. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында 17 жас маман жұмысқа орналасып, жеңілдікті несиелер арқылы тұрғын үй сатып алған.
Келесі жылы мектепті 10 оқушы аяқтағалы отыр. Олардың біреуі – “Алтын белгіден” үміткер. “Оңтүстіктен – Солтүстікке!” бағдарламасы шеңберінде күнгей өңірлерден көшіп келген отбасылардың 12 баласы оқушылар қатарын толықтырған. 7 баласы бар екі отбасының отағасылары мен отаналары жұмысқа қабылданған. Бағдат Үсенқызы – бас аспаз, Мұрат Нұрғали – жұмысшы, Замира Медетова – тәрбиеші.
“Жақсыға жан сүйінер” демекші, жүрекке жылы тиетін, көңілге қуаныш ұялататын игілікті шаралармен танысып, ғимараттан шыға бергенімізде екі шекті қасиетті қара домбыраның көмейінен қазақтың ғаламат әуені төгіліп сала берді. “Тайпалап жорға салдырған, аққуды аспандағы қондырған” адамды жіпсіз байлайтын әлдебір ғаламат күш фойе ішін кернеп кетті. Сөйтсек, Римма Байкенқызының бастамасымен әдеткі соғылатын қоңыраудың орнына күй орындалады екен. Мұны ғасырдан ғасырға халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ұлттық өнерімізді, рухани қазынамызды, мәдени байлығымызды қастерлеудің, құрметтеудің тамаша бір үлгісі деп ұқтық. Күй құдіретінің кереметтілігін әр қоңырау сайын сездіріп отырудың өзі – нағыз ұлттық тәрбие емес пе?!
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: бастауыш сынып оқушылары арасында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ашық сабақтан көрініс.