«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұрпаққа аманат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданындағы Иманбұр­лық өзенінің жағасында кезінде Жа­рағаш деген шағын ауыл болды. Сол оймақтай ғана елді мекенде 1928-1985 жылдары алты алашқа даңқы жа­йылған Жәпек батырдың ұрпақтары өмір сүрді. Бүгінде ел жан-жаққа та­рап, естелік айтар көненің көзіндей, та­рихтың өзіндей болған қарттар азай­ды. Осы ауылдың тумаларының бі­разы таяқ тастам жердегі Кириловка, Николский ауылдарында, аудан орта­лығы Саумалкөлде тұрып жатыр.

Төлетай Кәрімов ақсақалдың ұйым­дастыруымен 2000 жылы зират басына Жәпек батырдың құрметіне ескерткіш-бюст орнатылды (авторы – Тұрсын Қорабаев). Бұл көптің көңі­лінен шыққан оң іс болды. Аталмыш шараға жан-жақтан көптеген адам жиналып, ел есінде қалған ас берілді. Содан бері біраз уақыт өтті. Сауапты іске атсалысқан ақсақал, ағаларымыз бұл күнде ортамызда жоқ. Бірақ олар­дың кейінгі ұрпаққа аманаттаған ісі бүгінде жалғасын табуда.

2017 жылы Жәпек батырдың ұр­пақ­тары тізе қосып, аталарын ұлық­тап, аруағына тағзым етіп, еліміздің та­рихи-рухани орталығы – Түркістанда ас берді. Қазақтың ардақтылары мәң­гілік жай тапқан жердегі тақта тасқа 27-ші болып Жәпек батырдың есімі жа­зылды. Жарағаш пен Қоскөл ауылы­ның топырағы Түркістанға, сол жақтан алып келген топырақ елдегі Жәпек батыр ескерткішіне салынды. 2018 жы­лы Алматыдағы “Жібек жолы” баспа­сынан көлемі 500 беттен асатын “Жә­пек батыр” атты кітап шығарылды. Көк­шетау қаласында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Айтулы жиын­да бүкіл қазақ елінің ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі, шетелдік ғалымдар да үн қосып мақа­лаларын жариялады.

Жәпек батыр ұрпақтары ата-баба­ларының ерлік дәстүрін жаңа заманда да жалғастырды. ХХ ғасырдың естен кетпес оқиғасы екінші дүниежзілік со­ғыс екені мәлім. Отты жылдары Жара­ғаш ауылынан 85 адам қан майданға аттанып, оның тек 37-сі ғана туған елге аман-есен оралды. Оның ішінде бір шаңырақтан үш бірдей азамат майдан даласында іс-түссіз жоғалған Санды­баевтар, Құсайыновтардың отбасы­лары бар еді. Ауылда мұғалім болып жүр­ген жерінен әскерге алынып, ба­тальон командирі болған даңқты жа­уынгер, аға лейтенант Қа­пар Санды­баев көптеген шайқастарға қатысып, 1944 жылы ерлікпен қаза тап­ты. Қа­жым Жанғалиев, Қожақ Ғабдул­лин, Әбілқас Қасенов сынды жерлес­теріміз “Ерлігі үшін” медалімен, “Қы­зыл Жұл­дыз” орденімен марапаттал­ды. Ресей Федерациясының Грозный қаласында 2020 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылды­ғына орай өткізілген “Кеңес Одағы халықтарының Ұлы Отан со­ғысындағы жеңіске қосқан үлесі” атты конферен­цияда осы Жарағаш ауылы­нан ат­тан­ған аталарымыздың да есімі аталған мақала жарық көрді. Сол жы­лы Жара­ғаш ауылы жұртында орна­тылған ес­керткіш жаңғыртылып, со­ғыс­тан ора­лып, бейбіт өмірдің іргесін қалауға ат­салысқан әкелеріміз бен аталарымыз­дың, тыл еңбеккер­лерінің есімдері тас­қа қашалды.

Жарағаш – Жәпектей ер жасаған жер!

Майдангер Ел қорғанын тудырған жер.

Ардагер ұл мен қызы есімдерін,

Тасқа басып, мәңгіге қалдырды ел, – деген өлең жолдары да ескерткішке басылды.

Жәпек батыр ұрпақтары биыл да ескерткішті жаңартып, алтын түстес күм­без тәрізді сүмбі орнатты. Осын­дай жауапты жұмысқа жұдырықтай жұ­мыл­ған Көкшетау қаласында тұ­ратын Бек­жан Әбжатовтың есімін ерек­ше атап өткен жөн. Әлбетте, са­уапты іс көппен бітеді. Өнегелі іске қол­дау білдірген ауылдық округтен Жеңіс Мұқашев, Әділ Жақыпов сынды аза­ма­тардың да ең­бегін атап өтпеске бол­мас. Құры­лыс­қа қолғабыс еткен Мол­дағұл Шона­наев, Саят Әбжатов, Ғаб­бас Сызды­қов, Мереке Хасенов, Берік Қойбаға­ров, Жұмабек Можаев, Дәулет Сеитов пен еңбегі ерге бергісіз Гүл­жанат Мағ­жа­нованың да үлесі зор. Ал ескерткішті жаң­ғырту жұмыста­рына бел­сене қа­тыс­қан Әнуәрбек Жүнісов­тің еңбегі ұшан-теңіз. Жарағаш ауылы жұртын­да­ғы ескерткішті жаңарту, жаң­ғырту жұ­мыстарын әуелден осы ауыл­дың ту­малары өз мойындарына алып, өздері қаржыландырып келеді.

Жыл сайын осы ескерткіш тұрған жерге еліміздің әр өңірінен Жәпек батыр ұрпақтары жиылып, салтанатты жиын өткізеді. Батыр бабаларының рухына тағзым етіп, әруақтарға Құран бағыштап, ел ақсақалы Бопаш Сейт­қалиевтен бата алып қайтуды өздері­не парыз санайды. Елдің бірлігі, ынты­мағы осындайда көрінеді. Алдыңғы тол­қын ағалардың бұл ісі кейінгі тол­қын іні-қарындастарымызға үлгі-өнеге.

Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp