«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСЕРЛІ КЕЗДЕСУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Достығымыз әрқашан сақталады,

Ән-жырымыз жүректе жатталады.

Бірге жүрген сол күндер қандай ыстық,

Жастық шақтан жан сырды ақтарады, — деп жерлесіміз Шашубай Малбыдаев жырға қосқан­дай жалындаған жастық шақ — адам өмірінің ең та­ма­ша кезеңі. Талай қызықты бірге өткізген дос­тар­мен сағыныса қауышудың өзі бір бақыт екен ғой.

Жақында әсем қала Алматы­да курстастармен әдемі кездесу өтті. Біздің оқу бітіргенімізге биыл 50 жыл толды. Қас-қағым сәттей болған қайран уақыт! Біз 1966 жылы Қазақ Ұлттық уни­верситетінің филология фа­куль­те­тіне оқуға түсіп, 1971 жы­лы қолымызға диплом алған соң, әрқайсысымыз өзіміздің ту­ған жерімізге аттанған болатын­быз. Міне, жарты ғасырдан кейін сол жастармен басымызды қо­сып, естен кетпес кездесудің куә­сі болдық. Біздің курста Қазақ­станның оңтүстігі мен солтүсті­гінен, шығысы мен батысынан ар­ман қуып келген студенттер білім ал­ды. Бір-бірімізбен қа­уышқанда студенттік күндерде өткізген қы­зықты кезеңдер көз алдымызға келіп, ерекше сезім­ге бөлендік.

Әлбетте, бізді білім нәрімен сусындатқан, жаңа өмірге нық қадам басуымызға игі ықпал ет­кен аяулы ұстаздарға мәңгі қа­рыз­дармыз. Оларды ұмыту мүм­кін емес. Қасиетті қара шаңы­рақта біз Мәлік Ғабдуллин, Зей­нолла Қабдолов, Тұрсынбек Кә­кішев, Мұхтар Мағауин, Рым­ға­ли Нұрғалиев, Мырзатай Сер­ға­лиев, тағы басқа өне­ге­лі ұс­таздардан тәлім алдық. Көр­нек­ті мемлекет және қоғам қай­рат­кері Мырзатай Жол­дас­бе­ковтің де дәрісін тыңдағаны­мыз­ды мақтанышпен еске ала­мыз.

“Елу жылда – ел жаңа” де­гендей, осы уақытта әрқайсы­сы­мыздың өмірімізде елеулі өз­герістер орын алды. Ең басты­сы, өмірде өз орнымызды та­уып, бүгінде ата-әже атанып отыр­мыз. Өкінішке қарай, бірге оқы­ған курстастардың арасын­да жалған дүниемен ерте қош айтысқан жандар да жоқ емес. Оларды да еске алып, аруақ­тарына Құран бағыштадық. Осы кешті ұйымдастырған Фаузия Оразбаева мен Сатыбалды Досымбеков әр студенттің өмірі мен еңбек жолы, отбасы туралы мәлімет жинастырып, “Қайда­сыңдар, достарым” атты кітап шы­ғарды. Кітапты қолға алған­да­ғы толғанысты сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Одан басқа ұйымдастырушылар Бағдат То­қажанова, Сейсенгүл Егізбае­ваға да біздің айтар алғысымыз шексіз. Осындай тамаша кезде­судің өтуіне ұйытқы болған Шашубай Малдыбаевтың да есімін ерекше атап өткен жөн. Шашубайды білмейтін адам кемде-кем. Әсіресе өзінің туған жері Қызылжар өңірі оны ерек­ше құрметтейді. Ол қарт ба­сы­лым “Soltüstık Qazaqstan” га­зетінің өміршең болуына әркез тілектестігін білдіріп, ана тілі­міздің, айтыс өнерінің дамуына үлесін қосып келеді.

Жалпы бізбен оқыған сту­дент­тердің осалы жоқ. Мәселен, Уәлихан Қалижанов, Фаузия Ораз­баева, Серік Негимов про­фе­ссор, академик атанса, Мә­нет Аманходжаева, Мүбәрак Үм­бетаев – ғылым кандидаттары. Ризабек Адуов, Нүсіпхан Қыс­таубаев Қазақстан Орталық Ко­митетінде, ал жерлестеріміз Ер­төстік Балғарин, Бақтығали Сә­дуақасов Ұлттық Қауіпсіздік Ко­митетінде жауапты қызметтер атқарды. Басқа да курстаста­рым журналист, радио-телевизия дикторы, ардагер ұстаз ата­ныпты.

Еліне елеулі, халқына қа­лау­лы болған ұл-қыздардың балаң шағында бастау алып, өмірдің соңына дейін жалғасын тапқан осындай сыйластық, достық қа­рым-қатынасымыз мәңгілік бо­лып, одан кейінгі ұрпақ үлгі алса екен деймін.

Зиягүл ТАСЫБАЕВА,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектептің ардагер ұстазы, зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp