Темір жол саласы мамандарына жүктелетін негізгі міндеттердің бірі – жауапкершілік. Қырағылық пен сақтықты қажет ететін бұл мамандықты игерген ерлі-зайыпты Марат Бөлебаев пен Ғазиза Отарбаеваны тағдырдың өзі тоғыстырған сияқты.
Олар Тайынша ауданының орталығына еліміздің оңтүстігінен 2007 жылы қоныс аударды. Ерлі-зайыптылар М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында танысқан. Қазір Марат Тұрсынбайұлы мен Ғазиза Сағындыққызы Тайынша стансасында жұмыс істейді.
Темір жолдың кедергісіз болуын қамтамасыз ету, стансадағы жұмыс қауіпсіздігін сақтау, қадағалау, пойыздардың үздіксіз қозғалысын бақылау сынды жауапты қызметтерді атқаруда оларға жүктелген сенім зор. Үйде де, жұмыста да жұптары жазылмаған ерлі-зайыптылар өздерінің жүріс-тұрысымен, байыпты қарым-қатынасымен көпке үлгі болуда. Сыйластығы жарасқан жұбайлардың өмірге көзқарасы мен құштарлығы ерекше. Әрқашан жақсылыққа ұмтылып, өнегелі іске ұйытқы болатын жандар күн сәулесіндей айналасына нұрын шашуда. Әріптестерінің ортасында құрмет пен беделге ие Марат пен Ғазиза отбасы құндылығы мен ұрпақ тәрбиесін де естен шығармаған.
“Бақыттың кілті – сыйластық пен татулықта” деген қағиданы өмірлік ұстанымдарына айналдырған олар кез келген істе бір-біріне қолдау көрсетіп, демеу болады. Ерлі-зайыптылар бүгінде Бағжан, Мағжан, Балжан, Сағыд атты төрт баланы тәрбилеп, қатарынан қалдырмауға тырысуда. Ал отбасының тірегі, ұйытқысы болған Райкүл Сәрсенбайқызы ұрпағының тілеуін тілеп, ұлы мен келінінің сүйіспеншілігі мен қамқорлығына бөленуде. “Келін қайын ененің топырағынан” дегендей, шаруаға пысық, ізетті, тәрбиелі келін Ғазиза кейуананың сөзін екі етпейді. Ене мен келіннің сыйластығы сондай жарасымды.
– Адам ұрпағымен көрікті. Ортамызда ақылшы болып отырған анамыздың ақ тілеуімен жұмысымыз алға басып, береке-бірлікте өмір сүрудеміз. Отбасында әйелге зор міндет жүктелген. “Отан – отбасынан басталады” демекші, әр шаңырақта береке-бірлік болса, Отанымыздың да іргесі ешқашан сөгілмейді, – деді көпбалалы ана Ғазиза Сағындыққызы.
Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша ауданы.