«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Оқуды өндіріспен ұштастыру маңызды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауында: “Біз “Тегін техникалық және кәсіби білім беру” жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек”, – деген болатын. Тимирязев ауданындағы агротехникалық колледж бұл міндетті нәтижелі жүзеге асыруда.

Колледж ғимараты өткен ғасырдың 1960 жылдары салынған. 20 жылға жуық орта мектеп ретінде қызмет етті. Кейін оның базасында жұмысшы мамандарын әзірлейтін жаңа оқу орны бой көтерді. 1990 жылдары училище жекеменшікке беріліп, ғимаратты жөндеуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, оқу-әдістемелік құралдар, спорттық жабдықтар сатып алуға қаражат тапшылығын қатты сезінді. Тек 2009 жылы мемлекеттік мәртебе алған соң ғана өз жұмысын қайта жандандыра бастады. Мекеме атауы бірнеше рет өзгергенімен, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін білікті кадр даярлау басты талап болып қала береді. Бүгінге дейін колледж қабырғасынан 3,5 мыңнан астам тракторист-машинист, аспаз, жүргізуші мамандары қанат қақты.

2011-2012 жылдары нысанды қалпына келтіруге 59 млн. теңге жұмсалды. 2014 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 3 қабатқа күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолдау көрсетудің арқасында Тимирязев агротехникалық колледжі оқу және әлеуметтік-педагогикалық кешен ретінде қалыптасып, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Оқыту процесінде дәстүрлі технологиялармен қатар жаңа ақпараттық-коммуникациялық, желілік және мультимедиялық білім беру әдістері қолданылады. Компьютерлік және мультимедиалық кабинеттер, интерактивті тақталар, автомобильдердің құрылғысы және ТҚК жөніндегі электрондық зертхана, “Тамақ дайындау технологиясы” пәні бойынша зертхана, оқу-өндірістік және технологиялық жабдықтары бар слесарлық және дәнекерлеу шеберханалары жұмыс істейді. Алдағы уақытта тәжірибелік жоғары кәсіби базамен қамтамасыз ету – колледж әкімшілігі үшін маңызды міндеттердің бірі.

“Фермер шаруашылығы” мамандығы бойынша білім алушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатымен дуальді оқыту іске қосылған. “УАҚ және К”, “Есей Агро”, “Қайнар”, “Омаров”, “Балсейітов”, “Кравченко” сияқты агроқұрылымдармен тығыз байланыс орнатылған. Олармен “ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі”, “тамақтандыруды ұйымдастыру”, “аспаз біліктілігі” мамандықтары бойынша келісімшарт жасалған. Бүгінгі таңда дуальді оқытумен 69 студент қамтылған. Өндірістік тәжірибеден өткен студенттер тек дағдыларды терең игерумен бірге 60 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін жалақы алу мүмкіндігіне ие болды.

Әлеуметтік серіктестер колледждің материалдық-техникалық базасының жақсаруына көмек қолын созып, бірнеше техника сатып әперді. Көктемгі, күзгі дала жұмыстары кезінде жұмысшылардың тұруларына арналған жылжымалы үй-жайлармен қамтамасыз етті. Аттестация комиссиясының мүшелері ретінде әр студенттің білім сапасын, қабілеттерін жеке бағалауға мүмкіндіктер туғызды. Әлеуметтік әріптестік туралы колледж, кәсіпорын және облыстық кәсіпкерлер палатасының филиалы арасында жасалған үшжақты шартта тиімді байланыс білім беру процесінің барлық кезеңдерінде жалғасады деп анық жазылған. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, колледж түлектеріне арнап орталықтандырылған ақпараттық база құрылған. Онда диплом алып шыққан жас маманға қатысты деректер топтастырылған.

Президент Жолдауда айтқан тапсырмаларды орындау үшін колледж келешекте қосымша мамандықтар ашуды, оқушылар контингентін арттыруды ойластырып отыр. Біз үшін ең маңыздысы – студенттердің кәсіби оқыту процесіне белсенді қатысуы, еңбек нарығында талап етілетін жас мамандарды даярлау, өндіріспен тығыз ұштастыру болып табылады.

Жақсылық ЖАНТОҚОВ,

агротехникалық колледж директоры.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp