Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай режимі енгізілгелі блокпосттар арқылы 22,5 мыңға жуық көлік өткен. Ал бес көлік жүргізушісі бекетті айналып өтпек болған кезінде ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір өңірде 25 блокпост жұмыс істеп жатыр. Соның 5-уі Петропавл қаласының айналасында орналасқан. Бұл бекеттерде облыстық полиция аппаратының, қалалық полиция басқармасының, сондай-ақ Қызылжар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Осы күндері блокпосттардан 22 мың 278 көлік өтсе, 481-іне өтуге рұқсат берілмеген.
СҚО комендантының орынбасары, СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, бекеттерді айналып өтудің 5 фактісі тіркелді. Тәртіп бұзушылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы бойынша ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Олардың төртеуі 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, бір құқық бұзушыға әкімшілік айыппұл салынды.
«Көлік санының көп болуы, қолайсыз ауа райы – бұл жағдайлардың барлығы халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарына да қосымша жүктеме жүктейді. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің барлық қолға алған шаралары азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған, барлық шектеулерге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – дейді Руслан Назаров.
Төтенше жағдай кезінде шектеу шаралары мәселелері бойынша азаматтар 8 7152 61-25-42 телефон нөмірі бойынша жүгіне алады. Call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері күдікті тұлғалар, төтенше жағдай режимін бұзу туралы фактілерді «102» арнасына хабарлауды сұрайды.