И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханаға журналист, аудармашы, жазушы Зияш Телеуованың «Тірі өлік» атты кітабы түсті.
Оқырмандардың назарына ұсынылып отырған бұл еңбек шытырман оқиғалы хикаятқа толы. Қаладағы екінші дәрежелі банктің бас банкирі көпірден ұшып, мерт болады. Жығылғанға жұдырық дегендей бірер ай аралығында банктің бөлім меңгерушісін саяжайында атып кетеді. Немесе атылып өледі. Қылмысты аяқ асты аша салуға құқық қорғау органдары да дәрменсіз…
Шығармада түрлі құйтырқы оқиғалардың қыртысын ақтарып, қиындығын кешіп жүрген тергеушілер қызметінің қыры мен сыры нанымды суреттеледі. Ал оқыс оқиғалардағы басты кейіпкерлердің тағдыр талқысына түскен өмір қисындары, қанша жыл өтсе де сөнбеген сезімдерінің сергелдеңге салуы, туындыны оқыған оқырманды елең еткізіп, ерекше толғандыратыны сөзсіз. Алматыдағы «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Тірі өлік» көпшіліктің қызығушылығын тудырған туынды деуге болады.
Алтынай СЫЗДЫҚОВА,
И.Шухов атындағы орталық қалалық
кітапхананың кітапханашысы.