Алдағы маусымда «Qyzyljar» клубы жаңартылған құраммен өнер көрсетеді. Команданың бірқатар үздік ойыншысы келісімшарттарын ұзартқан жоқ.
Мұндай қадамға алғашқылардың бірі болып, клуб сапында өнер көрсеткен черкасстық ойыншы Максим Драченко барды. Кейін жартылай қорғаушылар португалдық Карлос Фонсека, черногориялық Дарко Зорич және қорғаушылар Алтынбек Сапаров, Нұрлан Дайыров пен Руслан Есімов әріптестерінің жолын жалғады. Командадан кеткендердің арасында – отандық футболдың ардагері қақпашы Алмат Бекбаев та бар. Ұлттық құраманың ойыншысы Әлібек Қасым да келісімшартты ұзартпауға шешім қабылдады.
Әзірге қызылжарлық ойыншылар Петропавлда. Жақын арада олар шетелге шығып, жаттығу-дайындық жұмыстарын бастамақ. Клубтың әлеуметтік желідегі парақшасында жерлестеріміздің алғашқы қарсыластары да көрсетілген. Олар латвиялық «Лиепая» мен австриялық «Рапид Вена 2» командалары. Жоспар бойынша жергілікті аяқдопшылардың жолдастық кездесулері ақпанның 2-сі мен 14-і күндері өтеді.
Аманжол НҰРТАЗИН.