Қазіргі жаhандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы мүмкін екені ескеріліп, құзырлы министрлік алдына оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу талабы қойылды. Өйткені жасыратыны жоқ, пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникациялар желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылар санының артуына соқтырып, білім алуды қажет деп таппайтындар көбейді. 2021 жылы 13 қазанда Президент “Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы” Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде 10 нақты ұлттық жоба анықталды. Соның бірі – 2021-2025 жылдарға арналған “Білімді ұлт” сапалы білім беру” ұлттық жобасы. Аталған жобаға зияткерлік әлеуетті дамыту, қазақ тілінің дамуына жағдай жасау, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу секілді мәселелер де өзек етілген.
“Білімді ұлт” сапалы білім беру” ұлттық жобасы 5 тапсырмадан, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады. Бағдарлама Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасының алшақтығын қысқарту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын құру, басқа да шараларды жүзеге асыру қарастырылған. Жобаның басты мақсаты – барлық білім беру деңгейлерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру. Сондай-ақ жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мемлекеттік бағдарламалармен сабақтастығы да ойластырылған.
Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын нығайту. Облыстық білім басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, былтыр 571 мектепке дейінгі балалар мекемелерін ашуға қол жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай “Ойын арқылы оқу” қағидаттарына негізделген үлгілік оқу бағдарламасы қайта қаралып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың тың тәсілдері енгізілді. 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді қамту – 100, 2 мен 6 жасқа дейінгілерді қамту 86,9 пайыз болды. Биыл 600 мектепке дейінгі ұйымды пайдалануға беру белгіленген. Бүлдіршіндердің дайындық деңгейі “ECERS” тәуелсіз бағалау жүйесі арқылы бағаланады.
Екінші міндет – орта білім беру сапасын арттыру. Ұлттық жоба аясында қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту және білім сапасы алшақтығын қысқартудың кешенді шаралары қарастырылып, 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланған. Соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаражат 1,5 есеге өсіп, 2020 жылы 86,7 млрд., ал 2021 жылы 99 млрд. теңгені құрады. Былтырдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыстар қабылдана бастады. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда жүргізіледі. Қазақстан биыл алғаш рет ЭЫДҰ PBTS (PISA-based Test for Schools) зерттеуіне қатысады. Сөз арасында былтыр 8 қараша мен 10 желтоқсан аралығында жеке мектеп деңгейінде сыртқы бағалауды жүргізуге бағытталған зерттеудің апробациялық кезеңі өткенін айта кеткен жөн. Оған республиканың 17 өңірінен 200 білім беру ұйымы қатысты. Зерттеу нәтижелері биыл мамыр-маусым айларында жарияланады. Білім басқармасы мен оның қалалық, аудандық бөлімдері, мектеп директорлары оқушылардың білім деңгейі, әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары, мектеп климаты, сондай-ақ әрбір оқу сапасына нақты әсер ету факторлары мәселелерін егжей-тегжейлі талқылап, оқушылардың біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. “Цифрлық мұғалім” жобасы іске асырылып, қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыстар берілді. Былтыр балалардың қосымша біліммен қамтылуы 74 пайыз болса, биыл 75,5 пайызды құрамақ.
Үшінші міндет білім ошақтарында қауіпсіз және заманауи білім берудің оңтайлы ахуалын қалыптастыру болып табылады. Орын тапшылығын қысқарту үшін 2021-2025 жылдары 16 мектеп салынады. Нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектептер толығымен жойылады. Бұдан бөлек, осы кезеңде 416 мектепте балалардың алаңсыз оқуына барлық қолайлы жағдайлар жасалады. Былтыр бұл жүйеге 84 мектеп көшіріліп, 14 пән кабинеттері сатып алынды. Барлық білім үйлері бейнебақылау құралдарымен, сапалы ауызсумен, дәретханалармен, қол жууға арналған гигиеналық заттармен қамтамасыз етілген. Өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға айырықшы көңіл бөлінген. Бүгінде олардың саны – 4085. 2 мыңнан астам бала инклюзивті болмаса арнайы білім берумен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі балаларды сүйемелдеуге арналған 3 психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті, 16 психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия, “Асыл мирас” аутизм орталығы жұмыс істейді. Екі жылдың ішінде 13 инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. Биылдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық жағынан қолдауды және ерте түзетуді 86,1 пайызға дейін жеткізетін боламыз.
Төртінші міндет – 2025 жылға таман жастарды қажетті мамандықтар негізінде қолжетімді, сапалы техникалық және кәсіптік біліммен толық қамту. Нәтижесінде NEET санатындағы, яғни не оқымайтын, не жұмыс істемейтін жастардың үлесі кемиді. 2020-2021 оқу жылы бойынша 9-сынып базасында қабылдаумен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылады. Былтыр квота бойынша 3170 түлек техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылданды. 2020 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 171 адамға артық. “Жас маман” жобасы арқылы 2,5 млрд. теңгеге колледждердің оқу-өндірістік шеберханалары, заманауи жабдықталуы жақсартылды. 285 серіктес кәсіпорындармен бірлесе отырып, 21 колледжде 30 мамандық бойынша кадрларды даярлау жүзеге асырылды.
Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Жоғары оқу орындарының халықаралық беделі мен бәсекеге қарымдылығын жақсартуға бағытталған “Академиялық артықшылық орталықтары” жобасын іске асыру жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін елімізде 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны) құрылады. Соған орай мүдделі мемлекеттік органдармен, ЖОО-мен бірлесіп жол картасы, жобаны іске асыру ережесі бекітілді. Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оңтайландыру жөніндегі кеңес “Академиялық артықшылық орталықтарын” құруға арналған жоғары оқу орындарының тізбесін бекітті. Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық өңірлік ЖОО құрылатын болады. Оның бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті. Республикалық бюджет шеңберінде еліміздің 29 жоғары оқу орнына 200 шетелдік сарапшы тартылған. 2022 жылы халықаралық білім беру бағдарламалары мен шетелдік әріптестермен академиялық алмасуларды іске асыратын жоғары оқу орындарының үлесі 3 пайызға дейін ұлғаяды. Шетелдік сарапшылар оқытушылық қызметке тартылатын болады.
Мемлекет басшысы бекіткен “Білімді ұлт” сапалы білім беру” ұлттық жобасының басты мақсаты жас ұрпаққа сапалы білім беруді көздейді. Оны толыққанды іске асыру мектептердің инфрақұрылымын жақсартуға, жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз етуге мүмкіндіктер береді.
Нәзір ЖАШИБЕКОВ,
облыстық білім басқармасының басшысы.