«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұрақтылық – бәрінен қымбат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы ойшыл Гётенің: “Адам бойындағы құрметтеуге тұратын ең ұлы қасиет – өз Отанына деген махаббат”, – деген қанатты сөзі бар. Біз айналдырған 2-3 күннің ішінде осы сөздің терең мағынасын ұғынғандай болдық. Халықтың наразылығын тудырған қоғамдағы басты мәселелердің бірі – қымбатшылық. Әлеуметтік теңсіздік пен бүйірден қысқан қиындық жүздеген, тіпті мыңдаған адамды өз өкпе-ренішін айтуға мәжбүрледі. Өкінішке қарай, азаматтардың бейбіт бастамасын арам пиғылды лаңкестер өз пайдасына асырып кетті. Оның тигізген залалын көріп отырмыз. Адамдар қаза болып, көптеген отбасы қара жамылып қалды. Ірі қалалардың орталықтары талқандалып, банк бөлімшелері, қызмет көрсету орталықтары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Көз алдымызда бейбіт өмірімізге қауіп төніп, еліміздегі ахуал сағат сайын қиындай түскен уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды толық бақылауына алып, дағдарыс басталған күннен шұғыл әрекет ету штабын құрып, өзінің конституциялық міндетін адал атқарды. Жұртшылықты сабырға шақырып, әрдайым халықпен тікелей байланыс ұстап, ағымдағы жағдаймен ақпараттандырып отырды. Қысқа ғана уақытта дұрыс шешім қабылдап, елдің Тәуелсіздігін сақтап қалды.

11 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісінің отырысында Президентіміз Үкіметке 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жаңа Үкіметтің заман талабына сай қызмет етуін міндеттеді, Ұлттық қауіпсіздік органдарын түбегейлі қайта құру қажеттігі туралы айтты. Ұлттық гвардияны нығайтып, ел тыныштығын қорғайтын әскери күштерді жарақтандыру мәселесін көтерді. Сондай-ақ саяси-әлеуметтік мәселеге ерекше көңіл бөліп, елімізде жаңа экономика тұғырын дамыту керектігін тапсырды. Елімізде орын алған жағдай көптеген мәселелердің көзін ашты. Президент осы ретте аймақ басшыларын халық мүдделеріне жақын болып, адал, сапалы қызмет етуге міндеттеді. Алдағы уақытта Ұлттық қордың жұмысын жандандыратынын, мемлекеттік қолдау өз жалғасын табатынын айтып, “Атамекен” қорына халық табысын көтеруге байланысты нақты тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты да ауқымды жоспарларымен бөлісті. “Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек.Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Алдыңғы жылға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді.Бұл шикізатпен және жемшөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жемшөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс”, – деді Президент өз сөзінде.

Мемлекет басшысының субсидия алуды жеңілдету, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз ету туралы тапсырмалары жақын арада орындалатынына сеніміміз зор. “Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет”. Бұл – Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық. Мемлекет басшысы айтып өткендей, егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді. Азық-түлік бағасының қымбаттауына да осы себеп болып отыр. Енді еліміздегі ірі шаруашылықтар мен өндіріс орындары бұрынғыдан ек-үш есе көп өнімділікте жұмыс істеуі тиіс.

Мемлекет басшысы маңызды мәселелерді шешу жолдарын айқындап, қайғылы уақиғалар кезінде мойымаған, ел тыныштығын биік қойған қазақстандықтарға алғыс білдіріп, алдағы уақытта тыныштық пен тұрақтылықты көксейтін жаңа мемлекет құруға шақырды.

Өз басым Президентіміздің басшылыққа алған шешімдерін халық оң көзқараспен қабылдайтынына кәміл сенемін. Алға қойылған міндеттер сәтті еңсеріліп, еліміздің жағдайы жақсара түсетіні көңілге медет.

Сырымбет ЕСЕНҒАЛИЕВ,

“Баянтай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp