«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕНІҢ ТАЛ БЕСІГІ саналатын білім ошақтары іргелі бетбұрыстарды қажет етеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің оты­ры­сын­да жасаған мәлімдемесін тың­дай отырып, Алаш көсемдерінің бірі Ақаңның –Ахмет Байтұрсыновтың “бала­ны ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады”, – деген адам­ның тұла-бойын шымырлатар ғаламат сөзі ойыма оралды. Басқа ұлы­лардың да жүрекжарды пайымдары осы­ған саяды. Мәселен, “Тәрбиелеу деге­німіз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту” (әл-Фараби), “Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбие­лей­міз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәр­бие­лейміз” (М.Әуезов). Арманы асқақ, ар-намысы биік, болашағы жарқын, үміті сәулелі, былайша айтқанда, ел бо­ла­шағын аманаттап тапсыратын, мем­лекетіміздің жаңа келбетін қалыптасты­ратын жас буын өкілдеріне жүктелер мін­дет көп, сенім мол. Алайда “бір қа­рын майды бір құмалақ шірітеді” де­мекші, кешегі ел басына ауыр күн туған шақта тепсе темір үзетін, бір-бір отау­дың иесі, асыраушысы саналатын, жа­лын­даған жастық оты бойларында атой­лаған қазақ жігіттері қайсар мінез, Отанға деген шынайы патриоттық сү­йіс­пеншілік көрсетудің, сарабдал сая­сат, бекем бірлік ұстанудың орнына ақыл-естен айырылып, бас иесі жоқ то­быр сияқты содырлардың айтағына еруі, халықтың дүние-мүлкін, меншігін күл-талқан етіп қиратуға белсене қаты­суы ұлттық-генетикалық тектілігімізден ажырап, жаhандану әлеміне жұтылып бара жатқандай, ойлау жүйеміз “от бас­ы, ошақ қасында” қалғандай көрінді.

Тәуелсіз Қазақстанымыздың аза бо­йын қаза қылған лаңкестік оқиғалар мем­лекеттік идеология саласында, оның ішінде мектептер бойынша бірқа­тар ұстанымдарымызды, әсіресе гума­ни­тарлық білім беруімізді қайта қарауға мәжбүрлейді. Өйткені күрмеуі қиын мә­селелер жылдар бойы қордаланып, бү­гінгі күнге дейін шешілмей келуі, алды­мыз­дан кесе-көлденең шығып отыруы – ащы болса да шындық. Былтыр бір ға­сырлық мерейтойы аталып өткен ар­дақ­ты басылымның тұрақты оқырманы ретінде кейбіріне тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін білім екенінде дау жоқ. Президент айтқандай, білім – адам капиталына, еліміздің болашағына са­лы­натын стратегиялық инвестиция. Өкі­ніш­ке қарай, мектептер әлі күнге дейін тек білім берумен ғана әуестеніп, тәр­бие ісін көзден таса қалдырып жүрген сияқты. Өзім саналы ғұмырымды ұстаз­дыққа арнағандықтан, бұл саланың қиындықтары мен проблемаларын бір кісідей білемін. Алдымен айтарым, озық бағдарлама ретінде қабылданған жа­ңартылған білім беру мазмұнының заты түгіл атын білмейтін мұғалімдер кездеседі. Олар кеңестік кезде қалып­тас­қан білім берудің жаттанды, таптау­рын әдістеріне әуес. Себебі өздігінен ізденбейді, білімі мен біліктілігі бүгінгі уақыт талабына сай келмегендіктен, осындай “оңай жолға” бейімделіп алған. Менің ойымша, мұғалім мен оқушы ара­сындағы сұрақ-жауап үрдісінен бас тар­тып, кітаптағыны жаттап алуға мәжбүр­лемей, өз бетімен ізденуге, ойын еркін жеткізуге, ақпаратты іздеп табуға ба­рынша мүмкіндік жасаған жөн. Екінші­ден, балалар мен жасөспірімдердің дені ғаламторға шырмауықша шырма­ты­лып, арбауынан шыға алмай жүр. Әрине, озық технологияның қажеттігін, ора­сан игіліктерін жоққа шығарудан ау­лақпыз. Үлкендердің талабы аздығы­нан, бақылау жоқтығынан күн-түн де­мей компьютерге жабысып отыруы – еш жараспайтын қылық. Нешетүрлі зор­лық-зомбылықтарды, қылмыстарды көр­ген­нен кейін оған ойы да, бойы да үй­реніп алады. Сабаққа деген ынтасы азаяды, үлгерімі нашарлайды. Болма­шы нәрселерді сылтауратып мектепке бармай қалады. Оның ақыры Алматы­да­ғыдай зор дүмпу туғызған қылмыстық қа­дамдарға ұрындыруы мүмкін. “Адам­ға ең бірінші білім емес, тәрбие керек­тігін, тәрбиесіз берілген білім адамзат­тың қас жауы, ол келешекте оның өмі­ріне қауып әкелетінін” ұғынатын мезгіл әлдеқашан жетті. Үшіншіден, әр пән бойынша бірнеше оқулық қатар қолданы­лады. Оқу жылы басталғанда ата-ана­лар қайсысын аларын білмей әбден сан­далады. Мазмұны, сапалы шығарылуы жағынан да сындар аз айтылмайды. “Бастауыш сыныптарда математика тап­сырмасы қиын. Қазақ тіліндегі жат­тығулар өте күрделі әрі шұбалаңқы” деген реніштерді ұстаздардың аузынан та­лай естідік. Маңызды мәселенің бірі – басы артық пәндердің көптігінде. Таң­дау бойынша оқытылсын деген ұсы­ныс­тар қанша айтылса да, ескерілмей келеді. Біздіңше, білім берудің үлгілік оқу жоспары, оқу бағдарламасы, мем­ле­кеттік стандарты қайта қаралып, ма­ңызды деген пәндердің ғана қалғаны дұ­рыс. “Педагогикалық жұмыс нормасы 18 сағаттан 16 сағатқа азайтылды. Бұл құптарлық. Дегенмен үйге берілетін тап­сырмаларды есептемегенде орта мек­теп оқушылары аптасына 39 сағат оқи­ды. Мұғалімдер 40 сағат жұмыс істейді. Рухани тәрбие мәселелері, жалпы адам­зат құндылықтары барлық пәндер­де қарастырылған. Сондықтан “Өзін-өзі тану” пәнін оқу бағдарламасынан алып тастаса да болады. Соншалықты ма­ңызды емес басқа да пәндер бар”, – дей­ді мұғалім Гүлбағда. Бір сөзбен айтқан­да, оқу бағдарламасының қысқартылған нұсқасы керек-ақ. Тағы бір қосарым, ұстаздарға шамадан артық жүктеме, қағазбастылық әлі де аз емес. Осыған тоқтам салмаса болмайды.

Бірде мұғалімдерге жүктелетін мін­дет­тердің тізімі қолыма кездейсоқ тиді. Күнделікті сабақ жоспары, жиынтық ба­ғалау, үлгерімі төмен оқушылармен жұ­мыс, пән апталықтары, электрондық жур­нал, жоспар мен қорытынды сарап­та­ма… осылай жалғасып кете береді. Бі­лім және ғылым министрінің мұғалімде тек бес қана құжат болу керек деген тапсырмасы әзірге орындалатын түрі байқалмайды.

“Рухани” жаңғыру тұсында қолға алынған жақсы бастамаларды тиімді пайдаланудың орнына науқаншылдық­қа, даңғазалыққа айналдырып жіберге­ні­міз жасырын емес. Енді осы олқылық­тар­дың орнын толтыру оңайға соқпай­тын тәрізді. Қазақстанның да жоғары да­мыған елдер қатарына қосылып, өрке­ниетке қарай көш түзеуі білім сапасымен тығыз сабақтас. Мектеп – білім мен тәрбиенің ордасы, ұлт ұрпағының білім­ді болуы – ұстаздан десек, оларға артылатын жауапкершілік жүгі қашанда ауыр.

Жомарт РАМАЗАН,

ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp