Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарына тоқталып, алда тұрған ауқымды міндеттерді саралады.
Отырыста Мемлекет басшысының кедейлікпен күрес жөніндегі жоспары күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екенін айтып өту қажет. Өйткені Президентіміз айтқандай елімізде әлеуметтік теңсіздік байқалады. Сондықтан халықтың тұрмысын жақсартуға арналған бағдарлама қажет. Азаматтардың бақуаттылығы және әлеуметтік қамсыздығы мемлекеттің басты назарында болуы керек. “Жұмыс нақты әрі әр азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың әр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет”, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды тапсырды.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Халықтың неғұрлым “әлеуметтік осал топтарын” қолдау жөніндегі шараларды күшейту, кедейлікті азайту жөніндегі белсенді әдістерді дамыту, халықтың нақты кірістерінің өсуі адамдардың көңіліне шуақ ұялатады. Бірақ қоғамда әлеуметтік масылдық үрдісі белең алмауы тиіс. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы азаматтардың тұрмыс деңгейіне тікелей байланысты. Ал халықтың көңіл күйі орнықты, табысы тұрақты әрі жоғары болса, Тәуелсіз елдің ертеңі де жарқын болмақ. Сондықтан қазір мемлекет тарапынан тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру басты міндеттің бірі болып табылады. Алда қабылданатын кешенді бағдарламалар елімізді жаңа табыстарға жетелейтініне сенім зор. Ол үшін ауызбіршілікте өмір сүріп, егемен еліміздің дамуына әрқайсысымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Біз қай салада еңбек етсек те, ең бастысы, Отанымыздың игілігі үшін жұмылуға тиіспіз.
Ринат ЕЛЖАСОВ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы.