«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қуатты іргетас

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздегі ең ауыр кезең еңсерілгенімен, бітеу жараның аузын ашып бергендей болды. Ол жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде ашық мәлімдеді. Халқымызды аяқасты душар еткен ауыр қасіреттің себепетері талданып, салдарына нақты баға берілді. Шынайы ақиқатқа көзімізді жеткізді. Бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдық көріністері қоғамымыздың тұтастығын шайқалтуға бағытталғаны белгілі болды.

Лаңкестер қатыгез пиғылдарын жүзеге асыру үшін әлеуметтік наразылықтар мен кәсіби түрде әзірленген сценарийлерді тиімді пайдалана білген. Осы арада күштік құрылымдар жасырын түрде жүргізілген радикалды шараларды әшкерелеуге неге қауқарсыздық танытқан деген орынды сауал туады. Уәкілетті органдардың бүлдіргі жұмыстарға нақты баға бермегені, тіпті бергісі де келмегені қатты таңғалдырады. Тіпті бірқатар қалада Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды, ондағы қару мен құпия құжаттарды тастап кеткені жаға ұстатады. Мұның өзі әскери, саяси, идеологиялық даярлықтардың әбден кенжелеп қалғанын айғақтаса керек. Сондықтан содырлардың жасырын “ұяшықтары” мен олардың командалық пунктінің қызметі не себепті мемлекеттің назарынан тыс қалғаны бәрімізді ойландыруы тиіс. Президенттің террористер мен олардың бейбіт тұрғындарға қарсы қылмыстарға қатысы бар сыбайластарды түгел тауып, жазалау керек деген талабын қолдаймыз. Өйткені мемлекеттік төңкеріс, елдің тұрақтылығына қол сұғу талпыныстары сәтсіздікке ұшырағанымен, тарих сабағынан қорытынды шығару өте маңызды.

Мемлекет басшысы қираған дүние-мүлікті қысқа мерзімде қалпына келтіру, қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілмеуін болдырмау, азаматтар мен бизнеске қолдау көрсету міндеттерін белгілеп, жаңадан құрылған Үкіметке тапсырмалар жүктеді. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру, құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу сынды стратегиялық міндеттерге айрықша тоқталды. Экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдерді енгізу, бюрократизмді жою, әлеуметтік әділдік мәселесі – күрделі міндеттердің бірі екенін, халықтың ауызбірлігі, Қазақстанның Тәуелсіздігі мен егемен даму идеясына деген шынайы сенімі қоғамды ұйыстыру және елімізді ілгерілету үшін қуатты іргетас болып саналатынын ерекше атап өтті.

Қанат АСҚАРОВ,

облыстық мәслихаттың депутаты, “Ауыл” халықтық-демократиялық партиясының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp