«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлт ұстазы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқының тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің “Кел, балалар, оқылық!” өлеңін жа­ды­на мықтап түймеген оқушы жоқ десем, қате­леспейтін шығармын. Өйткені тарыдай болып мек­теп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің “Әліп­пенің” алғашқы бетін ашқанда білім алуға үндейтін осы жыр шумақтарын жаттап өспегені кемде-кем. Ұлт ұстазы деген теңеуге әбден лайық тұлға сияқ­ты адамзат игілігіне қызмет ету әркімнің маңдайы­на жазыла бермеген. Өз ұлтын шын сүйетіндер ғана бар өмірін халқына жанкештілікпен арнайды. Сондықтан асыл перзенттердің есімі ұлт тарихы­нан өшпейді. Ы.Алтынсарин қараңғылық түнегіне шомылған қазақ халқына білім мен ғылымның нұ­рын шашып, надандықтың тамырына балта ша­уып, әр көкірекке білім нәрін құю арқылы өмірдің ауыртпалығынан, тағдырдың тауқыметінен құтқа­ру­ға қызмет етті. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – “білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” дегендей, өзге­лермен терезесі тең, керегесі кең болуға ынта­лану.

Күміс қоңырау сыңғырымен қалың ұйқы құша­ғына көмілген халқымызды оятып, білім алуға үндеген ұлт ұстазының табандылығы мен қажыр-қайратының арқасында қазақ даласында тұңғыш білім үйі бой көтерді. Орынбор облыстық басқар­масына үзбей хат жаза жүріп, мектеп ашу мәселе­сін шеше білген. 1860 жылы өтініші қанағаттан­ды­рылып, қазақ балалары үшін арнайы мектептер ашуға рұқсат беріледі. 1861 жылы оны Торғай даласына мұғалім етіп жібереді. Осында қазақ ба­лаларын оқытуға құлшына кіріседі. Оған қоса бекі­ніс комендантының аудармашы қызметін де атқа­ра­ды. Жергілікті билік рұқсатын бергенмен, қазақ­тардың мектеп салып, игі істі жалғастырарына кү­мәнмен қарайды. “Артын бағып көрейік, Алтын­сарин не істей алар екен” деген жымысқы ойды сезе отырып, мектеп ғимаратын тұрғызуы – жан­кешті ерлікпен пара-пар. 1864 жылы 13 наурызда Ы.Алтынсарин досы Н.И.Ильминскийге жазған ха­тында былай дейді: “Менің үнемі ұмтылған тілегім қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады”.

Қазақтың даласына білімнің шамшырағын жақ­қан Ыбырай Алтынсарин – балалар әдебиетінің не­гізін салушылардың бірі. Оның шағын әңгімелері ғибратқа, өнегеге толы. Өмірде алмасып келіп отыратын “жамандық пен жақсылық”, “достық пен алауыздық”, “сараңдық пен мәрттік”, “тәкаппарлық пен қарапайымдылық”, “өнер, білім мен надан­дық”, “әділдік пен әділетсіздік” сияқты адам бойы­нан табылатын қасиеттер арқылы ұлттық тәлім-тәрбиеден тамыр үзіп қалмауға үндейді. Татулық­қа, бірлікке шақырады. Бүгінгідей жаһандану дәуі­рінде ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтар­дан ажырап қалу қаупі төніп тұрған тұста ұлы ағар­тушының шығармалары осындай олқылықтардың орнын толтырары сөзсіз. Елімізде жүзеге асыры­лып жатқан “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясын­да өткізілетін оқу сағаттарында оқушыларға Ыбы­рай Алтынсариннің әңгімелері де ұсынылса, құба-құп болар еді. “Асан мен Үсен” шығармасымен қа­зір­гі жеткіншектер жете таныс деп айту қиын. Ав­тор суреттеген оқиға астарында бүгінгі өмірдің де ащы шындығы, қоғамның келеңсіз көрінісі жатыр. Асан секілді тоғышар, рухани әлсіз балалар ара­мызда аз емес. Ата-анасының жұмысбастылығын пайдаланған жеткіншектің айналдыратыны – те­ле­дидар, телміретіні – ғаламтор. “Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын” деген осы! Ата-аналар да “дені саудың жаны сау” деген қа­ғиданы ескере бермейді. Баланы еңбекке, спортқа баулудың орнына жылы-жұмсағын аузына тосып, өбектеп әлек. Мұндайлар өмірдің қиындық­тарымен бетпе-бет келгенде сағы сынып, бейша­ра күйге түседі. Ал Үсен секілді жастайынан еңбек­ке араласып, үй-ішіне қолғабыс қылған балалар өмірден өз орнын таба алары анық. Ұлттық тәр­биенің негізін қалаған жазушының қай әңгімесін алсақ та, өмір шындығымен өзектес.

Ыбырай Алтынсариннің педагогика саласына қосқан үлесі өлшеусіз, теңдессіз екені айтылып та, жазылып та жүр. “Мұғалім – мектептің жүрегі” де­ген бір ауыз сөзінен-ақ ұстаздық қызметтің қадір-қасиеті айғақталып тұр емес пе?!

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp