Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп келеді. Бір тәулікте ауырғандар саны бірден екі есе артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде коронавирустың таралуы және вакцинация барысы туралы баспасөз мәслихаты өтті. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, 11 қаңтар күні облыста 31 адамда коронавирус анықталса, өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың жаңа 59 жағдайы тіркелген. Соның 93 %-ында ауру белгілері болған. Сырқаттанғандардың жартысы – Петропавл тұрғындары.
«Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ел аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Ведомствоаралық комиссия инфекцияның таралуын болдырмау үшін санитариялық-карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, сауда орталықтарына, сауда үйлері мен караокеге тек «жасыл» мәртебесі барларға және «омикрон» штамының тез таралуына байланысты 13 қаңтардан бастап СПА-ға, спорттық-сауықтыру және фитнес-орталықтарына тек «жасыл» мәртебесі бар тұрғындарға кіруге рұқсат беріледі. 15 қаңтардан бастап вакцинация мәртебесіне қарамастан, шетелден келгендердің барлығы ПТР тестінің нәтижесін көрсетуі тиіс», – дейді Арман Күшбасов.
СҚО-да осы күнге дейін 35 162 адамнан коронавирус анықталды. Бүгінде өңір «жасыл» аймақта.
https://www.inform.kz/