«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАШЫЛ ТАЛАПТАР, БІРЕГЕЙ ӨЗГЕРІСТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі жаhандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы мүмкін екені ескеріліп, құзырлы министрлік алдына оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу талабы қойылды. Өйткені жасыратыны жоқ, пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникациялар желі­лерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылар санының артуына соқтырып, білім алуды қажет деп таппайтындар көбейді. 2021 жылы 13 қазанда Президент “Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы” Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде 10 нақты ұлттық жоба анықталды. Соның бірі – 2021-2025 жылдарға арналған “Білімді ұлт” сапалы білім беру” ұлттық жобасы. Аталған жобаға зияткерлік әлеуетті дамыту, қазақ тілінің дамуына жағдай жасау, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу секілді мәселелер де өзек етілген.

“Білімді ұлт” сапалы білім беру” ұлттық жоба­сы 5 тапсырмадан, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады. Бағдарлама Қазақстан Рес­публикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыруға бағыттал­ған. Атап айтқанда, балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасы­ның алшақтығын қысқарту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын құру, басқа да шараларды жүзеге асыру қарастырылған. Жобаның басты мақсаты – барлық білім беру деңгейлерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру. Сондай-ақ жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мемлекеттік бағдарламалармен сабақ­тастығы да ойластырылған.

Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын нығайту. Облыстық білім басқармасы жергілікті атқару­шы органдармен бірлесіп, былтыр 571 мектепке дейінгі балалар мекемелерін ашуға қол жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай “Ойын арқылы оқу” қағидаттарына негізделген үлгілік оқу бағдарламасы қайта қара­лып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды да­мы­тудың тың тәсілдері енгізілді. 3 пен 6 жас ара­лығындағы бүлдіршіндерді қамту – 100, 2 мен 6 жасқа дейінгілерді қамту 86,9 пайыз болды. Биыл 600 мектепке дейінгі ұйымды пайдала­нуға беру белгіленген. Бүлдіршіндердің дайындық деңгейі “ECERS” тәуелсіз бағалау жүйесі арқылы бағаланады.

Екінші міндет – орта білім беру сапасын арт­тыру. Ұлттық жоба аясында қалалық және ауыл­дық мектептер арасындағы оқыту және білім сапасы алшақтығын қысқартудың кешенді шаралары қарастырылып, 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланған. Соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаражат 1,5 есеге өсіп, 2020 жылы 86,7 млрд., ал 2021 жылы 99 млрд. теңгені құрады. Былтырдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыстар қабыл­да­на бастады. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда жүргізіледі. Қазақстан биыл алғаш рет ЭЫДҰ PBTS (PISA-based Test for Schools) зерттеуіне қатысады. Сөз арасын­да былтыр 8 қараша мен 10 желтоқсан аралы­ғында жеке мектеп деңгейінде сыртқы бағалау­ды жүргізуге бағытталған зерттеудің апроба­циялық кезеңі өткенін айта кеткен жөн. Оған рес­публиканың 17 өңірінен 200 білім беру ұйымы қатысты. Зерттеу нәтижелері биыл мамыр-мау­сым айларында жарияланады. Білім бас­қар­масы мен оның қалалық, аудандық бөлім­дері, мектеп директорлары оқушылардың білім деңгейі, әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары, мек­теп климаты, сондай-ақ әрбір оқу сапасына нақты әсер ету факторлары мәселелерін ег­жей-тегжейлі талқылап, оқушылардың білімін­дегі олқылықтарды қалпына келтіру мақсатын­да нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. “Цифрлық мұғалім” жобасы іске асырылып, қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыстар берілді. Былтыр балалардың қо­сымша біліммен қамтылуы 74 пайыз болса, биыл 75,5 пайызды құрамақ.

Үшінші міндет білім ошақтарында қауіпсіз және заманауи білім берудің оңтайлы ахуалын қалыптастыру болып табылады. Орын тапшы­лығын қысқарту үшін 2021-2025 жылдары 16 мектеп салынады. Нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектептер толығымен жойылады. Бұдан бөлек, осы кезеңде 416 мектепте балалардың алаңсыз оқуына барлық қолайлы жағ­дайлар жасалады. Былтыр бұл жүйеге 84 мек­теп көшіріліп, 14 пән кабинеттері сатып алын­ды. Барлық білім үйлері бейнебақылау құрал­да­рымен, сапалы ауызсумен, дәретханалар­мен, қол жууға арналған гигиеналық заттармен қамтамасыз етілген. Өңірде ерекше білім беру қа­жет­тілігі бар балаларға айырықшы көңіл бө­лінген. Бүгінде олардың саны – 4085. 2 мыңнан астам бала инклюзивті болмаса арнайы білім берумен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі бала­ларды сүйемелдеуге арналған 3 психология­лық-педагогикалық коррекция кабинеті, 16 пси­хологиялық-медициналық-педагогикалық ко­мис­сия, “Асыл мирас” аутизм орталығы жұмыс істейді. Екі жылдың ішінде 13 инклюзивті қол­дау кабинеті ашылды. Биылдан бастап мемле­кеттік тапсырыс негізінде мүмкіндігі шектеулі ба­лаларды психологиялық-педагогикалық жағы­нан қолдауды және ерте түзетуді 86,1 пайызға дейін жеткізетін боламыз.

Төртінші міндет – 2025 жылға таман жастар­ды қажетті мамандықтар негізінде қолжетімді, сапалы техникалық және кәсіптік біліммен то­лық қамту. Нәтижесінде NEET санатындағы, яғни не оқымайтын, не жұмыс істемейтін жас­тар­дың үлесі кемиді. 2020-2021 оқу жылы бо­йынша 9-сынып базасында қабылдаумен са­лыс­тырғанда мемлекеттік тапсырыс ұлғайты­лады. Былтыр квота бойынша 3170 түлек тех­никалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылданды. 2020 жылға қарағанда бұл көр­сеткіш 171 адамға артық. “Жас маман” жобасы арқылы 2,5 млрд. теңгеге колледждердің оқу-өн­дірістік шеберханалары, заманауи жабдық­та­луы жақсартылды. 285 серіктес кәсіпорын­дармен бірлесе отырып, 21 колледжде 30 ма­мандық бойынша кадрларды даярлау жү­зеге асырылды.

Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Жоғары оқу орындарының халықаралық беделі мен бәсекеге қарымдылығын жақсартуға ба­ғыт­талған “Академиялық артықшылық орта­лық­тары” жобасын іске асыру жобасы шеңбе­рінде 2025 жылға дейін елімізде 20 академия­лық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны) құрылады. Соған орай мүдделі мемлекеттік органдармен, ЖОО-мен бірлесіп жол картасы, жобаны іске асы­ру ережесі бекітілді. Жоғары оқу орындары­ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оң­тайландыру жөніндегі кеңес “Академиялық ар­тықшылық орталықтарын” құруға арналған жо­ғары оқу орындарының тізбесін бекітті. Назар­баев университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық өңірлік ЖОО құрылатын болады. Оның бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­верситеті. Республикалық бюджет шеңбе­рінде еліміздің 29 жоғары оқу орнына 200 ше­тел­дік сарапшы тартылған. 2022 жылы халық­аралық білім беру бағдарламалары мен шетел­дік әріптестермен академиялық алмасуларды іске асыратын жоғары оқу орындарының үлесі 3 пайызға дейін ұлғаяды. Шетелдік сарапшылар оқытушылық қызметке тартылатын болады.

Мемлекет басшысы бекіткен “Білімді ұлт” са­палы білім беру” ұлттық жобасының басты мақ­саты жас ұрпаққа сапалы білім беруді көздейді. Оны толыққанды іске асыру мектептердің инф­рақұрылымын жақсартуға, жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамта­масыз етуге мүмкіндіктер береді.

Нәзір ЖАШИБЕКОВ,

облыстық білім басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp