Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында жасаған мәлімдемесін тыңдай отырып, Алаш көсемдерінің бірі Ақаңның –Ахмет Байтұрсыновтың “баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады”, – деген адамның тұла-бойын шымырлатар ғаламат сөзі ойыма оралды. Басқа ұлылардың да жүрекжарды пайымдары осыған саяды. Мәселен, “Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту” (әл-Фараби), “Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз” (М.Әуезов). Арманы асқақ, ар-намысы биік, болашағы жарқын, үміті сәулелі, былайша айтқанда, ел болашағын аманаттап тапсыратын, мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастыратын жас буын өкілдеріне жүктелер міндет көп, сенім мол. Алайда “бір қарын майды бір құмалақ шірітеді” демекші, кешегі ел басына ауыр күн туған шақта тепсе темір үзетін, бір-бір отаудың иесі, асыраушысы саналатын, жалындаған жастық оты бойларында атойлаған қазақ жігіттері қайсар мінез, Отанға деген шынайы патриоттық сүйіспеншілік көрсетудің, сарабдал саясат, бекем бірлік ұстанудың орнына ақыл-естен айырылып, бас иесі жоқ тобыр сияқты содырлардың айтағына еруі, халықтың дүние-мүлкін, меншігін күл-талқан етіп қиратуға белсене қатысуы ұлттық-генетикалық тектілігімізден ажырап, жаhандану әлеміне жұтылып бара жатқандай, ойлау жүйеміз “от басы, ошақ қасында” қалғандай көрінді.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың аза бойын қаза қылған лаңкестік оқиғалар мемлекеттік идеология саласында, оның ішінде мектептер бойынша бірқатар ұстанымдарымызды, әсіресе гуманитарлық білім беруімізді қайта қарауға мәжбүрлейді. Өйткені күрмеуі қиын мәселелер жылдар бойы қордаланып, бүгінгі күнге дейін шешілмей келуі, алдымыздан кесе-көлденең шығып отыруы – ащы болса да шындық. Былтыр бір ғасырлық мерейтойы аталып өткен ардақты басылымның тұрақты оқырманы ретінде кейбіріне тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін білім екенінде дау жоқ. Президент айтқандай, білім – адам капиталына, еліміздің болашағына салынатын стратегиялық инвестиция. Өкінішке қарай, мектептер әлі күнге дейін тек білім берумен ғана әуестеніп, тәрбие ісін көзден таса қалдырып жүрген сияқты. Өзім саналы ғұмырымды ұстаздыққа арнағандықтан, бұл саланың қиындықтары мен проблемаларын бір кісідей білемін. Алдымен айтарым, озық бағдарлама ретінде қабылданған жаңартылған білім беру мазмұнының заты түгіл атын білмейтін мұғалімдер кездеседі. Олар кеңестік кезде қалыптасқан білім берудің жаттанды, таптаурын әдістеріне әуес. Себебі өздігінен ізденбейді, білімі мен біліктілігі бүгінгі уақыт талабына сай келмегендіктен, осындай “оңай жолға” бейімделіп алған. Менің ойымша, мұғалім мен оқушы арасындағы сұрақ-жауап үрдісінен бас тартып, кітаптағыны жаттап алуға мәжбүрлемей, өз бетімен ізденуге, ойын еркін жеткізуге, ақпаратты іздеп табуға барынша мүмкіндік жасаған жөн. Екіншіден, балалар мен жасөспірімдердің дені ғаламторға шырмауықша шырматылып, арбауынан шыға алмай жүр. Әрине, озық технологияның қажеттігін, орасан игіліктерін жоққа шығарудан аулақпыз. Үлкендердің талабы аздығынан, бақылау жоқтығынан күн-түн демей компьютерге жабысып отыруы – еш жараспайтын қылық. Нешетүрлі зорлық-зомбылықтарды, қылмыстарды көргеннен кейін оған ойы да, бойы да үйреніп алады. Сабаққа деген ынтасы азаяды, үлгерімі нашарлайды. Болмашы нәрселерді сылтауратып мектепке бармай қалады. Оның ақыры Алматыдағыдай зор дүмпу туғызған қылмыстық қадамдарға ұрындыруы мүмкін. “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керектігін, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауып әкелетінін” ұғынатын мезгіл әлдеқашан жетті. Үшіншіден, әр пән бойынша бірнеше оқулық қатар қолданылады. Оқу жылы басталғанда ата-аналар қайсысын аларын білмей әбден сандалады. Мазмұны, сапалы шығарылуы жағынан да сындар аз айтылмайды. “Бастауыш сыныптарда математика тапсырмасы қиын. Қазақ тіліндегі жаттығулар өте күрделі әрі шұбалаңқы” деген реніштерді ұстаздардың аузынан талай естідік. Маңызды мәселенің бірі – басы артық пәндердің көптігінде. Таңдау бойынша оқытылсын деген ұсыныстар қанша айтылса да, ескерілмей келеді. Біздіңше, білім берудің үлгілік оқу жоспары, оқу бағдарламасы, мемлекеттік стандарты қайта қаралып, маңызды деген пәндердің ғана қалғаны дұрыс. “Педагогикалық жұмыс нормасы 18 сағаттан 16 сағатқа азайтылды. Бұл құптарлық. Дегенмен үйге берілетін тапсырмаларды есептемегенде орта мектеп оқушылары аптасына 39 сағат оқиды. Мұғалімдер 40 сағат жұмыс істейді. Рухани тәрбие мәселелері, жалпы адамзат құндылықтары барлық пәндерде қарастырылған. Сондықтан “Өзін-өзі тану” пәнін оқу бағдарламасынан алып тастаса да болады. Соншалықты маңызды емес басқа да пәндер бар”, – дейді мұғалім Гүлбағда. Бір сөзбен айтқанда, оқу бағдарламасының қысқартылған нұсқасы керек-ақ. Тағы бір қосарым, ұстаздарға шамадан артық жүктеме, қағазбастылық әлі де аз емес. Осыған тоқтам салмаса болмайды.
Бірде мұғалімдерге жүктелетін міндеттердің тізімі қолыма кездейсоқ тиді. Күнделікті сабақ жоспары, жиынтық бағалау, үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс, пән апталықтары, электрондық журнал, жоспар мен қорытынды сараптама… осылай жалғасып кете береді. Білім және ғылым министрінің мұғалімде тек бес қана құжат болу керек деген тапсырмасы әзірге орындалатын түрі байқалмайды.
“Рухани” жаңғыру тұсында қолға алынған жақсы бастамаларды тиімді пайдаланудың орнына науқаншылдыққа, даңғазалыққа айналдырып жібергеніміз жасырын емес. Енді осы олқылықтардың орнын толтыру оңайға соқпайтын тәрізді. Қазақстанның да жоғары дамыған елдер қатарына қосылып, өркениетке қарай көш түзеуі білім сапасымен тығыз сабақтас. Мектеп – білім мен тәрбиенің ордасы, ұлт ұрпағының білімді болуы – ұстаздан десек, оларға артылатын жауапкершілік жүгі қашанда ауыр.
Жомарт РАМАЗАН,
ардагер ұстаз.